Жақында Астанада түркі халықтарының тарихын, тілдерін, әдебиеті мен мәдениетін зерттеуге бағытталған халықаралық ғылыми ұйым – Түркі академиясының 15 жылдығына, сондай-ақ ЮНЕСКО бекіткен Дүниежүзі Түркі тілдері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.
Түркі академиясына – 15 жыл
Түркі Академиясы (фото)
196
оқылды

Мерейтойлық жиын барысында Түркі академиясының соңғы он бес жыл ішінде жариялаған ғылыми еңбектерінің көрмесі ұйымдастырылып, экспозицияда негізгі бірлескен зерттеулер, монографиялар мен ғылыми сериялар ұсынылып, академияның басты ғылыми бағыттары көрсетілді. Басқосуға Парламент депутаттары, Түркі әлемі елдерінің елшілері мен дипломатиялық миссия өкілдері, халықаралық түркі ұйымдарының өкілдері, мемлекеттік органдар мен жетекші университеттердің, кітапханалар мен музейлердің басшылары және көрнекті ғалымдар қатысты. 

Түркі академиясының президенті Шаһин Мұстафаев соңғы он бес жыл ішінде Түркі академиясы түркі кеңістігіндегі бірегей ғылыми мекемеге айналып, ғылыми ынтымақтастықты дамытуға, ортақ тарихи-мәдени мұраны зерттеу мен түркі мемлекеттерінің интеллектуалды интеграциясын нығайтуға айрықша үлес қосып келе жатқанына назар аударды.

– Академия жанында тарих, археология, этнография, әдебиет, тіл білімі, терминология, өнер және әлеуметтік-экономикалық бағыттар бойынша іргелі жобалар жүзеге асырылуда. Моңғолиядағы Номғон, Қазақстандағы Жанкент қалашығы мен Маңғыстау облысындағы археологиялық қазбалар нәтижесі ғылыми қауымдастыққа кеңінен таныстырылды. Былтыр академияның ұйытқы болуымен ортақ түркі әліпбиі қабылданды, сондай-ақ Мемлекет басшыларының тапсырмасымен «Түркі елдерінің тарихы» академиялық монографиясы дайындалуда, – деді академия басшысы.

Шаһин Мұстафаев академияның ғылым мен білім саласындағы интеграцияны дамытуға арналған бастамаларына тоқталып, академиялық алмасу бағдарламалары, Түркі университеттері одағы – TURKUNIB және ORHUN жобасы арқылы ортақ ғылыми және интеллектуалды кеңістік қалыптасып жатқанын атап өтті. Ол сондай-ақ алдағы уақытта академияның ғылыми дипломатияны кеңейту мақсатында түркі мемлекеттері арасындағы мәдени және академиялық ынтымақтастықты нығайту жолында белсенді қызмет атқара беретінін жеткізді.

Ресми қабылдаудың қорытынды бөлімін түркі елдерінің музыкалық дәстүрлерін паш еткен концерттік бағдарлама толықтырды.

Сымбат БЕГІМБАЙ