Жарық дүниеге сәби әкелу – әр әйел затының өміріндегі ұмытылмас сәттің бірі. Сүйінші хабар бір отбасын ғана емес, бүкіл әулет, көрші-қолаң, ауыл-аймақты қуантып, жадыратып жіберетіні анық.
Жас аналардың «жасырғаны» бар
175
оқылды

Десе де, жас ана бұл қуанышты толығымен сезіне қоймайды. Оның ой-санасы түсінгенімен, ағзасы, жаратылысы өз сойылын соғады. Яғни, әйел босанғаннан кейін бойын депрессия басады. Бұл жағдай – босанған әйелге тән дүние. Бірақ «осыны қазақ қоғамы қабылдай ма, ондай түсінікке орын бар ма?» деген сұраққа жауап іздемек болдық.

Жалпы, ғылымда босанғаннан кейінгі әйелдің депрессияға түсуі бар деп есептеге­німен, Денсаулық сақтау министрлігі елі­мізде «босанғаннан кейінгі депрессия» деген ресми диагноз жоғын мәлімдеп отыр. Олардың хабарлауынша, босанған әйелдердің жалпы психоэмоционалды жағдайы ғана бағаланады. Дегенмен ЮНИСЕФ-тің дерегі бойынша, былтырдың өзінде Қазақстанда аналардың 60 пайызы босанғаннан кейін депрессияға ұшыраған. Бұл – әлемдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі. 

Бұл мәліметті Еуропа мен Орталық Азиядағы ЮНИСЕФ Денсаулық сақтау маманы Фахриддин Низамов растады.

– Өкінішке қарай, Қазақстанда бо­санғаннан кейінгі депрессияға шал­дық­қандардың есебін көрсететін ресми ста­тис­тика жоқ. Алайда соңғы нәтижелерге қарасақ, елеулі алаңдаушылық туғызады. Мысалы, 2022 жылы Семей қаласында жүр­гізілген зерттеуде аналардың 59,4%-ы босанғаннан кейінгі бірінші жылында деп­рессияға ұшырағаны анықталды. Біріншіден, үй-жайының жақсы болмауынан отбасылық кикілжіңге ұласқан. Екіншіден, әйелдің босанғаннан кейінгі психология­лық тұрғыда қолдаудың болмауынан туындаған. Ал Дү­­ниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өздерінің жүргізген зерттеуінде Қазақстанда әйелдердің 19-25 пайызы босанғаннан кейінгі деп­рессиядан зардап шегуі мүмкіндігін болжаған. Осының өзі бізді ойландырып қана қоймай, іске көшу керегін көрсетеді, – деді ол. 

Босанғаннан кейінгі депрессия – босан­ғаннан кейін пайда болатын ұзақмерзімді эмоционалды, когнитивті және физикалық өзгерістермен сипатталатын жағдай. Жас ананың шаршап-шалдығуы, күш-қуаты таусылады, ұйқысы бұзылады, тәбеті өзгереді, көңілін мұң басып, өзін кінәлі сезініп, өзіне-өзі көңілі толмайды, ана ретінде өзінің қабілетсіздігін ойлайды. Кейде оның соңы өзіне ғана емес, нәрестеге де зиян келтіруге түрткі салады. 

Аналардың босанғаннан кейінгі жағ­дайына маманданған психиатр-дәрігер Арай Әлғожиннің айтуынша, Қазақстанда көбіне дәрігерлердің көңілі босанғаннан кейін анаға емес, балаға ауып кетеді. Сол себепті нақты көрсеткіш жоғын айтты. 

– Әйелдің екіқабат кезінен босанғанға дейінгі кезеңді бақылауда ұстайтын бағдар­ла­малардың берері көп. Қазақстанда және Орталық Азия аймағында әлеуметтік-эко­но­микалық тұрмысы төмен әйелдердің босан­ғаннан ке­йін­гі кезеңде жиі кездесетін депрес­сиямен кү­ре­су­ге атсалысып, әйелдерге қол­жетімді және сапалы психологиялық кө­мек көрсету арқы­лы олар­дың сауығуына қол­­дау көрсететін «Ұмай Нұры» қорын да ай­туға болады. Тіпті, босанған­ға дейінгі де, бо­сан­ғаннан кейінгі де жас ана­лар­дың суицид жа­сауының алдын алады. Не болмаса нәрес­тені өлімнен сақтап қалады. Көр­сеткіш бойын­­­ша мұндай жағдай мың әйелдің ішінде біреу, ал сәбиін өлімге қиған ана қаншама?! – деді ол. 

Дәрігер мұндай жағдайда анаға шұғыл медициналық көмектің қажет екенін дабыл қағып айтуда. Оның бұл сөзін акушер-гинеколог қуаттап, босанған әрбір әйелге физиологиялық тұрғыда көмек қана емес, психологиялық тұрғыда қолдау қажетігін сөз етті. Гормондық өзгерістен бұрын жа­тырдың қалыпқа келуі, яғни босанғаннан кейін жатыр бірнеше аптада қалыпты жағдайына қайта оралуы керек. Әдетте, бұл процесс 6-8 аптаға дейін созылады.

– Мұндай жағдай көбіне жас аналар арасында жиі кездеседі. Босанғаннан кейін 3 тәулік өткен соң ананың 70 пайызында гормоналды өзгерістің салдарынан психи­касына әсер ете бастайды. Жалғыздық сезімін жеңуге және эмоционалды жағдайды жақсар­туға көмектесетін серіктес, достар немесе отбасы мүшелерінен қолдау табу – маңызды. Дұрыс қолдау мен терапияның көмегімен көптеген әйелдер бұл жағдай­ды сәтті шешіп, толыққанды өмірге орала­ды, – дейді акушер-гинеколог Владимир Калашников.

Соған қарамастан, әлі күнге дейін елімізде әйел босанғаннан кейін психоло­гиялық қолдау көрсетілмейді. Сондықтан оны патронаждық қызметке енгізуі керегін ДДҰ Қазақстандағы психикалық денсаулық мәселелері жөніндегі консультанты Николай Негай көтеріп келеді. 

– Әйелдер көбіне баласын қарай алмай­тын, күтім көрсете алмайтын әлсіз, әлжуаз ана болып көрінуден қорқады. Осындай ішкі арпалыста жүрген ананың психикалық күйіне өздерін жауапты деп санамайды. Салдарынан, бұл жағдайды ана да, маман да қозғамайды. Егер босанғаннан кейін ананың тез оңалуын, денсаулығының жақ­­саруын, бала мен ана өлімін азайтуды қа­ласақ, осыны Денсаулық басқармасы арқылы қолға алу қажет, – дейді Николай Негай.

Бұл мәселе бұған дейін де қозғалмады емес, қозғалды. Бірақ әлі күнге дейін өзгер­ген ештеңе жоқ. Дегенмен қазақ халқы атам заманнан жас келіндерге ерекше құрмет көрсеткен. Бұл әрекетті салт-дәстүрімізден-ақ байқауға болады. Бала қырқынан шыққанға дейін сәбиді ғана емес, жас ананы күтіп бастаған. Бұл туралы белгілі тарихшы, тарих ғылымдарының кандидаты Салтанат Асанова өз сөзінде айтты.

Оның сөзінше, қазіргі қоғамда келін­дер­ді босанғаннан кейін ауыр жұмысқа салуы – бұрмаланған дәстүр.

– Нәресте жарық дүниеге келген соң келінді бірден үй жинау, ауланы сыпыру немесе сиыр саууға жіберу – бұрмаланған дәстүр. Керісінше, қазақтар жас босанған ананы ерекше күтіп, оған қамқорлық та­нытқан. Ол 40 күн бойы киіз үйден шықпай, тынығуға мүмкіндік алған, – дейді ғалым.

Сол себепті о заманда келіндерін күтіп, баққан қазақ. Бүгінде қараусыз, қолдаусыз, қамқорлық көрсетпеуі қалай...

Айзат СЕРІКБЕК, 

Pisa University