Жаһанға әйгілі Disney студиясының қазақ тілінде дыбысталған кезекті мультфильмі көрерменге жол тартты. Осылайша, көпшілік әлемдік премьераны дүниежүзімен қатар ана тілімізде тамашалауға мүмкіндік алып отыр.
Әлемдік премьера қазақ тілінде «сөйледі»
584
оқылды

Алматыда «Аңдар шаһары 2» атты анимациялық туындының тұсаукесері өтті. Бұл – Disney-дің осы жылы қазақ тілінде «сөйлеткен» төртінші фильмі. Көрсетілімге дубляж актерлерінің толық құрамы мен шығармашылық ұжым өкілдері қатысты. Блогер, актриса Сабира Жарасқызы – Джуди Хоппстың, театр және кино әртістері  Бақытжан Әлпейіс – Милтон Рыcевичтың, Асан Мәжит – Бого Басекенің (Капитан Буйволсон), Еркебұлан Дайыров Дәу Мырзаның (Мистер Биг) дауысын дыбыстады.

Әлемдік киностудияның тә­жірибесіне зер салып қарасақ, Disney үшін төл туындыларын түрлі елге бейімдеп, дубляждау үрдіске айналған. Оған дәлел, Disney жыл сайын әр фильмнің түрлі тілде дыбысталған 40-қа жуық нұсқасын дайындайды. Олардың арасында қазақ тілі де бар. Былтырдан бастап «Қазақ тілі» қоғамының мұрындық болуымен ірі халықаралық студиялар әлемдік премьера­ларын ана тілінде ұсынуға көшті. Іргелі бастаманың нәтижесінде Disney студиясы 2024 жылы «Ойжұмбақ 2», «Моана 2», «Муфаса: Арыстан патша» деп аталатын үш фильмін қазақ тіліне аударып, дубляж жұмысын қаржыландырса, биыл «Ақшақар», «Лило мен Стич», «Элио» туындысын жарыққа шығарды. Бұл тұста халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжехан­ұлы жоба басталғалы әлемдік премьераларды қазақ тілінде тамашалайтын көрермен қатары ұлғайғанын, алдағы уақытта бұл көрсеткішті одан әрі арттыруды жоспарлап отырғанын жеткізді. 

– Біздің негізгі мақсатымыз – әлемдік премьераны ана тілінде көретін көрермен санын көбейту. Осы жолы еліміз бойынша қазақ тіліндегі қаралым үлесін кемінде 20 пайызға жеткізуді көздеп отырмыз. Қазір бұл мақсатымызға ақырындап жақындап келеміз. Бастапқыда қазақ тіліндегі қаралым үлесі 5 пайыз болса, кейінгі ұсынылған мультфильмдердің көрсеткіші – 17-18 пайыздың төңірегінде. Бұл – көрерменнің қазақтілді өнімдерге деген сұранысы артып келе жатқанын көрсетеді. Disney секілді әлемдік студиялардың өз туындысын қазақша сөйлетуі – біздің қоғамның мәдени талғамының және тілге деген жаңа ұстанымның нәтижесі. Дәл осындай жобалар тіліміздің табиғи ортасын кеңейтуге зор ықпал етеді, – деді Рауан Кенжеханұлы.

Өмірлік құндылықтарға негізделген месседж

Аңдар шаһары 2» мультфильмінің өмірлік құндылықтарға негіздел­ген өзіндік месседжі бар. Фильмде детек­тивтер Джуди Хоппс пен Ник Уайлд жұмбақ рептилияның ізіне түседі. Ол Аңдар шаһа­рының астан-кестенін шығарады. Бұл істі ашу үшін ақкөңіл қоян Джуди мен айлакер түлкі Ник бүркемеленіп жұмыс істеуге мәжбүр болады. Оқиға бары­сында екі дос шытырманға толы сынақтардан өтеді. Туындыны тамашалайтын аудиторияның басым бөлігі балалар болғанымен, оның астарында жас талғамайтын идеялар мен маңызды құндылықтар жатыр. Сондықтан да болар, алдын ала көрсетілімге келген көрерменнің көптігінен залда ине шаншар орын болмады. 

– Мультфильмде жыландардың халық ретінде қысым көруі, қоғамда әділетсіздікке ұшырауы көрініс табады. Басты рөлдегі Ник пен Джуди жыландардың бұрынғы мекеніне қайта оралуына көмектесіп, шаһарда әділдік орнату үшін күреседі. Фильмнің өзегінде достық, әділдік, адамгершілік сынды құндылықтар жатыр, – деді дубляж режиссері Шах-Мұрат Ордабаев.

Сұраныс болса, ұсыныс әркез дайын

Режиссердің сөзінше, мультфильмнің дыбысталуына шамамен бір айға жуық уақыт жұмсалған. «Фильмнің жас шектеуі 6+ болғандықтан, біз ересектің де, баланың да, тіпті TikTok пен Instagram тілінде де сөйлеуге тырыстық», – дейді ол. 

– Бізге қазір ең қажеті – көлем. Қазақтілді контентті талап ететін тұтынушылар санының көбеюі маңызды. Көрермен қазақша нұсқаны саналы түрде таңдай бастағанда ғана қазақ тіліндегі өнімдер көрсеткіші артады. Қоғамда үлкен өзгерістің болуы көрерменнің таңдауына байланысты. Сұраныс болса, ұсыныс әркез дайын, – деді Шах-Мұрат Ордабаев.

Мультфильмдегі басты кейіпкерлердің бірі Джуди Хоппстың дауысын әлеуметтік желіде миллиондаған оқырманы бар блогер, актриса Сабира Жарасқызы дыбыстаған. Бұл рөл – актрисаның шығармашылық тәжірибесіндегі алғашқы дубляж кейіпкері. Десе де, Сабира Жарасқызы осыған қарамастан кейіпкерді дыбыстау аса қиындық тудыр­мағанын айтып, оның себебін кейіпкер мен актер арасындағы ұқсастықпен байла­ныс­тырды. 

– Шынымды айтсам, басты кейіпкерді дыбыстау аса қиын болған жоқ. Өйткені Джудидің мінезі, сөйлеу мәнері өзіме жақын. Дегенмен процесс барысында қызықты тұстарымен қатар өзіндік қиындықтары да болды. Мультфильм адамгершілік қасиеттерді насихаттайды. Өмірде адам әрдайым әділ болуға және тек жақсылыққа ұмтылуға тиіс. Қайтпас қайсарлық танытып, өз міндетін адал атқара білуі өзекті. Джуди дәл осы қасиеттерді бойына жиған кейіпкер.

 Қазақ тіліндегі дубляждың дамуына әр көрерменнің үлесі бар. Сол себепті қазақша дубляждалған мультфильмдерге міндетті түрде келіңіздер. Әрбір көрермен біз үшін маңызды, – деді ол.

Ұйымдастырушылар «Аңдар шаһары 2» мультфильмінен кейін араға көп уақыт салмай кезекті әлемдік премьера прокатқа шығатынын мәлімдеді. Желтоқсан айында танымал режиссер Джеймс Кэмеронның «Аватар: от пен күл» фильмі қазақ тілінде жарық көреді. Сонымен, бұл Disney ұсынған осы жылдың бесінші анимациялық туындысы болмақ. 

А.МАЛИКАЖДАРОВА