Түркістан облысы – әу бастан-ақ несібесін жерден терген, малын өргізген, егінін еңкейіп егіп, ел ырысын еселеген қасиетті өңір.
Ауыл еңбеккерлері ардақталған күн
455
оқылды

Көктемгі қара жұмыстан бастап, аптап ыстықта алқап басында тер төгіп, ала жаздай тыным таппай еңбек еткен диқандар мен малшылар үшін биылғы маусым табысы мол, берекесі тасыған жыл болды. Сондықтан да Түркістан қаласының «Конгресс-холл» кешенінде өткен «AGROFEST TÚRKISTAN – 2025» мерекесі жай ғана кәсіби күн емес, маңдай тердің, адал еңбектің, төзім мен табандылықтың жеңісі.

Жыл бойғы бейнеттің тәтті зейнетін сезінетін, ауыл еңбеккерлерінің рухын көтеретін, бірлігін бекітіп, еңбегін ел ал­дын­да ұлықтайтын айрықша сәт. Түркіс­танның әр ауданынан, әр ауылынан кел­ген шаруалар, кәсіпкерлер мен еңбек адам­дары осы бір думанды іс-шараға жинал­ып, өз жетістіктерінің шынайы қуанышын бөлісу үшін бас қосты.

Түркістан топырағы бұл күнді нағыз еңбек салтанатына айналдырып, ауылдың қадірін, жердің қасиетін айшықтай түсті. Өңірдің ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібінде тер төгіп, маңдайы күнге көгерген еңбек адамдары үшін ар­найы ұйымдастырылған «AGROFEST TÚRKISTAN – 2025» салтанатты іс-шара­сы жыл бойғы арман мен маңдай тердің жемісін бөлісетін қуанышты сәт болды.

Мереке аясында кең көлемдегі жәр­меңке өтіп, өңір диқандары өсірген 300 тоннадан астам өнім жадыраған халыққа ұсынылды. Сөрелерге қойылған әр өнім – бір отбасы­ның күші, бір ауылдың еңбегі, бір маусым­ның жемісі. Ал қайта өңдеу кәсіпорын­дарының көрмесі мен «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде жүзеге асқан бастама­лар ауыл кәсіпкер­лерінің тың ізденісі мен еңбектің жаңа қарқынын нақты көрсетіп тұрды. Сүт, жұмыртқа, бал, балық, шұжық секілді саналуан табиғи өнімдер ауылдағы тіршіліктің берекесін аңғартты.

Салтанатты жиында Түркістан облы­сы­ның әкімі Нұралхан Көшеровтің еңбек адамдарына ерекше құрмет көрсетіп, жылы лебізін жолдап, сала мамандарының ел дамуына қосып жүрген үлесін айрықша атап өтті.

– «AGROFEST TÚRKISTAN – 2025» ме­ре­кесі – өз ісінің шынайы шеберлеріне, маңдай терімен жерді түлеткен азаматтарға арналған құрмет күні. Мемлекет басшысы ауылды дамыту мәселесін әрдайым наз­арда ұстайды. Соның нәтижесінде, бүгін біз ауыл шаруашылығы бойынша респуб­ликалық өнімнің 13 пайызын өндіретін деңгейге жеттік. Биылғы 10 айда 1,1 трлн теңгенің өнімі өндіріліп, өңіріміз 21 па-й­ыз­дық өсім көрсетті. Бұл – сіздердің тын­ым­сыз еңбектеріңіздің көрінісі. Алдағы жылдары мақта-тоқыма кластерін дамы­тып, дайын өнім өндірісін арттыру арқы­лы саланың жаңа тынысын ашамыз. Ауыл экономикасын нығайтуда сіздермен бірге жаңа белестерді бағындыра­ты­ны­мызға сенімдімін, – деді өңір басшысы. 

Нұралхан Оралбайұлы өз саласында озық нәтиже көрсеткен азаматтарға Қа­зақ­стан Республикасы Президентінің «Еңбек даңқы», «Құрмет» ордендерін, «Ерен еңбегі үшін» медалін және облыс әкімінің дипломдарын салтанатты түрде табыстады. Бұл марапаттар – ауыл жүре­гінен шыққан адал еңбектің ел деңгейінде бағалануының айқын дәлелі.

Сонымен қатар кәсіби өмірін ауыл өркендеуіне арнаған бірқатар маман Премьер-Министрдің Алғысхатымен, Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ең­бек ардагері» медалімен және «Ауыл шаруа­шылығы саласының үздігі» төсбел­гісімен марапатталды. Жиын барысында еңбегімен елге үлгі болып жүрген озат жұмысшы мамандар да сахна төріне ша­қырылып, лайықты құрметке бөленді. Іс-шараның ресми бөлігі аяқталған соң, мереке көңілдің шуағына ұласты.

Ал ауыл шаруашылығы саласындағы биылғы көрсеткіштер – еңбектің шынайы жемісі. Түркістан облысында егіс көлемі­нің 907 мың гектарға жетуі – диқандардың маусым бойғы маңдай терінің нәтижесі. Су үнемдеу технологиялары енгізілген жаңа алқаптар, 52 мың гектарға егілген мақтаның өнімділігінің екі есеге артуы ауылдың да, өң­ір­дің де жаңа тынысы. Мақта-тоқыма кластерінің іске қосылуы – 201 млрд теңге­н­ің жобалары тек экономикалық өсім ғана емес, мыңдаған азаматқа нәсіп болар жаңа жұмыс орын­дары. Бұл – ауылға қайта кел­ген руханият, ауылға қайта оралған тіршілік.

Өңірдің жылыжай шаруашы­лығын­дағы жетістіктері де айрықша. 150 мың тоннадан астам өнім жинау – әр гектар­дың, әр түптің артында тұрған еңбекқор қолдың нәтижесі. Бұл саладағы облыстың республика бойынша 76 пайыздық үлесі Түркістанның аграрлық потенциалының биік екенін айғақтайды.

Мал шаруашылығы да өңірдің мерейін үстем етіп келеді. Елімізден экспортта­ла­тын ірі қара етінің 80 пайызы, қой етінің 75 пайызы Түркістаннан шығуы – ауыл­да­ғы мыңдаған отбасының күнделікті еңбегінің өтеуі. Ет кластерін дамытуға арналған жобалар толық іске асқанда, жылына 35 мың тонна қосымша өнім өн­ді­рілуі – өңір экономикасы үшін жаңа серпін, жаңа белес. Агросаланы әртарап­тандыру бағытында қолға алынған үш кластер – мақта, жүгері, ет бір-бірін тол­ықтырып, облыстың ауыл шаруашылығы жүйесін жаңа деңгейге шығаратыны анық. 2026 жылы бұл баста­малар өңірлік өнім көлемін 558 млрд теңгеге ұлғайтады деген болжам шынайы мүмкін­діктің дәл өзі. Ауыл шаруашылығы өнім­дері­нің экс­портының 355,5 млн АҚШ дол­ларына дей­ін өсуі – Түркістанның ха­лық­аралық нарықтағы жаңа тынысы.

Бұл мереке тек есеп пен көрсеткіштің жиынтығы болған жоқ. Бұл ауылдың дау­сын еститін, еңбектің иесін бағалайтын үл­кен рухани басқосуға ұласты. Түркістан­ның бүгінгі жетістігі – жерге адал әр ди­қан­ның, малшының, кәсіпкердің, еңбек адамының біртұтас жеңісі.

Назгүл НАЗАРБЕК