Бүгінде әйелдер көшбасылығының рөлі айрықша өзекті. Әйел-ғалымдар жасанды интеллектіні дамыту, «жасыл» экономика, конвергентті технологиялар және ғылыми-технологиялық революцияның өзге де серпінді бағыттары бойынша әзірлеу үдерістерінде толыққанды түрде ұсынылып, бой көрсетуі тиіс.
Орталық Азияда ғалым әйелдердің өңірлік даму процесіндегі рөлі артып келеді
www.istockphoto.com
243
оқылды

Қараша айының соңында Ташкентте «SheScience-2025: ғылыми-инновациялық экожүйелерді интеграциялау арқылы өңірлік дамуды ілгерілету» атты Орталық Азия елдерінің әйел ғалымдарының алғашқы форумы өтті. Форумға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан республикаларынан 60-тан астам ғалым  мен зерттеуші әйелдер қатысты. Өзбекстан Республикасының Ғылым академиясының шақыруымен мен форумның пленарлық сессиясында «Орталық Азия елдерінде ғылым мен білімді интеграциялаудың ұлттық үлгілерін үйлестіру: міндеттер, басымдықтар, мүмкіндіктер, кедергілер» тақырыбында баяндама жасалды.

ЮНЕСКО деректері бойынша, әлемде ғылыммен айналысатын әйелдердің орташа үлесі 31,5%-ды құрайды. Көбіне жоғары білім туралы диплом алғаннан кейін әйелдер ғылымға бармайды, өйткені үй шаруасы мен бала тәрбиесіне көп уақыт жұмсалады. Шынын айту керек, ғылым саласындағы әйелдердің рөлі әлі де лайықты деңгейде бағаланбай келеді. Нобель сыйлығы лауреаттарының ішінде әйелдер тек 6,1%-ды құрайды. Соған қарамастан, мен жағдайды оптимистік тұрғыдан бағалауға бейіммін. Әсіресе біз – Шығыс әйелдері, өзімізге тән «екіншілік» рөл туралы қалыптасқан стереотипті жоққа шығарып, әлемге гендерлік дамудың бірқатар оң үлгілерін көрсетіп жүрміз. Қазақстан ғылымдағы әйелдер үлесі ерлерден жоғары елдер үштігіне кірді. Қазақстандық әйелдердің ғылымның қай салаларында жұмыс істейтіні туралы төмендегі деректер айқын көрсетеді. Біздің әйелдер медицинада (71%), әлеуметтік ғылымдарда (62%) және гуманитарлық ғылымдарда (59%) басымдыққа ие. Қазақстандағы жоғары ғылыми біліктілікке ие мамандардың ішінде философия докторларының (PhD) 50,8%-ы, ғылым кандидаттарының 54,5%-ы, магистрлердің 61,1%-ы – әйелдер. Аздаған артта қалу әзірге ауыл шаруашылығы мамандықтарында (45%), инженерия мен технология салаларында (44%) байқалады. Өзбекстанда әйелдер елдегі барлық ғалымдардың 48%-ын құрайды. Бұл көрсеткіштердің барлығы жоғарыда аталған әлемдік орташа деңгейден әлдеқайда жоғары.

Басқаша айтқанда, Орталық Азия аймағындағы әйел ғалымдар – қуатты жасампаз ресурс. Олар қоғамның инновациялық, шығармашылық, рухани-интеллектуалдық әлеуетін жинақтап, жүзеге асыратын күрделі де ықпалды қауымдастық болып саналады. Өңірлік дамудың мүмкіндіктерін қаншалықты тиімді пайдалану және кедергілерді жеңу көбіне осы әйел ғалымдарға байланысты.

Бүгінде әйелдер көшбасылығының рөлі айрықша өзекті. Әйел-ғалымдар жасанды интеллектіні дамыту, «жасыл» экономика, конвергентті технологиялар және ғылыми-технологиялық революцияның өзге де серпінді бағыттары бойынша әзірлеу үдерістерінде толыққанды түрде ұсынылып, бой көрсетуі тиіс. Сонымен қатар аталмыш іргелі қағиданы есте ұстау маңызды: ғылым өзінің табиғаты жағынан интернационалды. Ғалым – өз елінің азаматы, бірақ сонымен қатар бүкіләлемдік «Ғалымдар Республикасының» азаматы. Мұндағы азаматтықты паспорт емес, жарияланымдардың сапасы мен әріптестердің мойындауы растайды.

Орталық Азия аймағында бірыңғай ғылыми-білім беру кеңістігін құру бағытында ұстанымдарды жақындату мен күш-жігерді үйлестірудің өзектілігі сөзсіз. Бұл – біздің елдердің жаһандық білім экономикасына кірігу жөніндегі стратегиялық бағытын іске асыру аясында аса маңызды. Жоғары технологиялар мен инновациялар дәуірінде ғылым, білім және өндірістің синергиясы мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігін айқындайды.

ЮНЕСКО дайындаған «Орталық Азиядағы жоғары білім» атты сараптамалық жазбада былай деп көрсетіледі: Орталық Азияның төрт елі табиғи ресурстарға негізделген экономикадан «білім қоғамына» өтуді міндет етіп, жоғары білімді экономикалық дамудың шешуші факторы ретінде қарастырады. Ұлттық жүйелердің тиімді «ұштасуына» қажетті алғышарттар бізде бар. Бірыңғай кеңістікті құру – белгілі бір мағынада ортақ тарихи тәжірибе негізінде оны қайта жаңғырту. Әрине, кеңестік жүйені сол күйінде қалпына келтіру мүмкін емес, бірақ психологиялық тұрғыдан алғанда, әсіресе аға буын ғалымдары жаңа, бірыңғай форматтарға көшуге дайын. Орыс тілін меңгеру коммуникациялық кедергілерді жояды, ал жас буын қазіргі ғылымның lingua franca-сы – ағылшын тілін белсенді түрде меңгеріп келеді.

Барлық объективті қиындықтарға қарамастан, бүгінгі күні Орталық Азия аймағында бірыңғай ғылыми-білім беру кеңістігін құру – уақыттың талабы, халықтарымыздың түбегейлі мүдделеріне толық сәйкес келетін объективті қажеттілік. Орталық Азия елдерінің алдында ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың (ҒЗТКЖ) инновациялық даму деңгейіне көтерілу үшін еңсерілуі тиіс бірқатар баспалдақ  тұр.

Орталық Азия елдері студенттерінің негізгі бөлігі әлі де Ресей жоғары оқу орындарын таңдайтыны ешкімге құпия емес. Мысалы, Қазақстаннан Ресей Федерациясында 80 мыңнан астам, Тәжікстаннан 65 мыңнан астам жастар оқиды. Біздің мақсатымыз – орталықазиялық жоғары оқу орындарының тартымдылығын арттыру.

Ғылым мен жоғары білімді қаржыландырудың төмендігімен қоса, халықтың әртүрлі әлеуметтік-экономикалық топтары арасындағы білім алу мүмкіндіктерінің айқын айырмашылықтары да бар. Мәселен, Қазақстанда аз қамтылған отбасылардан шыққан жастардың тек 15%-ы ғана жоғары білім алады, ал ең ауқатты топтардағы студенттердің 72%-ы жоғары оқу орындарында оқиды. Бұл – бірлесіп еңсеруге міндетті кедергі.

Халықаралық серіктестер өңір елдерінің мынадай бағдарламаларға қатысу мүмкіндіктерін таныстырды:

  • Орталық Азияның өңірлік экономикалық ынтымақтастығы (CAREC);
  • Еуропалық одақтың зерттеулер мен инновациялар жөніндегі Horizon Europe бағдарламасы;
  • Еуропалық одақтың академиялық ұтқырлық бағдарламасы Erasmus+;
  • сондай-ақ ғылыми қаржыландырудың басқа да халықаралық құралдары.

Панельдік пікірталастар мен сараптамалық баяндамалар шеңберінде заманауи ғылым мен инновацияның ең өзекті бағыттары талқыланды:

  • Орталық Азия елдерінің ғылыми-инновациялық экожүйелерін интеграциялау;
  • жасанды интеллектіні дамыту және оны зерттеулерде пайдалану;
  • ғылыми коммуникация және қоғамның ғылымға деген сенімі;
  • «жасыл» және климатқа төзімді шешімдер;
  • энергия тиімділігі және жаңғыртылатын энергетика;
  • ғылымды коммерцияландыру және академиялық кәсіпкерлік;
  • трансшекаралық ғылыми консорциумдар және инновациялық стартаптар.

Форум қатысушылары өңірлік ынтымақтастықтың әлеуетін көрсететін зерттеулер, жобалар және ұлттық тәжірибелерді таныстырды.

Қорытынды құжатты талқылау барысында Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының вице-президенті Шахло Турдикулова  SheScience  форумын әйел-ғалымдар тек білім алмасатын ғана емес, сонымен қатар жаңа зерттеу бағыттарын, консорциумдар мен бастамаларды қалыптастыратын алаң ретінде бағалады. Оның пікірін барлық ташкенттік форум қатысушылары қолдады. Олардың айтуынша, Орталық Азия өңірінің дамуы үшін ғылым әлеуетін пайдалану жолында сенімге, ынтымаққа және ортақ мақсаттарға негізделген жаңа өңірлік ғылыми интеграция форматына бастау беріліп отыр.

 SheScience-2025  форумының негізгі қорытындысы – Орталық Азия елдерінің ғылыми-инновациялық экожүйелерін интеграциялау бағыттарын, бірлескен зерттеулер бойынша серіктестікті және осы үдерістерге әйел-ғалымдардың қатысуын кеңейтуді айқындайтын өңірлік құжат – ортақ коммюнике қабылдануы болды.

Құжат болашақ ынтымақтастықтың бес негізгі бағытын белгілейді, аймақтың ортақ сын-қатерлеріне тиімді жауап бере алатын тұрақты ғылыми экожүйелерді қалыптастыруды мақсат етеді. Ол жыл сайын өтетін өңірлік форумды ротациялық негізде ұйымдастырудың негізін қалайды. Форумға қатысушы әрбір ел бұл эстафетаны лайықты жалғастырады деп сенемін.

Зарема ШӘУКЕНОВА,

Әлеуметтану институтының директоры, әлеуметтану ғылымдарының докторы, академик,

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері