Президенттің сапалы дамуды қамтамасыз ету және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде ел экономикасы өсу қарқынын көрсетіп отыр.
Негізгі драйверлер өсімі 7,3%-дан 7,4%-ға дейін жеделдеген өнеркәсіп пен 6,1%-ға ілгерілеген ауыл шаруашылығы болды. Тұрақты дамуды нақты экономиканың басқа секторлары да көрсеткен. Атап айтқанда, көлік саласы 20,3%-ға, құрылыс 14,7%-ға өсті, ал сауда 8,8%-ға артты.
«Экономика сыртқы жағдайларға бейімделіп, тұрақты даму жолына түсті. Біз базалық салаларда жеделдеу барын көріп отырмыз, бұл әлеуметтік міндеттемелерді орындау және ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру үшін берік негіз қалайды», – деді Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.
Президенттің экономиканы әртараптандыру және отандық өндірісті дамыту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру айтарлықтай нәтиже берді.
11 айдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібі 5,9% жалпы өсім көрсетті. Кіші салаларға бөлгенде машина жасау секторы сөзсіз көшбасшы болып отыр, онда өндіріс көлемі 11,6%-ға өсті. Басқа да негізгі секторларда оң динамика бар: азық-түлік өндірісі 8,7%-ға, химия өнеркәсібі 8,1%-ға, ал мұнай өңдеу 6,5%-ға өсті.
«Бұл салалардағы инвестициялар мен өндірістің өсуі ауқымды мемлекеттік қолдаумен тікелей байланысты. Тек «Бәйтерек» холдингі тарапының өзінен осы кезеңде басым бағыттарды қаржыландыру көлемі 8 трлн теңгеден асты», – деп атап өтті Серік Жұманғарин.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет ішкі нарықты сапалы өнімдермен толтыру бойынша жүйелі жұмыстарды жалғастыруда. Жылдың басты жетістігі екінші жыл қатарынан рекордтық астық жиналғаны – ол шамамен 27 млн тонна. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.
Жалпы, 11 айда агроөнеркәсіп кешені 6,1% өсім көрсетті. Негізгі үлес егін шаруашылығында (+7,6%), ал мал шаруашылығы 3,5%-ға өсті. Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар сүт (+5%), ет (+3%) және жұмыртқа (+1,5%) сынды өнімдердің де өндірісі артты. Өсу көшін Ақмола (15,7%), Қостанай (15,4%) және Солтүстік Қазақстан (10,5%) облыстары бастап тұр.
Айбике ЖАНАСЫЛ