Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдары елімізде электр энергиясын өндіруі артқанын айтты, – деп хабарлады Аikyn.kz сайты Akorda-ға сілтеме жасап.
Президент қазір осы бағытта атқарылып жатқан нақты жұмыстарға тоқталды.
– Cоңғы алты жылда электр энергиясын өндіру 16 миллиард киловатт-сағатқа артты. Бұл Қарағанды облысы сияқты өндірісі өркендеген аймақтың бір жылдағы қуат тұтыну көлемімен бірдей. Қазіргі кезде Қазақстанның электр энергетикасы жүйесіне жалпы қуаты 25 гигаваттан асатын 237 электр стансасы кіреді. Ал іс жүзінде қолданыстағы жалпы қуат көлемі – 21 гигаватт. Мемлекет жүргізіп отырған жүйелі шаралардың арқасында энергия нысандары мен инженерлік-коммуналдық желілердің орнықтылығы айтарлықтай күшейді. Өткен жылғы жылыту маусымында технологиялық ақаулар 27 пайызға қысқарды. Тоғыз жылу электр орталығы тәуекелдің «қызыл» аймағынан шықты, ал үш станса «жасыл» аймаққа өтті, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, бүгін Ақордада Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Жұмысшы мамандықтары жылы аясында еңбек адамдарына құрметі ретінде энергетика саласы мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтады.