Яғни, бұрынғы жылдардағыдай 5 миллион теңгеден жоғары төлем алу тәжірибесі тарих қойнауына жол тартқанға ұқсайды. Сонымен бірге енді балаларының күтімімен отырған ерлерге де бала баққаны үшін 12 жылға дейін еңбек өтілі есептелмек. Саладағы жаңа реформа қандай жаңашылдықтар әкелмек?
Жөргекақы тіршілікке жете ме?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2025 жылдың басынан бергі он ай ішінде 508 мың адамға республикалық бюджеттен 692 млрд теңге сомада бала тууына және күтіміне байланысты жәрдемақылар төленгенін мәлімдеді. Бір адамға шаққанда 1 млн 362,2 мың теңгеден келеді. Қағидалардың қатайтылуына байланысты мемлекеттен жәрдемақы ала алмаған аналар да бар көрінеді.
– Соның ішінде бала туғанда берілетін жәрдемақымен 2025 жылдың басынан бері республикалық бюджеттен жалпы сомасы 51,7 млрд теңге сомаға барлығы 286 мың адам қамтылды. Соның ішінде қазан айында 5,2 млрд теңгені 28,5 мың адам алды. Бұл жәрдемақыға бала туған, асырап алған, сондай-ақ қамқорлыққа алған балалары бар еліміздің азаматтары, қандастар, сондай-ақ Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктер үміткер бола алады, – деп мәлімдеді Еңбекмині».
Ведомствоның дерегінше, бүгінде Қазақстанда бала тууына арналған жәрдемақы мөлшері келесідей: бірінші, екінші, үшінші балаға – 38 АЕК немесе 149 416 теңге. Төртінші және одан кейінгі балаларға – 63 АЕК немесе 247 716 теңге. Бірақ бұдан міндетті зейнетақы жарналары ұсталатындықтан, аналардың қолына алатын ақырғы сомасы 10 пайызға кем болады. Әлеуметтік желіде, форумдарда шағымданған аналар елді қалпымен қымбатшылық жайлаған заманда бұл сома удай қымбат дәрі-дәрмекті айтпағанда, сәби мен ананың азық-түлігіне, киім-кешегіне, өзге керек-жарағына жетпей қалатынына шағымданады.
Бұдан басқа, жұмыс істейтін азаматтарға жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы асырап алуға байланысты кірісінен айырылған жағдайда Міндетті әлеуметтік сақтандыру қорынан бірреттік төлем төленеді. Осы біржолғы төлемді жыл басынан бері жалпы сомасы 245,3 млрд теңгеге 175,1 мың адам алды. Бір адамға шаққанда орта есеппен небәрі 1,4 млн теңгеден келген. Соның ішінде қазан айында 17,8 мың адамға 17,4 млрд теңге берілді.
Бұған дейінгі жылдары жұмыс істейтін кейбір ананың бала туған кезде МӘСҚ-тен алатын біржолғы төлемінің көлемі 5 миллион теңгеден асатын. Жоғары мөлшері 8 миллионнан асып жүрді. Заң бұған жол береді: төлем мөлшері жүктілігі және босануы бойынша уақытша еңбекке жарамсыздық парағы берілгенге дейінгі соңғы 12 айда МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық кіріске және еңбекке жарамсыздық күндері санына байланысты.
Тиісінше, бірнеше миллион теңге жалақы алатын банкир, топ-менеджер, басшылық қызметтегі әйелдер немесе табысы жүздеген миллионмен есептелетін бизнесвумендер кірісінен бюджетке төлеген алым-салығына және МӘСҚ-ке аударған аударымдарына сай, жоғары төлем ала алатын. Алаяқтықпен күрес дегенді сылтау етіп, былтырдан бері Еңбекмині оларды бұл мүмкіндіктен айырды. Енді төлемді есептегенде, ең жоғары табыс ретінде тек 7 ең төменгі жалақыдан аспайтын мөлшері назарға алынады. 2024, 2025, 2026 жылдары ЕТЖ 85 мың теңге көлемінде қалды. Ендеше, 7 ЕТЖ тек 595 мың теңгеге тең. Біржолғы төлемнің бірнеше есеге құлдырауына осы себеп болды.
Ананы кемсіту абырой әпермейді
Қаржылық мониторинг агенттігі бұл салада алаяқтық схемалар шынымен болғанын атап өтті. Бұрынырақта мұндай қылмысқа барғандар енді анықталып, жазаланып жатыр. ҚМА-ның Павлодар облысы бойынша департаменті жүкті әйелдерді жалған жұмысқа орналастыру схемасын ұйымдастырған тұлғалар тобына тергеу жүргізіп жатыр. Соның ішінде жәрдемақы және зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтың бөлім басшысы жәрдемақыларды заңсыз тағайындауға қатысы бар деген күдікке ілінді.
Агенттіктің баяндауынша, көлеңкелі схема келесі тәсілмен жүзеге асырылыпты: мемлекеттік орталықтың бөлім басшысы бірқатар кәсіпкерге қызмет көрсететін, тиісінше, олардың электрондық цифрлық қолтаңбаларына қол жеткізе алатын бухгалтер туысын тартқан. Есепші ЭЦҚ-ларды иелерінің рұқсатынсыз пайдаланып, жұмысқа қабылдау туралы жалған бұйрықтарды жасап, еңбек қатынастары заңды түрде рәсімделгендей көрінетін өзге де құжаттарды дайындаған.
– Мұның сыртында бірнеше таныс адамды жұмылдырған: олардың міндетіне жүкті әйелдерді табу және ұсынылып отырған рәсімдеудің заңды екеніне сендіру кірген. Ұсынылған жалған деректер негізінде уәкілетті органдардан жәрдемақылар тағайындалған. Алынған қаражат кейіннен схеманың қатысушылары арасында бөлінген. Салдарынан, 13 жеке кәсіпкердің атынан 50-ден астам жүкті әйелге 6 млн теңгеге дейін өсірілген жәрдемақылар төленді. Мемлекетке келтірілген залал 200 млн теңгеден асты. Сот санкциясымен күдіктілердің 3 автокөлігіне тыйым салынды. Тергеу жалғасады, – деп мәлімдеді агенттік.
Қаржыгер Дана Жарлығапова жемқор, пайдакүнем шенділерге, жүйеге арам қолын сұққан бірнеше алаяққа бола, жұмыскер әйелдерді 7 ЕТЖ шектеуімен қатаң жазалауды әділетсіздік санайды. Ол осы шектеуді жоюды сұрап, жауапты органдарға талай ұсыныс жолдапты. Алайда бұл талаптың тұрақты қалатыны туралы жауап алған. Сарапшының түсіндіруінше, мұндай алаяқтармен күресу үшін тыйым салып, шектеу енгізудің қажеті жоқ: әрбір өтініш иесі мен оның жұмыс берушісінің еңбекақы төлеу қорынан төленген барлық тиісті төлемдерін өзара салыстырып, цифрлық тексеру жүргізсе жетеді. Ол үшін тексеріспен барудың керегі жоқ, бәрі кабинетте, компьютермен жасалады.

Қаржыгер демографияны жақсартып, қазақтың санын өсіріп отырған аналарға қатысты қалыптасқан тағы бір әділетсіздікке назар аудартты. Ай басында бала туған аналар ай соңына қарай туғандарға қарағанда аз төлем алады. Неге? Еңбекмині және МӘСҚ жүктілік пен бала тууға байланысты табысты жоғалту жағдайларына әлеуметтік төлемді есептеу кезінде тек баланы өмірге әкелген күнге дейін аударылған аударымдарын басшылыққа алады.
– Ал заң, яғни, Әлеуметтік кодекстің 246-бабы бойынша жұмыс берушілерге барлық аударымды келесі айдың 25-іне дейін аударуға рұқсат етілген. Компаниялардың көбісі осы мүмкіндікті пайдаланады. Бұл аналарға қатысты әділетсіздік тудырды. Мысалы, бір әйел кісі 2025 жылдың мамырының басында сәбилі болды. Жүктілігі мен бала тууына байланысты жарамсыздық парағы 5 мамырда ашылды. Жұмыс берушісі болса, 2025 жылғы сәуір үшін аударымдарды 24 мамырда ғана аударған. Соның салдарынан МӘСҚ ол ананың бір айына төлемі жоқ деп, біржолғы төлемін қысқартып тастады. Бөбегін сүйреп, жүгірмеген жері жоқ, бірде-бір шенеунік былқ етпеді. Еңбекмині жұмыс істеген аналарды бір айлық заңды табысынан осылай айырып отыр, – деді Д.Жарлығапова.
Бұл шектеу әйелдер арасында үрей туғызып жатқан көрінеді: егер айдың басында туатынын түсінсе, әйелдерге басшысы мен бухгалтеріне жалынып, аяғына жығылып, өзі үшін төлемді айдың басында тез аударуды сұрауға мәжбүр. Заң бұл тұрғыда ананы қорғамайды, жұмыс берушіге жақ: ол келесі айдың 25-іне дейін асықпайды. Соған дейін бухгалтер компанияның депозитінен, бизнесінен, айналымынан бір тиын артық қаржы алмайды.
Әке мен ананың құқығы теңеледі
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өз түсініктемесінде жұмыс берушілерге заң бойынша әлеуметтік аударымдарды есептіден кейінгі келесі айдың 25-іне дейін төлеуге жол берілетінін алға тартты. «Сондықтан осындай жағдайлар үшін әлеуметтік төлемдер мөлшерін анықтағанда әлеуметтік тәуекел күнінен кейін төленген әлеуметтік аударымдарды табыс есептеулерінен алып тастау туралы ереже көзделген. Қайта қаралған №248 қағидаларда: «...Әлеуметтік төлем құқығы пайда болған күннен кейін аударылған әлеуметтік аударымдар әлеуметтік аударымдарды есептеу үшін негіз ретінде пайдаланылатын орташа айлық табысты анықтау кезінде ескерілмейді» деп көрсетілген. Осыған ұқсас тәсіл Әлеуметтік кодекске ұсынылған түзетулерде де қолданылатын болады», – деп нықтады Еңбекмині.
Бұл салада ізгі өзгерістер де бар: мысалы, Парламент «Кейбір заңнамалық актілерге қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіру және жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарап жатыр. Оған сәйкес, бұдан былай ерлерге де бала күтімімен отырған уақыты жұмыс өтіліне жазылады. Жас балаларды бағып-қаққан кезі, соның ішінде әрбір бала 3 жасқа толғанға дейін, бірақ жалпы жиынтығы 12 жыл шегіндегі уақыты жұмыс өтілі ретінде ресми есептеліп, зейнеткерлікке шыққанда жоғарылау зейнетақы алуына жәрдемдеседі.
Бұл Парламентте қызу пікірталас туғызып жатыр. Кейбір депутаттың байламынша, бұл көптеген еркектің жаппай декретке кетуіне, елде жұмыс қолының күрт азаюына соқтыруы мүмкін. Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков қосымша қорғаныш-тосқауыл тетіктерін қарастырмаса, жаңа норма елді ер кіндіктілердің, әсіресе, әскерилер мен мемлекеттік қызметкерлердің декреттік демалысқа лек-лекпен кетуіне арандатуы мүмкін деп санайды.
– Бүгінде мұндай құқық тек жұмыс істемейтін аналар үшін қарастырылған. Олар зейнеткерлікке шығарда мүлдем жұмыс өтілінсіз қалмау үшін жасалып еді. Ал қол-аяғы балғадай еркек үйінде неге отырады? Нәзік әйел жұмыс істеп жүргенде, оның жұмыссыз отыруы әділетті ме? Бұл норманы қабылдасақ, ертең әкелердің шетінен декретке кетуіне серпін бермейміз бе деген қауіп бар. Жұмысшылардың көптеген санаты ұзақ демалысқа қуана-қуана кетеді. Ерте зейнеткерлікті сұрап жүргені қаншама, – дейді депутаттар.
Бірақ Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов әріптестерінің бұл қорқынышы негізсіз деген пікірде. Ерлердің әйелінің орнына декретке шығуы қазірден бар. «Бұл жерде әңгіме кемсітушілікті жою туралы болып отыр. Ерлерге де декретке шығуға заңмен мүмкіндік берілді, олар оны пайдаланады. Бірақ дискриминация қалыптасты: аналардың бала күтімімен өткен жылдары жұмыс өтіліне есептеледі де, әкелердің уақыты ескерілмейді. Сол себепті Парламент бұл кемсітушілік норманы өзгертеді. Декретке шыққысы келетіндер онсыз да шығады. Еңбек өтілі жазылады екен деп жаппай кетеді деп ойламаймыз. Тек ер мен әйелдің осы саладағы құқығы теңестіріледі», – деді депутат.
Айхан ШӘРІП