Отырыста сенаторлар «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының кодексіне көмірсутектер мен уран саласында жер қойнауын пайдалануды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екі оқылымда қарап, мақұлдады. Заңда аз зерттелген аумақтарда геологиялық зерттеу жүргізу ерекшеліктері және басқа да маңызды рәсімдер белгіленген.
«Қаралған заңға Мемлекет басшысының жер қойнауын пайдалануды жетілдіру жөнінде берген тапсырмаларын орындау үшін Парламенттің бір топ депутаты бастамашы болды. Жаңа нормалар еліміздегі көмірсутектерді геологиялық барлау ісін одан әрі дамытуды көздейді. Осы мақсатпен мұндай аумақтарда зерттеулер жүргізу үшін инвесторларды ынталандыру шаралары қарастырылды. Сонымен қатар уран өндіру саласында ұлттық мүдделердің ескерілуін қамтамасыз ететін нормалар бар. Жалпы, заң көмірсутектер мен уран өндірісі сияқты жетекші салалардың тұрақты дамуына оң септігін тигізеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Заңда жер қойнауын пайдаланушыларды мұнай өндіруді ұлғайтудың арнайы әдістерін қолдануға ынталандыру шаралары да қарастырылған. Алыпсатарлық мәмілелерді барынша азайту үшін келісімшарт қолданысының алғашқы үш жылы ішінде көмірсутектер саласында жер қойнауын пайдалану құқығын беруге тыйым салынады. Сондай-ақ заңда уран саласын дамыту бойынша бірқатар түзету бар. Мәселен, уранды барлау жөніндегі операцияларды жүргізу мақсатымен мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасында айқындалған уран кенденуі немесе уран кен орындары бар аумақтарда өтініш беруші ретінде уран саласындағы ұлттық компания ғана әрекет ете алады.
Сонымен қатар Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әкімшілік әділет, норма шығару және заң көмегін ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екі оқылымда қарап, мақұлдады.
«Заң әкімшілік әділет, заң шығару және заң көмегін ұйымдастыру салаларындағы заңнаманы одан әрі жетілдіруге арналған. Осыған байланысты жария-құқықтық даулардың жекелеген санаттарын Азаматтық процестік кодекстен және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстен Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске көшіру көзделіп отыр. Сондай-ақ әкімшілік рәсімдерді жүргізу тәртібі қайта қаралды. Норма шығару қызметін ғылыми сүйемелдеуге және азаматтарға құқықтық көмек көрсетуге арналған түзетулер де қарастырылған. Заң әкімшілік әділет саласын кеңейтуге және қоғамның әкімшілік рәсімдерге деген сенімін арттыруға оң ықпалын тигізеді деп сенеміз», – деді Сенат Төрағасы.
Палата отырысында сенаторлар өзекті мәселелерді көтеріп, депутаттық сауалдарын да жолдады.