Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлығының лауреаттарын, «Қазақстанның үздік тауары» көрме-конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қатысып, сөз сөйледі.
Бәсекеге қабілетті бизнес –  мемлекет тірегі
88
оқылды

– Бүгін еліміздің бизнес қауым­дастығы үшін өте маңызды күн деуге болады. Біз биыл да қалыптасқан дәс­түрге сай «Алтын сапа», «Парыз», «Қазақстанның үздік тауары» бай­қауларының жеңімпаздарын мара­пат­тап жатырмыз. Баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Осы жер­дегі әр кәсіпкердің жетістігі – ел мерейінің ай­қын көрінісі. Сіздер са­палы өнім өндіріп, эко­номиканы да­мытуға және халықтың әл-ауқа­тын арттыруға зор үлес қосып ке­ле­сіздер. Әлеуметтік жауапкершілікті те­­рең сезініп, қайырымдылық істер­ге бел­се­не атсалысып жүрсіздер. Бұл – өз кә­­сі­біне адал, іскер және нағыз отан­­шыл аза­маттарға тән асыл қа­сиет деп санай­мын. Мемлекет Сіз­дер­ге әрдайым қолдау көрсетуге дайын, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев биылдан бас­тап 29 қазан «Қазақстан кәсіп­кер­лері кү­ні» болып ресми түрде бе­кі­тілгенін айтты. 

– Сонымен қатар мен жоғары әлеу­­мет­тік жауапкершілік танытып, қайы­­рым­дылық істерге мол үлес қос­қаны үшін елі­міздің үздік кәсіп­керлеріне берілетін ар­найы мара-пат – «Мейірім» орденін та­ғайындау тура­лы шешім қабылдадым. Келесі жылдан бастап залда отырған бір­қатар кәсіпкер осы мәртебелі орден­мен ма­рапатталады. Бұл еліміздегі бар­ша биз­нес өкілдеріне деген ай­рық­­ша құрметтің белгісі болмақ.

Бәсекеге қабілетті бизнес – кез келген мем­лекеттің тірегі. Биыл Қа­зақ­стан эко­но­микасының өсімі 6 пайыздан асады деп бол­жануда. 

Бұл – соңғы он жылдағы ең жо­ғары көр­­сет­кіш. Еліміздің ішкі жалпы өні­мі алғаш рет 300 миллиард дол­лардан ас­пақ. Өздеріңіз білесіздер, қа­зір біз инф­ра­­құрылымды да­мы­туға, эко­номиканы әр­тарап­тан­дыру­ға баса мән беріп жа­тыр­мыз. Сон­дықтан Үкімет дайын өнім экс­пор­­тын арттыру ісімен белсенді түр­де ай­налысуы қажет. Қазіргі таң­да бұл салада бі­раз жетістіктеріміз бар. Өңдеу өнер­кәсі­бін­дегі қосымша құн көлемі бес жылда 25 пайыздан ас­там өсті. Бұл – тау-кен сала­сынан едәуір жоғары көрсеткіш. Соңғы жыл­­дары негізгі капиталға тартыл­ған ин­вестиция 70 пайызға көбейді. Нақты сек­тордағы еңбек өнімділігі 40 пайызға арт­ты. Шикізаттық емес экс­порт көлемі 2 есе­ге жуық ұлғай­ды. Тауарын шетелге өт­кі­зетін кәсіп­орындар саны 3 есе көбейді. Со­ның арқасында бүгінде өнімдеріміз 140 мем­лекетке шығарылады. Қазақстан тауар­­­­лары әлемдік нарықтан өз орнын алып жатыр деп күмәнсіз ай­туға болады. Осы орайда, шағын жә­не орта бизнестің рө­лі айрықша еке­ні сөзсіз, – деді Мем­ле­кет бас­шы­­сы. 

Президент еліміздегі кәсіпкер­лік­тің да­му қарқыны белсенді еке­ніне, бүгінде олар­дың эконо­мика­да­ғы үлесі 40 пайызға жет­кеніне назар аударды. 

– Бес жылда шағын және орта биз­нес субъектілерінің саны 1,5 есе арт­ты, ал шы­­­­ғарылатын өнім көлемі 2,5 есе көбейді. Елі­мізде жұмыс іс­тей­тін азаматтардың жартысына жуы­ғы, яғни 4,5 миллион адам биз­нес саласында еңбек етеді.

Мен Мемлекет басшысы ретін­де ша­­ғын және орта бизнесті дамы­туға айрықша мән беріп отырмын, не­гізгі мәселенің бәрі де менің же­ке бақы­лауымда. Үкімет кә­сіп­­кер­лікті жан­дан­дыру үшін ауқымды жұ­мыс істеп жатыр, кедергілерді жою үшін нақты шаралар қол­дану­да. Дегенмен әлі де шешімін тап­па­ған өзекті мәселелер мен түйт­кіл­дер аз емес, оны біз ашық түр­де мойын­даймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы тұста Мемлекет басшысы қосыл­­ған құны жоғары сапалы өнім өндіретін шағын бизнеске барынша жағдай жасалуы қа­жет екенін ес­керт­ті. Мемлекет тара­пы­нан тиісті қол­дау көрсете отырып, кәсіп­кер­лер­дің өз істерін кеңейтіп, жаңа дең­­гейге шығуына серпін берген жөн. Мұны кә­сіпкерлікті дамыту сая­сатының маңыз­ды шарты ретінде айтуға болады.

Бұдан кейін Президент бірқатар маңыз­ды мәселеге баса назар аудар­ған жөн еке­нін айтты. 

– Бірінші, Үкімет жүргізіп отыр­ған экономикалық саясат аясында инфля­ция­ны тұрақтандыру және тө­мендету, эконо­ми­каның орнықты өсі­мін қамтамасыз ету, сон­дай-ақ азаматтардың нақты табыс табуы­на жағ­дай жасау өте өзекті міндет са­на­лады. Осы бағытта таяуда Үкімет, Ұлт­­тық банк пен Қаржы нарығын рет­теу жә­не дамыту агенттігі 2026-2028 жылдарға ар­налған бірлескен іс-қимыл бағдар­ла­ма­сын қабыл­да­ды. Мен бұл жайында ауыл әкім­де­рінің диалог-платформасында айт­қан едім. Аталған бағдарламаны тиім­ді жү­зеге асыру үшін барлық са­лалық орган­дар мен әкімдіктер жұ­мыла жұмыс істеуі қажет екенін та­ғы да атап өткім келеді.

Кәсіпкерлер үшін салық, тариф жә­не рет­теу саясатының айқын әрі әділетті бол­ғаны ерекше маңызды. Жаңа Салық ко­дек­сі мемлекет пен биз­нес арасындағы ын­тымақтастық мо­делін жаңғыртады. Кә­сіп­кер­лік­тің орнықты дамуы өзара мін­дет­терді орындауға негізделетінін тү­сін­­гені­міз жөн. Осы орайда мем­­­­лекет қолай­лы іскерлік орта қалыптастырады. Ал биз­нес салықтан жалтармайды. Бұл д­а­мы­ған, өркениетті елдердің бар­лы­ғына тән. Соған қарамастан ма­ған бизнес тарапынан жаңа Салық кодексінің кейбір норма­ла­рын іске асыру мәселесіне қатысты өті­ніш­тер түсіп жатыр. Өтініштердің маз­мұны баршаға мәлім, олар бұқаралық ақ­парат құралдарында жариялануда. Үкі­мет оларды мұқият саралап, ақылға қо­нымды шешім табады деп ойлаймын. Аны­ғын айтқанда, басқа жол жоқ. Бұл – мем­лекеттік ауқым­дағы міндет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуын­ша, са­лықтық әкімшілендіруді же­тіл­діруге ба­са мән беру қажет. Атал­ған мәселені цифрлық құралдар ар­қылы шешу кә­сіп­керлерді алаң­датып отырған көптеген түйт­кілдің түйінін тарқатуға мүмкіндік береді. Келесі жылы Қазақстандық тауар өн­­дірушілер реестрі мен Тауарлар­дың ұлт­тық каталогы енгізілетінін де ескеру тиіс. Жаңадан іске қосыла­тын бұл тетіктер кей­бір кәсіпорын­дардың мемлекеттік са­тып алу бай­қауларында негізсіз артық­шы­лыққа ие болу мәселесін реттеуге ықпал етуі керек. Сондықтан Үкімет «Ата­ме­кен» па­латасымен бірге осы жыл­дың соңына дейін бизнес-қоғам­дас­тыққа зияны ти­мейтін жаңа нор­­­­малар ен­гізуді қамтамасыз еткені жөн. 

– Екінші, мемлекет пен бизнестің қарым-қатынасын өзгерту керек. Бұл істе жаппай цифрландыру және жасанды ин­теллект технологиясын тиімді қолданған жөн. Жасанды интеллект техноло­гия­лары­ның қарқынды дамуы әлемдік экономи­ка­ның түбегейлі өзгеруіне әкеп соғады. Сарап­шылардың бағалауынша, жасанды интеллект 2030 жылға қарай әлемдік ішкі жал­пы өнімге 17 триллион доллардан 26 трил­лион долларға дейін пайда әкеліп, 78 мил­лион жұмыс орнын аша алады. Ал Қа­зақстан жағдайында цифрландыру мен жа­санды интеллектіні енгізу ішкі жалпы өнім­ге 14 миллиард доллардан 20 миллиард дол­ларға дейін кіріс әкелуі мүмкін. Мұндай бол­жам бар. Оның қаншалықты дұрыс еке­нін уақыт көрсетеді. Біз тың мүмкіндіктерді барынша пайдалануымыз керек.

Мен биылғы Жолдауымда осы мәселеге айрықша тоқталдым. Ең алдымен, кәсіп­кер­­­лерді қолдау үшін ыңғайлы цифрлық эко­жүйе қалыптастыру қажет. Қазір Еgov­Business платформасы жұмыс істеп тұр. Со­ның арқасында мемлекет тарапынан көр­сетілетін қызметтер қолжетімді бола түс­ті. Кәсіпкерлердің жұмысы жеңілдеп, қа­ғазбастылық азайды. Биылдың өзінде осы қосымша арқылы 4,6 миллионнан ас­там қызмет көрсетілді. Енді платформаны Биз­нестің цифрлық картасымен өзара бай­ланыстыру жұмысын аяқтау қажет. Со­ны­мен бірге, осы платформаға жергілікті ат­қарушы органдар көрсететін қызмет түр­лерін қосу керек. Бұл шаралар кәсіп­кер­лердің біртұтас платформа арқылы әртүрлі қыз­мет алуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ платформада жасанды интеллект көме­гімен бизнес жүргізуге қатысты толыққанды кеңес алуға болады. Мұндай қадам әкім­ші­лік кедергілерді азайтып, мемлекеттік қол­дау шараларының ашық әрі тиімді болуына ықпал етеді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев үшінші мәселе – экономиканы сапалы дамыту үшін ре­фор­маларды жалғастыру екенін тілге тиек етті. Ең алдымен, экономиканың тиімділігі мен әлеуетін арттыру – басты мақсат. 

– Квазимемлекеттік сектор субъек­ті­ле­рін құруға мораторий жарияланды. Бәсе­ке­лестік ортаға берілетін 473 нысанның ті­зі­мі жасалды. Сарапшылардың есебі бойын­­ша, бұл кәсіпкерлерге шамамен 3,5 трил­­лион теңге пайда табуға мүмкіндік бе­ре­ді. Алдымызда бизнес бетпе-бет келетін әкім­шілік кедергілерді азайту міндеті тұр. Бұған дейін заңнаманы түгел тексеріп, оны же­тілдіру жөнінде тапсырма берген бо­ла­тын­мын. Ол үшін Стратегиялық жоспарлау жә­не реформалар агенттігінің жанынан Ин­теллект арқылы реттеу орталығы құры­лады. Міндетті талаптар тізімі енгізіледі. Сондықтан Үкімет пен бизнес-қоғам­дық­тың үйлесімді әрекет етуін, әсіресе цифр­лық ықпалдастықты күшейту керек. Кәсіп­к­ерлер бюрократияның азайғанын сезінуге тиіс, яғни бұл өткеннің еншісінде қалуы ке­рек. Үкімет пен қадағалаушы орган­дарға осын­дай міндет жүктеймін. Бағаның еркін на­рық талаптарына сай қалыптасуы, мем­лекет иелігінен жаппай шығару және икем­ді реттеу саясаты – экономиканың табысты транс­формациясының кепілі, – деді Мем­лекет басшысы.

Президент бизнестің мүддесі мен құқы­ғын қорғау мәселесі – біздің алдымызда тұр­ған төртінші аса маңызды міндет екенін сөз етті. Соңғы жылдары құқық және сот жүйе­сін жаңғырту үшін ауқымды жұмыс жүр­гізіліп жатыр. Әкімшілік әділет инс­титу­ты пайда болды. Бұл бастамалар қазір­дің өзінде жақсы нәтиже бере бастады. Сот­та қаралған істердің жартысынан көбі аза­маттар мен бизнестің пайдасына ше­шілуде. 

– Бизнесті негізсіз тексерулер мен заң­сыз қылмыстық қудалаудың алдын алу бойын­ша белсенді жұмыс атқарылып жа­тыр. Экономикалық қылмыстарды дек­ри­ми­нализациялау жүргізілді. Мұның бәрі «Заң мен тәртіп» қағидатының орныға түсуі­не ықпал етеді. Бас Прокуратураның Заң­сыз активтерді қайтару жөніндегі ко­митеті жыл соңына дейін Инвесторлардың құқы­ғын қорғау жөніндегі комитет болып өзге­реді. Ірі инвесторларға арналған «Ж­асыл дәліз» жүйесі іске қосылды. Енді олар­ға рұқсатнама құжаттары тез берілетін бол­ды.

Мен Жолдауда жаңа инвестициялық ке­зеңді бастау қажеттігін айттым. Қазір әлем­де нарық және капитал үшін талас-тар­тыс күшейіп барады. БҰҰ Сауда және да­му жөніндегі конференциясының (ЮНКТАД) мәліметіне сәйкес, дүниежүзі бойын­ша тікелей шетелдік инвестицияның нө­пірі айтарлықтай бәсеңдеген. 2024 жылы әлем­де нақты секторға бағытталған инвес­тиция көлемі 11 пайызға, яғни 1,5 триллион долларға дейін қысқарған. Басқаша айт­қанда, жаһандық инвестиция биыл екінші жыл қатарынан құлдырап барады. Мұның не­гізгі себебі – үдей түскен геосаяси шие­ле­­ніс пен халықаралық жеткізу тізбегінің үзілуі. Сондықтан біз еліміздегі іскерлік ор­­таны жақсартуымыз керек. Бұл – Үкі­меттің алдында тұрған маңызы айрықша мақ­сат, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы бесінші мәселе ре­тін­де бизнесті мемлекеттік қолдау шара­лары­ның тиімділігін арттыру жайын атады. Экспорт нарығында бәсекеге түсе алатын, отан­дық шикізатты пайдаланатын, сондай-ақ озық технологиялар мен инновациялар трансферімен айналысатын кәсіпорындарға басымдық берілуге тиіс. 

– Биыл «Бәйтерек» холдингі арқылы ша­ғын және орта бизнесті қолдау көлемі ша­мамен екі триллион теңгеге жетті. Тіке­лей субсидиялаудан гөрі кепілдік беру құ­рал­дарына көштік. Осы мақсатта менің тап­сырмаммен «Даму» қоры жанынан ша­ғын және орта бизнеске, сондай-ақ ірі ин­вестициялық жобаларға арналған екі ке­пілдік қоры құрылды. Аталған бағыт ая­сында 2229 жобаға жалпы сомасы 400 мил­лиард теңгеден астам кредит берілді. Оның ішін­де 220 миллиард теңгеден астамы мем­лекеттік кепілдікпен қамтамасыз етілді. Іскер­лік белсенділікті одан әрі ынталандыру үшін шағын бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламасын жедел қабылдаған жөн. Құ­жатта өңірлердің ерекшелігі мен кәсіп­кер­лерді нақты қолдау тетіктері қарас­тыры­луға тиіс.

Жергілікті өнімге, білім мен заманауи тех­нологияға басымдық беру айтарлықтай нә­тиже әкелетінін тәжірибе көрсетті. Мы­сал ретінде, Жапонияның халықаралық ынтымақтастық агенттігі (JICA) және «Ата­мекен» ұлттық палатасының қолдауы­мен жү­зеге асқан «Бір ауыл – бір өнім» жобасын кел­тіруге болады. Ауыл-аймақтардан осын­дай ақылға қонымды өтініштер мен ұсы­ныс­тар жиі түседі. Мәселен, қой мен ірі қа­ра терісін өңдейтін кәсіпорын ашу тура­лы бастаманы айтуға болады. Неге екенін қайдам, қанша жыл өтсе де осы шаруаны Үкі­мет те, бизнес те қолға алмаған. Әйтсе де, шағын және бизнес бұл кәсіппен айна­лысу­ға ниетті. Үкімет ортақ жауапкершілік қа­ғи­датына сай мемлекет пен бизнестің тиім­ді қарым-қатынас жасауына жан-жақ­ты ықпал етуі керек. Бұл ауылдар мен ша­ғын қалалардың дамуына тың серпін бере­ді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев әлемде болып жат­қан үдерістерге де тоқталды. Геоэ­ко­но­микалық ахуал өте құбылмалы әрі бұлың­ғыр. Осындай кезеңде бизнес өкілдерінің жа­сампаздық, отаншылдық қасиеттері ай­қын көрінеді. 

– Мұндай уақытта кәсіпкерлеріміздің та­бан­ды еңбегі және ел болашағына деген зор сенімі аса маңызды екені анық. Түптеп кел­генде, сапалы өнім шығарып, сапалы қыз­­мет көрсету – бәсекеге қабілетті болу жә­­не ең бастысы, еліміздің өркендеуіне нақ­­ты іспен үлес қосу деген сөз.

Ел Президенті ретінде кәсіпкерлерге, ұлттық буржуазиямызға, соның ішінде, ең ал­дымен, осы залда отырған бизнес қоғам­дас­тықтың өкілдеріне шынайы құрметпен қа­раймын. Сіздердің қабілеттеріңізге, іс­керлік және адамгершілік қасиеттеріңізге се­немін. Сіздер – мемлекетіміздің игілігі, эко­номикалық әлеуеті үшін табанды еңбек етіп келе жатқан Қазақстанның нағыз пат­риотысыздар. Сіздер жетістікке жетуден ша­быт алатын, өзгелерге үлгі болатын аза­матсыздар. Әр қадамдарыңыз сәтті бола­тынына сенімдімін.

Қандай да бір істе болсын, пессимизмге бой алдыратын, әрекетсіз, құлықсыз, іші тар адамдардың жетістікке жетпейтіні ер­те­ден белгілі. Мұны, әсіресе әлеуметтік же­­лі­де уақытын өткізіп жатқан жастар білуі әрі есте сақтауы керек. Шығыс даналығы ең қиын жағдайдың өзінде үлкен мүм­кін­дік­тер жасырынып жататынын айтады. Сон­дықтан еңсені түсіріп, күйзеліске бе­рілу­дің қажеті жоқ. Керісінше, жетістікке же­тетін жол іздеу керек, – деді Мемлекет бас­шысы.

Президент елімізде табысты бизнеспен айналысуға қолайлы жағдай жасалғанын айтты. Мұны барлық шетелдік бақылаушы мен маман мойындап отыр. Креативті ин­дуст­рия секілді жаңа секторларды да­мыту арқылы экономиканың көкжиегі кеңейеді. 

– Халықаралық қаржы институттары­ның есебіне сәйкес, аталған сегмент әлем бойынша жыл сайын 2 триллион доллардан аса табыс әкеле алады, сондай-ақ 50 мил­лионнан астам жұмыс орнын ашуға қау­қарлы. Бірқатар дамыған елде, мәселен, АҚШ-та, Ұлыбританияда, Корея Респуб­ликасында креативті индустрия ішкі жалпы өнімнің 2-ден 7 пайызға дейінгі көлемін қа­лыптастырады. Сарапшылардың баға­лауын­ша, креативті индустрияға салынған әр доллар қосылған құнның 2,5 долларын құрайды. Қазақстанда креативті индустрия­ны өркендетуге айтарлықтай әлеует бар. Біз­дің жастарымыз өте шығармашыл, олар­дың мінезі де, менталитеті де соған сай ке­ле­ді.

Алайда еліміздің ішкі жалпы өніміндегі бұл сектордың үлесі 1 пайыз ғана. Соңғы жыл­дары бәсекелестіктегі артықшылық­тары­мызды толық ашуға, экономикалық өсім­нің тың мүмкіндіктерін табуға, инвес­ти­ция тартуға және кәсіпкерлік бастамалар­ды ынталандыруға бағыт алдық. Үкіметтің алдында сапалы экономикалық өсімді қам­­тамасыз ету міндеті тұр. Жолдауда инф­ля­цияның шарықтауына жол беруге бол­май­тынын айттым. Өйткені инфляция аза­маттардың әл-ауқатын арттыруға бағыт­талған барлық шешім мен әрекетті жоққа шы­ғарады. Бұл орайда өте қатаң бюджет тәр­тібін орнатпаса болмайды. Қаржы тек іш­кі жалпы өнімнің өсуіне, Қазақстанның әлем­дік аренада лайықты орнын алуына ық­пал ететін басым жобалар мен бағдар­ламаларға ғана жұмсалуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы өнім­дерімен, халық күнделікті тұтынатын тауарлармен қамтамасыз ету мәселесі то­лық шешілмей келе жатқанын ескертті. 

– Импорт өте көп. Ол көзге анық көрі­ніп тұр. Бірқатар тауар номенклатурасы бойын­ша сырттан келетін өнімге тым тәуел­діміз. Қазақстанда бұған жол беруге бол­майды. Оның үстіне, биыл мемлекет та­ра­пынан ауыл шаруашылығына 1 трил­лион теңге қолдау жасалды. Бұл – рекорд­тық көрсеткіш. Ал еліміз шығаратын өнім кө­лемі 2024 жылдың қорытындысы бойын­ша 8,5 триллион теңгеге бағаланды.

Қазақта «Жақсылық жүрген жерде тап­шы­лық болмайды» деген сөз бар. Биылғы «Парыз» байқауына қатысушылар түрлі қайырымдылық шараларға 37 миллиард тең­геден астам қаржы салған. Бұл отандық биз­нестің қоғам игілігі үшін аянбай адал қыз­­мет етуге дайын екендігін көрсетеді. Осын­да отырған әр азаматтың туған елге де­­ген ықылас-пейілі жас кәсіпкерлерге үлгі-өнеге болары сөзсіз. Сіздерге тағы да шынайы ризашылығымды білдіремін! Кәсіптеріңіз алға баса берсін! Баршаңызға амандық, табыс тілеймін! – деп түйіндеді Президент.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын сапа» және «Парыз» байқау­ларына қатысқан кәсіпкерлердің барлығы­на алғыс айтып, лауреаттарды марапаттады.