Бала күліп жүрсе, қоғамның да жүзі жарқын. Десек те, қазіргі статистика қорқынышты үрей тудырады.
Мектеп қауіпсіз мекен бе?
714
оқылды

Себебі кейінгі жылдары елімізде мектептегі буллинг оқиғалары, күйзеліс пен агрессияға ұшыраған балалар саны азаймай тұр. Былтыр Қазақстан мектептерінде 145 буллинг дерегі тіркелген. Одан бөлек, елімізде әкімшілік жауапкершілік енгізілгелі бері 327 жағдай болған. Көптің алаңдаушылығын туғызған мәселеге қатысты мамандар балалардың психоэмоционалдық әл-ауқатын қорғауға бағытталған шараларды күшейтіп, мектептерде психологиялық көмек жүйесін дамытуға кірісті. Алайда арнайы жүйе құрылғанына қарамастан, оның тиімділігіне қатысты сұрақ көп. 

Мектеп қабырғасында буллинг оқи­ғаларының көбеюі әлі күнге дейін түйіні тарқамаған біршама мәсе­ле­нің шетін шығарды. Осыған байланысты Ал­матыда өткен жиында психология және бі­лім беру саласының өкілдері күн тәр­ті­бінде тұрған түйіткілдерді ортаға салды. Бас прокуратураның Құқықтық статис­ти­ка және арнаулы есеп комитетінің де­рек­теріне сәйкес, 2025 жылы кәмелетке тол­мағандар арасында 139 суицид және 293 өзіне-өзі қол жұмсауға оқталған әре­кет тіркелген. Дәл осы статистиканы бас­шылыққа алған азаматтар мәселенің қан­шалықты өзекті екенін түсіндіріп, қо­ғамға дабыл қақты. 

Алматы мектептеріне 60 психолог жетіспейді

Бұл тақырып екі миллионнан астам тұр­ғыны бар Алматы жұртшылығы үшін де өзекті. Қазір мегаполисте 215 мем­ле­кет­­тік мектеп жұмыс істеп тұр. Алма­ты­да­ғы білім ошақтарында жалпы саны 300 мың­нан астам бала білім алады. Дәлірек айт­сақ, мұндай ауқымды көлемдегі бала са­ны шоғырланған аймақ ерекше бақы­лау­ды талап етеді. Жоғарыда психол­о­гия­лық көмек жүйесі туралы атап өтуіміз де бекер емес. Себебі қазір жалғыз Алматыда емес, мемлекеттік деңгейде психологтар тап­шы. Басылымымызға пікір білдірген Ал­маты қаласы Білім басқармасының «Пси­хологиялық қолдау орталығы» КММ ди­ректоры Венера Қоқанова да бұл кем­шін тұсымызды жоққа шығармады.

– Бүгінде Үкімет қабылдаған жоспарға сәй­кес, әр 500 оқушыға бір психологтан бе­кітілген. Қазір маман тапшылығына бай­ланысты бұл норма толық орындалып отыр­ған жоқ. Осыған орай, біз жоғары оқу орын­дарымен келіссөздер жүргізіп, ма­гистранттар мен докторанттарды жарты ставкамен мектептерге тарту мүмкіндігін қарас­тырып жатырмыз. Дегенмен тап­шы­лық әлі де бар. Кейбір мектептерде бұл жүйе дұрыс жолға қойылғанымен, кей­бірін­де жағдай күрделі. Мәселен, Алматы қаласының өзінде 60 психолог жетіспейді. Қазір жұмыс істеп жүрген мамандардың 80 пайызы – жас мамандар, алайда соның өзінде де кадр жетіспеушілігі байқалады, – дейді ол.

Маманның сөзінше, қазір 2-3 мың оқу­шымен жалғыз өзі жұмыс істеп жүрген пси­хологтар бар. Сондықтан 500 балаға бір маман қарастырылса, оң шешім болар еді. Бірақ халықаралық тәжірибеге сүйен­сек, шетелде кем дегенде 200-300 балаға бір психологтан келеді және олардың жа­­­­нында әлеуметтік қызметкерлер де бо­лады. Өкінішке қарай, бізде әзірге әлеу­меттік қызметкер қарастырылмаған.

Маңызды атап өтерлік жайт, бала пси­хо­логиясымен жұмыс істеу – мектептегі жал­ғыз психологқа ғана емес, ата-анаға да жүктелген міндет. Кей жағдайда оқу­шы­ның мәселесін мектептегі мұғалімге ысы­рып, жауапкершіліктен ат-тонын ала қа­шатын ата-аналар да кездеседі. Осыған қа­тысты Венера Қоқанова ата-аналарды ба­ласының жағдайына бейжай қарамауға, мек­теп психологтарымен бірлесе жұмыс іс­теуге шақырды.

– Ата-аналардың рөліне тоқталсақ, барлық жағдайға оларды кінәлай алмай­мыз. Өйткені бізде ата-ана болуды үйре­те­тін арнайы мектеп немесе институт жоқ. Де­сек те, жауапкерішілікті мектепке ысы­рып қоятын ата-аналар жоқ деуге кел­мейді. Біз ата-ана мен балаға әркез кө­мектесуге дайынбыз. Біздің міндетіміз де осы. Бірақ кейбір ата-аналар баласының мә­селесін байқаса да, психологтың кө­ме­гінен бас тартады. Мысалы, депрессияда жүрген немесе буллингке ұшыраған ба­ла­сын көре тұра, «Барлығын өзім реттеймін, еш­қандай психологиялық көмек керек емес» деп жолатпайтын ата-аналар бар. Мұн­дай отбасылармен жұмыс істеу өте қиын. Сондықтан біз бұл бағытта білім бас­қармалары, полиция, әкімдік жанын­дағы комиссиялар секілді барлық құры­лымды жұмылдырамыз, – деді ол.

Былтыр елімізде баланы буллинг пен зорлықтан қорғауға бағыттал­ған «Дос болайық» бағдарламасы іске қо­­­­сылған еді. Венера Сембекқызының ай­туын­ша, қазір бұл бағдарлама аясында мек­тептерде сыныптық және топтық іс-ша­ралар ұйымдастырылып келеді. Де­ген­мен бастаманың іске асуына көп уақыт өте қоймағандықтан, оның нақты нә­ти­жесін бағалау әлі ерте. «Өркен» инс­ти­ту­ты­ның мәліметінше, алғашқы оң көр­сет­кіштер байқалғанымен, толық қорытынды жасау үшін кемінде жарты жыл уақыт қа­жет.

– Қазір агрессор балаларды қоғамға пай­далы іс-шараларға, әлеуметтік жоба­лар­ға тарту тәжірибесі енгізіліп жатыр. Де­ген­мен психологтардың тапшылығына бай­ланысты жеке жұмыс істеу қиын. Мә­се­лен, мектепте буллингке ұшыраған 5-6 ба­ла бар болса, олардың әрқайсысымен тұ­рақты жұмыс жүргізетін мамандар қажет, – деді В.Қоқанова.

Сондай-ақ маманнан психолог пен сы­нып жетекшілерінің арасындағы бай­ла­ныстың жүйелі түрде жолға қойылуы ту­ра­лы пікірін сұрап көрдік. 

– Психолог пен сынып жетекшісінің өза­ра әрекет етуі нормативтік актілермен рет­теледі. Дегенмен кей жағдайда жалақы мә­селесіне байланысты кадр ауысымы жиі болып жатады. Соның сал­да­ры­нан, психолог пен сынып жетекшінің ара­­­­­сында тұрақты байланыс болмайды. Ал негізінен буллинг немесе тәрбиеге қа­тыс­ты кез келген жағдайда директордың тәр­бие ісі жөніндегі орынбасары, сынып же­текші және психолог бірлесе әрекет ете­ді. Егер бала буллингке ұшырағаны дә­лелденсе, жағдай ата-анасының қаты­суы­мен комиссияда қаралады. Комиссия заң аясында шешім қабылдайды: кей жағ­дайда ата-аналарға айыппұл салы­на­ды, балаға жеке жоспар құрылып, сынып же­текші мен психологтың тұрақты бақы­лауы­на алы­­­нады, – деді Алматы қаласы Білім бас­қар­масының «Психологиялық қолдау ор­­талығы» КММ директоры В.Сем­бек­қызы.

Әлеуметтік шеңбері жоқ құбылыс 

Осыған дейін мемлекет деңгейінде 2023-2025 жылдарға арналған балаларды зор­лық-зомбылықтан, буллингтен қорғау жә­не суицидтің алдын алу жөнінде ке­шенді жоспар қабылданған еді. Қазір бұл жос­пардың мерзімі аяқталып келеді. Қо­ғамдық қор ретінде жоспарды жүзеге асыру барысын бақылаған Just Support қо­рының атқарушы директоры Светлана Бога­тырева мониторинг нәтижелерін ұсын­ды. Ол мониторинг кезінде анықтал­ған проблемаларды төмендегіше тізіп өтті. 

– Мектептерде психолог мамандар жет­кіліксіз, тіпті кейбір қолда бар ма­ман­дар­дың біліктілігі көңіл көншітерлік деуге кел­мейді. Сонымен бірге, нормативтік-құқықтық құжаттарды қайта қарау қа­жет­тілігі туындап отыр. Мысалы, буллинг мә­селесін реттейтін екі түрлі бұйрық бар. Біз мектеп психологтарының жұмысын же­тілдіру қажет деп есептейміз. Қазір олар­дың міндеті тым көп, жүктемесі ауыр, ал уақытының көбін есеп беруге жұм­сайды. Сондықтан бұл қызметті жүйелеп, тиімді әрі түсінікті етіп реттеу қажет, – де­ді қор өкілі.

Wisevoter ұйымының дерегіне назар ау­дарсақ, 2023 жылғы дерек бойынша суи­­цид статистикасында Қазақстан 178 ел­дің ішінде 19-орынға тұрақтаған. Жи­налған деректер мен сарапшылар пікірі көр­сеткендей, суицидке баратын ба­ла­ларды нақты бір әлеуметтік шеңбермен шек­теу мүмкін емес. Осыған қатысты Свет­лана Богатырева суицидтің себебі әр ба­ланың жеке психологиялық ерекшелігі мен оның айналасындағы әлеуметтік-пси­­хологиялық климатпен тығыз бай­ланысты екенін айтты. 

– Негізінде, мұндай құбылысты бел­гілі бір ортаға тән деуге келмейді. Мұнда бас­­ты мәселе – баланың психикалық сау­­лығында. Егер баланың менталдық ден­­саулығы мықты болса, ол мектептегі бул­лингті де, емтихандағы сәтсіздікті де, ата-анамен болған жанжалды да еңсере ала­ды. Ал егер оның психикалық тұрақ­ты­лығы әлсіз болса, онда бала қиындық­тар­ға төтеп бере алмай, суицид қаупіне тап болады. Яғни, мұндай жағдай кез кел­­ген ортада кездеседі. Өзін-өзі өлтіруге ба­ру фактілері тұрмысы тұрақты отба­сы­нан шыққан балалар арасында да, әлеу­мет­тік жағдайы төмен отбасыларда да тір­келеді. Кейде бала ұзақ уақыт бойы іш­кі жанжалдың ішінде жүреді, ал кейде мұндай қадам кенеттен орын алады. Сон­дықтан суицидке баратын балаларды нақ­ты бір әлеуметтік топпен байла­ныс­тыру­ға болмайды, – деп сөзін түйіндеді Just Support қорының атқарушы дирек­торы С.Богатырева.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы