Бүгін «грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің жылдық қорытынды конференция отырысы өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Отырыста 2025 жылғы жұмыс қорытындылары, ұлттық құрамалардың халықаралық жарыстардағы нәтижесі, 2026 жылға арналған міндеттер талқыланды. Сондай-ақ федерация президентін сайлау өтті.
Федерация мәліметінше, алқалы жиында конференция қатысушыларының шешімімен Қазақстанның грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті болып Еркін Оқасов сайланды.
Талай жыл табанды еңбек етіп, осы уақытқа дейін федерация президенті қызметін атқарған Дәулет Болатұлына алғыс айтылды.
«Күрестің туын түсірмей, қазақ спортын әлемге асқақтата беру үшін бар күш-жігерімді саламын. Сенім білдірген барша жандарға мың алғыс және өздеріңіздің қолдауларыңыз арқылы талай белестерді бірге бағындырамыз деп сенемін!» – деді Еркін Оқасов.
Еркін Оқасов – Батыс Қазақстан облысының тумасы. Кәсіпкер, «ВД Строй-Инжиниринг» ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы. Осы уақытқа дейін «Qazaq kuresi» қауымдастығының вице-президенті қызметін атқарды.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.