Түркістан облысы Сарығаш ауданында отшашудан екі бала жарақат алды, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Бұл туралы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
– Жасөспірімдер пиротехникалық бұйымдарды ересектердің бақылауынсыз қолданып, салдарынан әртүрлі дәрежеде жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Қазір олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ, қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Осыған байланысты облыстық Төтенше жағдайлар департаменті ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне бейжай қарамауға шақырады.
Пиротехникалық бұйымдарды балалар мен жасөспірімдер пайдалануына қатаң тыйым салынады. Отшашу тек ересектердің қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып қолданылады. Оларды адам көп жиналатын орында және тұрғын үйдің маңында қолдануға тыйым салынады. Қауіпсіздік жағдайларын елемеу қайғылы жайттарға немесе ауыр жарақаттарға алып келуі мүмкін, – деді Түркістан облысы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Жасұлан Айнабек.
Бұған дейін, отшашу атқандарға қанша айыппұл салынатыны жайында жазған болатынбыз. Мәселен, егер тиісті емес жерлерде отшашу пайдаланса, ӘҚБтК-нің 436-бабы бойынша заттары тәркіленіп, 20 айлық есептік көрсеткіш, яғни 78 640 теңге айыппұл салынады.