Осы тұрғыдан алғанда, қазақ халқы отыз төрт жыл ішінде біршама жағымды өзгерісті бастан кешті. Біз Тәуелсіздік күні қарсаңында белгілі тарихшы, профессор Мәмбет Қойгелдімен тәуелсіздік жылдарда болған сандық және сапалық өзгерістер, ұлттық санадағы трансформация, тарихи жауапкершілік, экономикалық дербестік және т.б өзекті тақырыптар турасында сүбелі сұхбат құрған едік.
– Мәмбет Құлжабайұлы, қазақ қоғамы үшін «тәуелсіздік» ұғымының мазмұны уақыт өте қалай өзгерді? Бүгінгі ұрпақ сол қасиетті ұғымды сезіне ме?
– Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейінгі отыз төрт жыл халқымыз үшін аса маңызды кезең болды. Бұл уақыт Қазақстан қоғамына сапалық та, сандық та тұрғыдан өзгеруге мүмкіндік берген тарихи белес деп айтуға болады. Алайда осы тұста бұл мүмкіндікті біз толық әрі дұрыс пайдалана алдық па деген заңды сауал туындайды. Бұл – халыққа ғана емес, билікке де тікелей қатысы бар мәселе. Өйткені билікке қандай жүк артылса, халыққа да сондай салмақ түседі.
Қазақ халқының санасы ХХ ғасырда терең әрі жағымсыз өзгерістерге ұшыраған. Мұны түсінуге болады, себебі мемлекеттілігінен айырылған кез келген халықтың санасы қорғансыз күйге түседі. Мемлекеттілік – халықтың қорғаны. Ал сол қорғанынан айырылған ұлттың санасы сыртқы ықпалға бейімделуге мәжбүр. Егер бейімделуге қарсылық көрсетсе, онда күшпен, зорлық-зомбылық арқылы көндіреді. Біз дәл осындай ауыр кезеңді ХХ ғасырда бастан өткердік. Сол тұста билік халықтың түпнұсқалық мәдениетін өзгертіп, оны көшірме мәдениетке айналдыруға тырысты. Өйткені мұндай қоғамды басқару әлдеқайда жеңіл еді. Бұл – саналы түрде көзделген саясат болатын. ХХ ғасырдың басында қазақтың саяси өміріне белгілі бір деңгейде араласқан ерекше тұлғалардың бірі – Тимофей Иванович Седельников. Ол – Орынбор казагы. Өзі мінезді, ұстанымы берік адам болған. Орынбор казактарының атынан Ресейдің І Мемлекеттік думасына депутат болып сайланып, сол мінберден қазақ жерін қорғап сөз сөйлеген. Ол Мемлекеттік думада патша үкіметінен қазақ жерін отарлауды тоқтатуды талап етіп, Ресейдің отаршыл саясатын ашық сынайтын баяндамалар жасаған. Осы ұстанымы үшін 1905 жылы қызметінен қуылды. Алайда Седельников мұнымен тоқтап қалған жоқ. Кеңес үкіметі орнағаннан кейін, 1920 жылы ол Лениннің өзіне хат жазды. Хатында большевиктердің Қазақстанда «орыс бонапартизмін» орнатып отырғанын ашық сынға алды. Бұл «мен келдім, мен жаңа тәртіп орнатамын, сен маған бағынасың» деген өктем, отаршыл мінездің көрінісі еді. Седельников Ленинге: «Қазақстаннан мына «наполеондарыңызды» алып кетіңіз. Егер әкетпесеңіз, бұл жерде Кеңес үкіметінің болашағы күмәнді», – деп ескерткен. Бұл оның көреген, сұңғыла саясаткер болғанын аңғартады. Соған қарамастан, 1920 жылы Қазақстандағы большевиктер Седельниковті қысымға алып, ақыры елден кетірді. Ол Эстонияға қызметке ауыстырылды. Хаттарының бірінде Седельников қазақ халқы туралы мынадай бір аса мәнді пікір айтады. Оның жазуынша, қазақтар орта ғасырларда тәуелсіз, ат үстінде еркін жүрген, біреуді бағындырмаса, өзі ешкімге бағынбайтын сері халық болған. Ал патша үкіметі сол халықтың астындағы атын, қолындағы қаруын тартып алды. Соның салдарынан, Седельниковтің бейнелі теңеуімен айтқанда, «бұл халық қатынға айналды (обабился)». Патша үкіметінен кейін орнаған Кеңес үкіметі де отаршыл саясат тұрғысынан кем түскен жоқ. Олар халықтың санасын түбегейлі өзгертуге күш салды. Қазаққа: «Сенің тарихың жоқ, мәдениетің төмен, өзің көшпелі, экономикаң әлсіз халықсың. Сондықтан сендер біз көрсеткен жолмен жүрулерің керек» деген талап қойды. Нәтижесінде, халық жалтақ, қорқақ, жетекшіл халыққа айналды. Осындай ұзақ жылдарға созылған саясат пен идеология ұлттың мінезін өзгертті.
Тәуелсіздік алғаннан кейін биліктің алдында тұрған ең басты міндет – халықты осындай ауыр рухани күйзелістен алып шығу еді. Қоғамды жаңа сапаға көшіру, халық мінезінің жағымды тұрғыдан өзгеруіне жағдай жасау қажет болды. Бұл – аса маңызды тарихи жауапкершілік. Италияның белгілі мемлекет қайраткері д'Адзельоның бір сөзі бар: «Біз Италия мемлекетін құрдық, енді Италия халқын жасауымыз қажет». Дәл осы міндет бүгінде біздің биліктің де иығында тұр. Яғни, жалтақ, қорқақ, ергіш халықтан еркін, батыл, ержүрек, жасампаз ұлт қалыптастыру билікке тікелей байланысты процесс. Француз ойшылы Жан-Жак Руссо билікке байланысты мынадай ой айтқан: «Биліктің жағымды немесе жағымсыз қызметінің басты өлшемі – халықтың сан және сапа жағынан өсуі немесе кеміп кетуі». Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанда тәуелсіздік жылдарында бірқатар жағымды өзгеріс болды. Адам табиғаты жағымды өзгерістерге, жақсылыққа тез үйренгіш келеді, кейде сол оң өзгерістерді сезбей, бағаламай қалатынымыз да рас. Биліктің жағымды не жағымсыз қызметіне байланысты тарихи факт келтірейін. Мәселен, 1925 жылы билікке Голощекин келген уақытта қазақ халқының республика құрамындағы үлес салмағы 59-60 пайыз шамасында болған еді. Ал ол биліктен кеткен 1933 жылы халық саны күрт кеміп, қазақтардың үштен бірі ғана аман қалды. 1959 жылғы халық санағы бойынша қазақтардың үлесі 60 пайыздан 29 пайызға дейін құлдырады. 1920-1930 жылдардағы кеңестік биліктің қандай сипатта болғанын осыдан-ақ бағамдай беруге болады. Сол кезеңдегі биліктің қазақ жеріндегі қызметінің нәтижесін осы сандар айқайлап айтып тұр.
Тарихта Оразалы Жандосов деген тұлға болған. Ол – Ораз Жандосовтың інісі, дарынды геолог, репрессия құрбаны. 1930 жылы тергеу кезінде ол бір маңызды ой айтады: «Қазақ халқының білімге, оқуға деген құштарлығы ерекше. Айналаға қараңызшы, мұндай құштарлық басқа халықтарда бар ма?» дейді. Қазақ жастарының білімге деген ынта-жігерін ерекше атап өтеді. Байқағаным, тәуелсіздік жылдарында да бұл құштарлық артпаса, төмендеген жоқ. Қазақ жастарының білімге деген талпынысы әлі де жоғары. Білім үшін ең маңызды құндылық – сан емес, сапа. Өкінішке қарай, біз соңғы отыз жылда, әсіресе, жоғары оқу орындарындағы білім сапасын әлсіретіп алдық. Бұл – өте қымбатқа түскен кемшін тұс. Соның салдарынан жастардың біразы мұхит асып, шетелге ат басын бұра бастады. Мұндай құбылыс социалистік кезеңнен шыққан көптеген елдің білім жүйесінде байқалады. Дегенмен, бұл жағдайға тоқтау салуымыз қажет. Оны жүзеге асыру үшін жас мамандарға жағдай жасау, лайықты қызмет пен еңбекақы ұсыну маңызды. Батыста білім алған, сапалы даярлықтан өткен жастар елімізде аз емес. Соларды іріктеп, қоғам мен ұлт игілігіне пайдалану – аса маңызды міндет. Осы тұрғыдан алғанда, алда атқарар шаруа әлі де көп.
Қазақстанға архив саласында революция жетті
– Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстанда құпия архивтер мен құжаттар қолжетімді бола бастады. Мұндай құнды мұралар тарихи шындықты ашуға біршама мүмкіндік бергені рас. Алайда архивтер ашылғанымен, тарихи әділдік толық орнады деп айта аламыз ба?
– 2020 жылы Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев репрессия құрбандарын толық ақтау туралы қаулыға қол қойды. Бұл – тарихи маңызы зор, аса пайдалы шешім болды. Осының нәтижесінде, Қазақстанға архив саласында революция жетті деп айтуға болады. Соның бір дәлелі ретінде менің жетекшілігіммен «Алаш ісі» атты екі томдық жинақ жарық көрді. Бұл – 1920-1930 жылдары ОГПУ жүргізген жасанды тергеу ісінің құжаттары мен материалдарынан тұратын жинақ. Аталған екі томдықта Қазақстанда басталып, Мәскеуде аяқталған Алаш зиялыларына қатысты сот процестерінің материалдары жарияланды. 2023 жылы бұдан бөлек «Алашорда ісі» деген он екі томдық құжаттар жинағын шығардық. Сондай-ақ Мемлекеттік комиссия жұмысының нәтижесінде репрессияға байланысты жетпіс томнан астам материалдар жинағы жарық көрді. Бұл ауқымды іске Алматы, Астана, Шымкент және өзге де облыс орталықтарындағы жоғары оқу орындарында еңбек ететін тарихшы мамандар тартылды. Репрессияға қатысты құжаттық материалдардың ең маңызды деген үлгілері осы көптомдықта жарық көрді. Архив революциясы тарихи зерттеудің үлкен базалық негізі жасалды дегенді білдіреді. Сонымен бірге тарихты оқытудың да ғылыми іргетасы қаланды. Бұл жұмыс қазірге дейін жалғасын тауып келе жатыр.
Ал архивтер ашылған соң тарихи әділдік толық орнады ма деген мәселеге келсек, бұл сауалыңыз өте орынды. Мен тарихшы ретінде Алаш қозғалысы мен репрессия материалдарын зерттеумен отыз бес жылға жуық уақыт бойы айналысып келемін. Бізде әлі де тарихи құжаттарға қатысты атқарылмаған шаруалар бар. Репрессия материалдары – жай ғана архив деректері емес, ол біздің өткеніміз бен бүгінімізге, болашағымызға тікелей қатысы бар аса маңызды құжаттар.
Ағылшын жазушысы Джордж Оруэллдің «1984» романында: «Кім өткенді басқарса, сол болашақты да иеленеді» деген ой айтылады. Бұл сөздің астарында үлкен шындық бар. Яғни, бүгін билікте отырған күш өткен тарихты да өз қалауынша түсіндіруге ұмтылады. Репрессия материалдарының сексен жыл бойы жабық архив қорларында сақталуы да – соның айқын дәлелі. Неліктен бұл құжаттар осыншама уақыт құпия күйінде сақталды деген сұрақ туындайды. Оның жауабы біреу. Бұл – оның артында қылмыс бар деген сөз. Кеңес үкіметі қазақ халқына қарсы жасаған қылмысын жасырып ұстады. Өйткені Кеңес үкіметінің сол қылмысқа қатысы бар, олар бұл үшін жауап беруге тиіс. Тәуелсіздік жылдарында біз кеңестік биліктің қазақ халқына жасаған қиянатына ресми саяси баға беруіміз керек еді. Біз Кеңес үкіметінің қызметін ашық таразылап, тарихи тұрғыдан бағалауымыз тиіс. Себебі бұл саясаттың салдарынан адам өлімі болды, халық қырылды. Бір емес, бірнеше буын, ұлттық саяси элита репрессияға ұшырады. Қазақ халқының болашағы үшін күрескен тұлғалар жазаланды, олардың отбасы ойран болып, ұрпақтарына дейін қиянат жасалды. Бұл мәселеге Парламент арқылы ресми саяси баға берілуі қажет. Мұндай баға о дүниелік болғандар үшін емес, ұлттың болашағы үшін, жас ұрпақ мұндай трагедияның қайталануына жол бермеуі үшін қажет. Еврей халқында: «Біз өткен өміріміздегі жақсылықты да, жамандықты да ұмытпаймыз», – деген терең мағыналы сөз бар. Дәл осы сөзді біз де айтуымыз тиіс. Егер біз мұны ашық айтпасақ, онда сырттағы «достарымыз»: «Біз сендерге жақсылық жасадық, сендерді ел қылдық, осындай деңгейге жеткіздік» деген уәждерін алға тарта береді. Оған жол бермеу үшін саяси баға қажет.
Халық жадында тарихи тұлғалар ешқашан ұмытылмайды. Мысалы, Ұлы Отан соғысынан кейін қазақ балаларына Бауыржан есімін жиі қоя бастады. Өйткені Бауыржан Момышұлы сол кезеңде ұлт батыры, халық қаһарманы болды. Байқап қарасам, тәуелсіздік жылдарында Әлихан есімі кең тарала бастапты. Бұл халқымыздың ірі саяси қозғалыстың басшысы болған Әлихан Бөкейханды ұмытпағанының белгісі. Қазақ халқын жаңа сапаға шығаруды мақсат еткен қозғалыс халық жадында сақталып отыр. Осы орайда ХХ ғасырдың басындағы Алаш қозғалысына қайта оралуымыз керек. Шын мәнінде, Алаш қозғалысы қандай қозғалыс еді? Өкінішке қарай, оның атауы мен мазмұны метрополия мен кеңестік идеологияның бұрмалауына ұшырады. Кеңестік идеология кез келген ұғымға өз қалауынша мағына берді, бізбен санасқан жоқ. Алаш қозғалысын «интеллигенцияның тар шеңбердегі әрекеті» ретінде көрсетуге тырысты. Біз әлі күнге дейін Алаш қозғалысы туралы естіген уақытта зиялылардың күресін, ХХ ғасырдың басындағы қазақ оқығандарының қызметін көзімізге елестетеміз. Ал, шын мәнінде, Алаш қозғалысы – қазақ халқының саяси және мемлекеттік тәуелсіздігі үшін күрескен ұлт-азаттық қозғалысы болатын. Бұл ұғым білім жүйесіндегі оқу бағдарламасына енгізіліп, тіпті осыған байланысты арнайы саяси құжат қабылдануы қажет еді. Осы күнге дейін Әлихан Бөкейханның қызметіне ресми саяси баға берілген жоқ. Алаш қозғалысына қатысқан тұлғаларды толық ақтау үшін, ең алдымен, қозғалыстың бастаушы тұлғасы ретінде Әлихан Бөкейханның тарихи қызметіне саяси баға беруіміз орынды болмақ еді. Алайда біз мұны әлі жасаған жоқпыз. Дәл осындай екіұдай көзқарас Мұстафа Шоқай тұлғасына қатысты да байқалады. Кеңестік идеология Мұстафа Шоқай есіміне әдейі бөтен, теріс мағына жүктеп кетті. Өкінішке қарай, біз әлі күнге дейін сол кеңестік идеология қалыптастырған түсініктің шеңберінен әрі аса алмай отырмыз. Мұстафа Шоқай – ХХ ғасырда Түркістан мен Қазақстандағы кеңестік биліктің табиғатын дер кезінде, дәл әрі батыл бағалаған бірегей тұлға. Оның тарихи салмағын сол дәуірдің өзінде-ақ Еуропадағы саяси элита жақсы түсінген. Мәселен, украин эмиграциялық үкіметін басқарған Александр Шульгин есімді саяси қайраткер бар. Мұстафа Шоқай дүниеден өткен соң шамамен 1942 жылы Парижде оның идеялас серіктері ас бергенде, Шульгин арнайы баяндамамен сөз сөйлейді. Сөзінде ол: «Мұстафа Шоқайдың өлімі – оның Отаны, Түркістан үшін катастрофамен тең» деп баға берген. Бұл – жай эмоциялық сөз емес, тарихи тұрғыдан дәл берілген баға. Неге десеңіз, Мұстафа Шоқай Еуропа кеңістігінде Кеңес үкіметінің Түркістан мен Қазақстандағы шынайы сипатын ашық әрі жүйелі түрде әшкерелеген тұлға болды. Оның еңбектері, түрлі халықаралық мінберлерде жасаған баяндамалары, әсіресе, «Жас Түркістан» журналы арқылы жарияланған мақалалары кеңестік биліктің отаршыл мәнін егжей-тегжейлі талдаған терең саяси анализдер еді. Түркістандағы кеңестік саясаттың бағыты, мақсаты, салдары туралы уақытында әрі толық жауап берген тұлға да дәл осы Мұстафа Шоқай болатын. Шоқайдың көрегендігі мен тарихи данышпандығы оның идеяларынан айқын көрінеді. Ол Түркістан халқы, соның ішінде қазақ халқы болашақта өз жерін, ұлт ретінде өзін сақтап қалуы үшін бірікпесе болмайтынын ескертті. Оның пайымынша, Түркістан кеңістігіне көз тігетін күштер шығыста да, батыста да жеткілікті. Сондықтан бұл өңірдің халқы этнос ретінде, саяси субъект ретінде өзін сақтау үшін жұдырықтай жұмылып, ортақ мүдде жолында әрекет етуге тиіс. Әйтпесе, болашағы күмәнді болатынын ашық айтты. Бүгінгі геосаяси жағдайды ескерсек, бұл сөз өзінің өміршеңдігін толық дәлелдеп отыр. Осы арқылы біз Мұстафа Шоқайдың ұлы тұлғалық деңгейін, тарихи ойының тереңдігін айқын сезінеміз. Оның идеялары уақыт өткен сайын өзектілігін жоғалтқан жоқ, керісінше, мәні арта түсті. Сонымен бірге кеңестік жүйенің қатыгездігін көрсететін бір жайт бар: «Шоқаймен байланысы бар» деген жаламен қаншама адам репрессияға ұшырады, атылды, асылды. Бұл Мұстафа Шоқай есімінің өзі кеңестік билік үшін қаншалықты қауіпті болғанын көрсетеді. Осыған қарамастан, Мұстафа Шоқайдың қызметіне ресми саяси баға берілген жоқ. Оның кім екеніне қатысты күмән мен күмілжу әлі де бар. Шындап келгенде, бұл – санамызда қалдырған кеңестік идеологияның салдары. Мұндай күмән сол идеологияның шеңберінен шыға алмай келе жатқан көзқарастардан туындайды. Өкінішке қарай, олардың қатарында тарихшылар да бар.
Егер біз болашағымызды, ертеңімізді ойласақ, қоғам санасын өткеннің жалған схемалары мен өзге біреулер ұсынған концепциялардан арылтуымыз тиіс. Біз өз тарихымыздан, салт-дәстүрімізден, ұлттық мүддемізден бастау алатын идеяларға сүйенуіміз қажет. Сол идеяларды сақтау, қорғау – ұлттық қауіпсіздік пен тәуелсіз болашақтың басты шарты болып қала береді.
– Кеңестік кезеңде бұрмаланған немесе назардан тыс қалған тұлғаларды зерттеу неліктен маңызды?
– Тұлғатану мәселесі – қазіргі Қазақстан үшін аса маңызды. Бұл процесс арқылы халықтың тарихи жадын, ұлтымыздың өткен жолын жаңғыртып, жаңа сапаға көтеру мүмкіндігі туады. Ұмыт болған тұлғаларды қайтадан тарих сахнасына шығару, олардың өмірбаянын зерттеп, толыққанды баяндау – сол тұлғаны қайта тірілтумен тең. Тұлға арқылы ұлттың қандай жолдан өткенін түйсінуге болады. Өйткені белсенді тұлға өз дәуірінің проблемаларын, ұстанымдарын, күресін өз қызметі арқылы айшықтайды. Сондықтан тұлғатану дегеніміз – ұлттың тарихи жолын түсіну, оның даму бағыттарын тану деген сөз. Қазіргі уақытта осы бағытта көптеген жұмыс атқарылып жатыр. Мысалы, биыл Міржақып Дулатовтың 140 жылдық мерейтойы өтті. Осыған байланысты Қостанайда ұйымдастырылған іс-шараларға қатысып, халықтың, әсіресе жастардың қызығушылығының жоғары екенін байқадым. Бұрын кеңестік идеология оны «нөмірі бірінші ұлтшыл» деп атаған, расында ол ұлт тарихында ерекше орны бар тұлға. Сонымен қатар Смағұл Сәдуақасов сияқты тұлғалар да ұлт тарихында ерекше орын алады. Бірақ әлі де болса олардың қызметі халыққа толық жетіп үлгерген жоқ. Біз Міржақып Дулатовты, Смағұл Сәдуақасовты, Тұрар Рысқұловты, Ғазымбек Бірімжановты, Мырзағазы Есполовты, Халел Ғаббасовты, Хайретдин Болғанбаевты және басқа да алаштық қайраткерлерді дұрыс бағаламасақ, олардың еңбегі ұрпаққа толық жетпейді. Кезінде Адам Мицкевич отарлық езгіге қарсы бірге көтерілген серіктеріне байланысты: «О, Алла Тағалам! Егер мен оларды ұмытсам, онда сен мені ұмыт!», – деген ойды айтқан. Бұл – азаматтық ұстанымның биік үлгісі. Сол сияқты біз өз тарихымыздағы тұлғаларды ұмытпай, олардың қызметін жас ұрпаққа жеткізуге міндеттіміз. Отан үшін күрес әлі аяқталған жоқ, ал халықаралық жағдайдың болашақта шиеленісе түсуі әбден мүмкін. Сондықтан аға буын ретінде біз мойнымыздағы тарихи жауапкершілікті толық түсініп, өз ұстанымымызды айқындауымыз тиіс.
– Тұлғаларды түгендегеннің жөні осы деп біраз жұрт өз ата-бабасын ұлықтап кеткен жоқ па? Мұндай құбылыс тарих ғылымы үшін зиян емес пе?
– Тарихқа деген ұмтылыс – соңғы отыз жылда ел ішінде қалыптасып келе жатқан жақсы үрдіс. Бұл құлшынысты қолдау керек. Алайда, мұндай процесс әрдайым әділ жолмен жүре бермейді. Оның ішінде кейде жөнсіз, негізсіз әрекеттер де байқалмақ. Мысалы, «қолдан батыр жасау», әулет немесе ата-бабаны жөнсіз ұлықтау сияқты жағдайлар тарих үшін зиян. Ата-бабаңды құрметтеу маңызды, бірақ біржақты және ғылыми тұрғыда негізсіз дәріптеу қауіпті. Ұлттық мәдениет пен қоғамдық санаға әсер ететін бұл мәселені шешу үшін ғылыми тарихқа қамқорлық қажет. Кейінгі жылдары мемлекет тарих саласындағы ғылыми зерттеулерге назар аударып, қаржы бөліп келеді. Бірақ мұнда бір үлкен кемшілік бар. Гранттық және мемлекеттік қаржы негізінде атқарылған жұмыстың сапасы дұрыс бағаланбайды. Жобалардың нәтижесі қатал сараптамадан өткізілмей, жалпақшешей ұстаным үстемдік алуда. Гранттар мен мемлекеттік қолдауды әділ пайдалану маңызды. Тек қоғам мен ұлтқа пайдалы жобаларға ғана қаржы бөлініп, оны таныстық пен жеке мүдде үшін қолдануға жол берілмеуге тиіс.
Кейбір зерттеушілер әлі де кеңестік құндылықтардың шеңберінен шыға алмай жүр
– Қоғамда кеңестік кезеңдегі қателіктерді ашық айтуға талпыныс бар. Десек те, Қазақстан тарихында кеңестік кезеңге берілген бағалаулар неліктен екіұдай?
– Тарихты жазып жүрген зерттеушілердің едәуір бөлігі – Кеңес кезеңінде қалыптасқан ғалымдар. Сол кезеңде олар кеңестік идеологияның әсерінде болды, сондықтан тез арада ол идеологиядан толық ада болып, тазарып кетті деп айту қиын. Көпшілігінің көзқарасы екіұдай: бір аяғы тәуелсіздік кезеңінде, ал екінші аяғы Кеңес дәуірінде қалып қойған. Осы себептен кейбір зерттеушілер әлі де кеңестік құндылықтардың шеңберінен шыға алмай жүр. Бұл түйткілдің түйінін тарқату үшін жас зерттеушілерді ғылымға белсенді түрде тарту қажет. Оларға жаңа методология мен теорияны меңгеруге мүмкіндік беріп, қолдау механизмін қалыптастыру керек.
– Бүгінгі геосаяси жағдай ушыққан тұста Қазақстан қандай құндылықтарға сүйенуі қажет? Сыртқы саясатта көпвекторлық позицияны ұстанатын мемлекет ретінде нені басты назарда ұстауымыз тиіс?
– Иә, қазіргі кезеңде әлемде геосаяси текетірестер күшейіп отырғаны белгілі. Мұндай жағдайда Қазақстан үшін сыртқы ортадағы өзгерістердің салмағы ерекше, әсіресе, елдің географиялық орналасуын ескерсек, бұл мәселенің маңызы тіпті арта түседі. Осындай күрделі кезеңде біз сүйенуге тиіс басты құндылықтардың бірі – түркі халықтарының тұтастығы. Бұл ұстанымның тарихи негізі бар. Кезінде Мұстафа Шоқай түркі халықтарының бірлігі мен өзара ынтымақтастығын қолдауды алға тартқан. Оның пайымдауынша, тек біріккен жағдайда ғана түркі халықтары өз мүддесін қорғап, сыртқы ықпалға төтеп бере алады. Сондықтан бүгінгі жастарды осы идея рухында тәрбиелеу аса маңызды. Қазір әлемде аймақтар бірігіп, өз мүдделерін қорғау үдерісі жүріп жатыр. Қазақстан да бұл үдерістен шет қалмауға тиіс. Орталық Азия кеңістігінде көрші ағайындар өзбек, қырғыз, түрікмен, тәжік халықтарымен интеграциялық байланысты тереңдетуіміз қажет. Мұндай ықпалдастық тек саяси деңгеймен шектелмей, экономикалық, мәдени және әлеуметтік салаларда да өзара тәуелділік пен сенімді нығайтуға бағытталуы керек. Көпвекторлы саясат – жалтақтық емес, бұл – өз мүддеңді анықтап, әлемдік кеңістікте бағытыңды белгілеу деген сөз. Қазақстан экономикасын, мәдениетін, саяси және әлеуметтік жүйесін берік қалыптастырып, өз мүддесін тәуелсіз түрде қорғай алатын елге айналуы қажет. Экономикада, мәдениет пен саясатта қабылданатын шешімдер нақты нәтиже беруге тиіс.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ