Осы баспаханаларда қазақ тіліндегі кітаптар шығарылып, оқырманға жол тартты. Қазақ тіліндегі кітаптарды шығаруда ағайынды Шарифжан, Мұхамеджан және Хасан Кәрімовтер көп еңбек сіңірді. Ағайынды Кәрімовтер 1890 жылдардан бастап кітап сату ісін қолға алды. 1900 жылы Қазан қаласынан жеке баспаханасын ашты. Сөйтіп, 1917 жылға дейін негізгі кәсібінен бөлек кітап басу, кітап сату ісімен де айналысты. 1908 жылы ағайынды Кәрімовтер баспасының Уфа қаласындағы бөлімшесі ашылды. Бұл бөлімше «Шарқ» баспасы (орысша «Восточная печать») деп аталды. «Шарқ» баспасының жеке баспаханасы болды. Бұл баспадан 1908-1917 жылдар аралығында жалпы таралымы 600 мыңнан асатын жалпы саны 200-дей кітап жарыққа шықты. Соның ішінде қазақ кітаптары да болды. Соның бірқатарына тоқталайық.
«Оян, қазақ!»
«Шарқ» баспасынан шыққан алғашқы қазақ кітабы – 1909 жылы жарық көрген Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ!» жинағы. Профессор Нұрлан Дулатбеков бұл кітап жайында: «Ақын оны Уфа қаласындағы «Шарқ» баспасынан «Оян, қазақ!» деген атпен 1909 жылы бастырып шығарады. Қазақ халқының рухани өмірінде дәл сол, 1909 жылы Санкт-Петербургте Кәкітай бастырып шығарған Абай өлеңдерінің жинағы, Крылов шығармаларынан аударылып басылған Ахмет Байтұрсынұлының «Қырық мысалымен» қатар «Оян, қазақтың» да маңызы ерекше болды. Сондықтан алдыңғы екеуі сияқты «Оян, қазақ!» та қолдан-қолға, ауыздан-ауызға тарап, шамалы уақыт ішінде ақынның атақ-даңқын алты Алашқа әйгілі етті», – деген еді. Міржақып «Оян, қазақ!» кітабы арқылы қазақты білім-ғылымға шақырды. Осылайша, қазақ зиялыларының, дін адамдарының, қарапайым халықтың көңілінен шықты. Алайда бұл кітап Патша үкіметінің шымбайына қатты батты. Міржақыпты Семей түрмесінде қамауда ұстап, оның «Оян, қазақ!» кітабы тәркіленіп, кітапты оқуға тыйым салды. Алайда мұнымен кітап таралмай қалған жоқ, халық оны қолмен көшіріп таратты. Тіпті, дін адамдары қолжазба кітапты мешіттер мен медреселер арқылы тарата бастады. Міржақып бастаған «оян» мотивін қазақтың сол замандағы қайраткер ұл-қыздары өз өлеңдеріне арқау етіп, одан ары жетілдіре түсті.
«Насихат Қазақия»
Уфадағы «Шарқ» баспасынан 1909 жылы шыққан тағы бір кітап – «Ғалия» медресесінің шәкірті Зейнелғабиден Әміреұлының «Насихат Қазақия» еңбегі. Зерттеуші Асылбек Байтанұлының жазуынша, небәрі 38 беттен тұратын бұл шағын кітапшаға алуан тақырыптағы 9 трактатпен қатар, Абай Құнанбайұлының бірнеше өлеңі және Сәдуақас Шорманұлының екі өлеңі енген. Бұл жайында Асылбек Байтанұлы: «Абай өлеңдерін алқашқылардың бірі болып алғаш баспа бетіне шығарушылардың бірі ретінде де Зейнелғабиден Әміреұлының еңбегі ерекше. Автордың өз кітабына бұл өлеңдерді енгізіп отырудағы мақсаты – «жаһұт қазақ әдебиеті» деп атай отырып, қазақтың тілі ұтқыр, сөзі кестелі поэзиясын түрік тілінде оқитын барша оқырмандарға жеткізу болған», – дейді.
Журналист Алтынбек Құмырзақұлының жазуынша, Зейнелғабиден өз заманындағы ірі діни ағартушы, жаңашыл ұстаз, публицист қаламгер, қайраткер тұлға болған. 1881 жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Ақжар ауданында дүниеге келген. Алдымен Қызылжарда оқып, 1916 жылы «Ғалия» медресесін бітірген. «Насихат Қазақия» шығармасының авторы 1920 жылы өмірден өткен.
«Қазақша әліппе»
1910 жылы «Шарқ» баспасынан Қызылжар өңірінің тумасы Мұхаммед-Ораз Нұрбайдың 34 беттен тұратын «Қазақша әліппе» кітабы шыққан. Профессор Ғарифолла Әнес «Ана тілі» газетінде жарияланған мақаласында Мұхаммед-Ораз шығарған осы әліппені де атап өтеді. Қазақ даласындағы алғашқы әліпбилер жайында ізденіп жүрген жас ғалым Ертай Біләл қазақ әліппелерінің жарық көруі XX ғасырдың алғашқы жылдарына сәйкес келетінін атай келіп: «Уфа, Орынбор қалаларының баспаханаларында бірқатар автордың қазақша әліппелері жарық көрді, бірақ бұлардың көбі бірер басылымнан артық жарияланбай, кеңінен қолданыс таба алмады», – дей келіп, сондай оқулықтар қатарына Мұхаммед-Ораз Нұрбай мен Мұстақым Малдыбайұлының әліппелерін жатқызады. Ертай Біләл мақаласында: «...XX ғасырдың басында ең алғашқы әліппе – 1910 жылы, Уфа қаласында усул саутия тәртібінде жарық көрген Мұхамед-Ораз Нұрбайдың «Қазақша әліппе» атты оқулығы еді. Аталмыш әліпби бүгінгі таңда қазіргі қаріпке түспегеннен кейін ғалымдардың зерттеу нысанына айналмай жүр», – дей келіп, Мұхамед-Ораздың оқулығын XX ғасыр басындағы алғашқы қазақ әліппесінің бірі болуымен қатар, одан кейінгі шыққан қазақ әліппелеріне үлгі болғанын айтады. Бүгінде Алматыдағы Ұлттық кітапхананың сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында сақталған Мұхаммед-Ораз Нұрбайдың әліппесі әлі де зерттеуді қажет етеді. Осы автордың 1911 жылы Орынбордағы «Вақт» газеті баспаханасынан тағы бір кітабы жарық көрген. Ол кітап «Көргенді бала, үлгілі ана: Қазақ және қырғыз бастауыш балалары үшін оқуға дайын болған оқу кітабы» деп аталады. Бұл кітап та әлі зерттелмеген.
«Өрнек», «Тумыш» және «Бала тұлпар»
Уфа қаласындағы «Шарқ» баспасынан 1911 жылы Ғұмар Қараштың «Өрнек», «Тумыш» және «Бала тұлпар» деген үш кітабы жарық көрген. «Қазақ» газетінің 1913 жылғы №16 санында бұл кітаптар жайында арнаулы хабар жарияланған (№16, 31 мамыр, 1913 жыл). Хабарда баяндалғандай, 29 беттік «Өрнек» кітабы Қараш Ғ (Ішкі ордалық) қалам атымен жарық көрсе, 24 беттік «Тумыш» жинағы Мұштақ Ғабдулла қалам атымен шыққан. «Бала тұлпар» кітабы 48 бет болып Ғ.Қ қалам атымен жарияланған. Ғұмардың үш кітабын да «Ғалия» медресесінің қазақ шәкірттері, яки Игілік қауымы бастырған. Бүгінде «Өрнек», «Тумыш» кітаптары Алматыдағы Ұлттық кітапхананың сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында сақтаулы. Ал «Бала тұлпар» Қазан мемлекеттік университетінің Н.Лобочевский атындағы ғылыми кітапханасында сақталған. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында «Бала тұлпардың» көшірмесі Ұлттық кітапхананың сирек қорына әкелінді. Ғұмардың жоғарыда аталған үш кітабы және «Қарлығаш», «Аға тұлпар», «Тұрымтай» жыр жинақтары, «Ойға келген пікірлерім», «Бәдел қажы» атты ой-толғамдары ақынның «Замана» жинағына енген.
«Әліпби һәм төте оқу»
1911 жылы «Шарқ» баспасынан «Ғалияның» шәкірттері Ишағали Арабаев пен Хафиз Сәрсекеұлының «Әліпби һәм төте оқу» оқулығы жарық көрді. Бұл кітапты да «Ғалия» медресесіндегі қазақ шәкірттердің Игілік қауымы басып шығарды. Барлығы 52 беттен тұратын бұл оқулық қазақ пен қырғызға ортақ әліппе болды. Жаңа әліппе жайында «Айқап» журналы: «Шаһар Уфада «Медресе Ғалиеде» оқыған қазақ шәкірттері «Алифба йаки төте оқу» есімді қазақ һәм қырғыз балаларына арнап жазған бір кітап басылып шығып, сатыла бастады. Бағасы – 18 тиын. Қайырлы сағатта болсын!» – деп жазды (№4, 1911 жыл). Ишанғали Арабаев – қырғыз ағартушысы. 1882 жылы Нарын өңірінде дүниеге келген. Орынбордағы «Хұсайния», Уфадағы «Ғалия» медресесінде оқыған. «Ғалияны» бітірген соң Нарын, Қаракөл өңірлерінен мектеп ашқан. «Алаш» партиясы құрылған кезде партияның Бішкектегі бөлімшесін ашуға атсалысқан. Ал Хафиз Сәрсеке 1882 жылы Қызылжар өңірінде дүниеге келген. 1912 жылдары Уфадағы «Ғалия» медресесін бітіріп, Зайсан өңірінде мұғалім болған. Алашорда үкіметінің Зайсандағы бөлімшесін құруға атсалысқан. Алашорда қозғалысы тараған соң мұғалімдік қызметін жалғаған. 1925 жылы ауырып дүние салған.
«Қазақша ең жаңа әліппе»
«Шарқ» баспасынан шыққан келесі кітап – «Ғалияның» шәкірті Мұстақым Малдыбайұлының 1912 жылы жарық көрген «Қазақша ең жаңа әліппе» оқулығы. Кітапты «Қазақ» газетінде есімі жиі аталатын Семей өңірінің ауқатты да ардақты кісісі Ақым қажы Аңдамасұлы бастырды. Қарқаралының тумасы Мұстақым Малдыбайұлы «Ғалияны» бітірген соң 1909-1911 жылдары Жетісудағы «Мамания» мектебінде оқытушы, кейін мектеп директоры болған. 1911-1920 жылдары Семейдегі мұғалімдер семинариясында оқытушы қызметін атқарған. 1912 жылы Мұстақымның екі оқулығы жарық көрген. Бірі осы «Қазақша ең жаңа әліппе» болса, екіншісі – Семейдегі «Жәрдем» баспасынан шыққан «Қазақша оқу кітабы» оқулығы. Өкінішке қарай, Мұстақымның «Қазақша ең жаңа әліппе» оқулығы да кеңінен қолданыс таба алмады. Алайда қазақтың алғашқы оқулығы ретінде өз заманындағы қазақ балаларының әріп танып, сауатын ашуына сүбелі үлес қосты.
«Қарлығаш»
Уфадан басылып шыққан қазақ кітаптары арасында Қызылжар өңірінің тумасы Қорабай Жапановтың да жинағы бар. 1913 жылы «Шарқ» баспасынан Қорабайдың «Қарлығаш» деген өлең кітабы жарық көрді. Қорабай ақын ғана емес, талантты журналист еді. Қорабай 1873 жылы қазіргі Павлодар облысының Ақсу ауданында туған. Оның журналистік, публицистік қызметі 1894 жылы басталған. «Дала уалаяты газетінің» тұрақты авторының бірі болған. Қорабай Жапановтың «Қарлығаш» кітабы Алматыдағы Ұлттық кітапхананың сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында сақтаулы тұр.
«Хизметкер»
1914 жылы жарық көрген Мұхаммед-Садық Еңсеұлының «Хизметкер» өлеңі де «Шарқ» баспасынан шықты. 112 беттен тұратын кітаптың алғысөзінде Мұхаммед-Садық: «Бұл өлеңде ащылы-тұщылы, азды-көпті лайықты орны менен бірсыпыра сөздер айтылды. Оның үшін оқушы бауырларым мені айыпты қылмас деп үміт етемін. «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады» дегендей, әулетіміздің ерсі жұмыстарын есіне салып, ащылау сөзбен көңілімдегі қайғымды білдіріп; есіл жұртымыздың түзелуін шын тілеп, көкіректегі жалынды, ауыздағы лебізді шығардық», – дейді. «Хизметкер» кітабының көшірмесі (электронды нұсқасы) Ресей мемлекеттік кітапханасынан Алматыдағы Ұлттық кітапханаға жеткізілген екен. Әлі де зерттеуді қажет ететін қазақтың алғашқы кітаптарының бірі.
«Иман-Ислам»
Уфадан шыққан тағы бір оқулық – «Ғалияның» шәкірті Нұғыман Манаевтың «Иман-Ислам» кітабы. Бұл кітапты 1915 жылы «Шарқ» баспасынан «Ғалияның» шәкірттері шығарды. «Қазақ» газетінің «Жаңа кітаптар» айдарында кітап жайында мынадай хабарлама берілген: «Иман-Ислам» – жазушы Нұғман Манаев, бастырушы – Уфа медресе «Ғaлиясындағы» қазақ шәкірттері. Кітап 30 бет, Уфада «Шарқ» баспаханасында басылған, емлесі – қазақша, бағасы – 18 тиын, поштамен 20 тиын. Бастауыш мектептің екінші жылына арналған» (№159, 29 қараша, 1915 жыл).
Газеттің осы санында Нұғыман Манаевтың лебізі де берілген. Нұғыман кітабының шығуына атсалысқан ғалиялық достарының бұл ісін ұлтын сүйгендік деп бағалаған. «Бастауыш мектептің екінші жылына арнап жазған бір ғылымхал кітабым бар еді. Сол кітапты «Ғалиядағы» серіктерім – қазақ шәкірттері бастырып таратты. Бұлардың мұнысы байлықтарынан, болмаса еріккендерінен емес, ардақты ұлтын сүйгендіктерінен екендігі белгілі. Осындай қымбатшылық жылда батыршылық қылып бастырулары білгендерге өрнек болар деп, газета бетіне шығарып отырмын. Ұлт үшін еңбек еткен серіктеріме шын көңілімнен Тәңірі жарылқасын айтамын», – дейді ол.
«Уақ-түйек»
1915 жылы «Шарқ» баспасынан Сәбит Дөнентаевтың «Уақ-түйек» өлеңдер кітабы жарық көрді. Бұл кітап та «Қазақ» газетінде жарнамаланды. Газет хабарында: «Уақ-түйек» атты өлең кітап басылып шықты. Шығарушы – Сәбит Дөнентаев. Бағасы – 25 тиын, поштамен 29 тиын. Көптеп алдырушыға 30% кемітіледі. Бастырушы – Сания Қасымқызы. Бұл кітап Уфада «Шарқ» матбұғасында басылған. Емлесі – қазақша. Бұл кітаптың басылуынан көрінеді, «Шарқ» матбұғасы біздің «Қазақ» емлесіне арнаулы әрпі бар осымен енді үш баспахана болды», – дей келіп, оның екеуі Орынбордағы ағайынды Құсайыновтар баспасы мен «Дін уа мағишат» журналы редакциясының емлелері екенін атап өткен (№121, 22 сәуір 1915 жыл). Сондай-ақ «Уақ-түйек» кітабын Павлодардағы Сания Айткинаның дүкенін сатып алуға болатынын хабарлаған. «Қазақ» газеті кейінгі сандарына да «Уақ-түйек» кітабын жарнамалап тұрған.
Серікбол ХАСАН