Көрерменнің көзайымы, би өнерінің падишасы – ел салтанатына айналған «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі – елімізде би өнерінің абыройын асқақтатып жүрген бірегей өнер ұжымы.
«Салтанаттың» сәні
458
оқылды

Өткен апта соңында Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауы­мен Қазақстанның еңбек сіңірген «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің құрылғанына 70 жыл толуына және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы орай «Ел салтанаты» атты мерейтойлық концерті керемет деңгейде аншлагпен өтті. 

– «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі – ұлттық хореография мәдениетінің бай мұрасын және әлемдік би өнерінің алуан түрлілігін насихаттайтын бірегей кәсіби ұжым. 70 жылдық мерейтой қарсаңында ансамбль «Би керуені» жобасы аясында еліміздің әр өңірінде – Түркістан, Ақтөбе және Солтүстік Қазақстан облыстарында, Шымкент, Тараз қалаларында жоғары деңгейде брифинг, шеберлік сабақтары, фотокөрме мен гала-концерт ұйымдастырды. Шеберлік сағатына 1000-нан аса хореограф пен биші, білім мен мәдениет саласындағы мамандар қатысты. Оларға тегін сертификаттар табысталды.  Жуырда 70 жылға арналған концерт 24 қарашада Алматы қаласындағы Almaty Theatre сахнасында өтті. Мерей­тойлық іс-шарада арнайы «Салта­нат» мемлекеттік би ансамблінің шығар­машылық жолын насихаттайтын кітаптың тұсауы кесілді, – дейді ан­самбль директоры Елубай Кенжалиев.

Тарихы терең ұжымның репер­туарында түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінің би қойылымы бар. Мерейтойлық концерттің жаңа бағдарламасында әлем халықтарының билерімен қатар қазақтың ұлттық билері де орындалды. Көрермен ұйғыр, татар, қытай, өзбек, тәжік, моңғол және басқа да халықтардың биі арқылы олардың салт-дәстүрі мен мәдениетінің әсем өрнегін тамашалады.

Кеш өткізу арқылы би ұжымы өскелең ұрпақтың рухани дүниесін байытып, туған жерге, елге деген сүйіспеншілігін арттырып, биік өнердің қасиетін бағалауға, жастарды жақсылыққа, ізгілікке баулуға бастайды, патриот­тық сезімді оятып, ұлт пен ұлыс арасындағы достықты, тату көршілік пен адами қатынастарды, игі істерді нығайтуды мақсат етеді.

Концерт барысында  Мәдениет және ақпарат министрлігінің қол­дауымен құрылған фольклорлық ансамбль сүйемелдеуімен қазақтың ұлттық билері және әлем халықтары­ның хореографиялық қойылымдары ұсынылды. Би өнері өмірінің мәніне айналған өнер иелері жекелей де, топтық құраммен де қазақтың, басқа халықтардың ұлттық дәстүрлі биле­рімен қатар, заманауи билерін асқан шеберлікпен биік дәрежеде орындап, көрерменнің зор ықыласына бөленді. Ғажайып музыка, әсем би, керемет костюмдермен әрленген сахна  бей­небір ертегілер еліне кіріп кеткендей тамаша әсер қалдырды. Астана жұрты мың бұралған бишілердің өнеріне, талғаммен таңдалған сазды әуенге толы көрініске куә болды. Жексенбілік әдемі кеште қонақ ретінде келген танымал әншілер мен шебер дом­бырашылар көрерменге қазақтың әуезді әні мен күмбірлеген күйін тарту етті. 

Концертке Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның Қазақ оркестрі, оркестрдің көркемдік жетекшісі және бас дирижері, Қазақстанның Халық әртісі Айтқали Жайымов, сондай-ақ аты аңызға айналған «Гүлдер», «Бірлік» ән және би ансамблі, «Наз» мемлекет­тік би театры, «Шалқыма» халықтық би ансамблі, «Құрмет» орденінің иегері, әнші  Өмірқұл Айниязов, Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты, күйші Таңат Саденов, республикалық конкурстардың лауреаты, әнші  Жайна Тарғынова қатысып, кештің көрігін қыздыра түсті.

Тарихқа көз салсақ, «Салтанат» би ансамблі 1955 жылы Қазақ КСР халық артисі, Украина КСР-на еңбегі сіңген артист Лидия Чернышеваның басшылығымен құрылған. Алғашқы ұжым Алматы және Киев консер­ваторияларының, Ленинград және Алматы музыкалық училищелерінің жас түлектерінен құралған. 11 жылдан кейін 1967 жылы оркестр мен хор ашылды. Бастапқыда биші ұлдар мен қыздарды ел арасынан жинаған. Мұнда белгілі қазақ бишісі Шара Жиенқұлова да биледі. Ол Мәскеуде өткен студенттер мен жастардың дүниежүзілік фестивалінде жеңімпаз болып,  танымалдыққа жетті. Сөйтіп, бүкіл Кеңес Одағына шығармашылық концертін қойып, кейін Ұлыбритания, Франция, Болгария, Италия, Түркия, Ресейде, Қытайда өнер көрсетті. Би өнерінің хас шеберлері қазір де шетелдіктерді таңдай қақтырып жүр.

Құрылғанына 12 жыл толғанда жоғары орындаушылық шеберлігі және музыкалық, вокалдық және хореографиялық өнерді дамытуда сіңірген үлкен еңбегі үшін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төрағасының Жарлы­ғымен ансамбльге ел мәдениетіне «Ең­бек сіңірген» құрметті атағы бе­рілді.

Өнердің өз киесі бар. Би өнері – бек­зат өнер. Би өнері – орындау­шыны да, көрерменді де әдемілікке, нәзіктікке баулитын құдірет. Бұл ретте қазақ биінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі өзінің 70 жылдық тағлымды жолында қаншама мықты бишіні тәрбиелеп, тарихта өшпестей ізін қалдырып үлгерді. Кеш соңында сахнаға көтерілгендер би ұжымына сәт сапар тілеп, мерейтоймен құттықтады.  Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтаухатын  Парламент Сенаты­ның депутаты Амангелді Нұғманов тапсырса,   Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның атынан құттықтаусөзді   МАМ Мәдениет комитетінің төрағасы Ерлан Дәкенов оқыды. Шығыс Қазақстан облысы әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы   Ерболат Балғабаев  атынан, Астанадағы жетекші балет ұжымы  «Астана Балет»  атынан, «Астана Концерт» компаниясы мен «Шалқыма» халық би ансамблі атынан   ықылас гүлдер шоғы табыс етілді. Зал толы көрермен би ұжымының концертін зор ықыласпен қошеметтеп отырды. 

Қазақ биінің фолькорлық, дәстүрлі, заманауи үлгісін дамытуға ерекше үлесін қосумен келеді. Алда да би ұжымын түрлі шығармашылық кеш, қызықты концерттер, небір тартымды бағдарламалар күтіп тұр. Мақсат – айқын, міндеттер белгілі, армандар орындалады. «Ел салтанаты­ның» елордадағы концерті – көрермен­дер үшін рухани ләззат, керемет әсер сыйлайтын кеш болса, би ұжымдары үшін шеберлік сағаттары іспетті. Өнер жолындағы сапары ұзақ, сәтті болғай деген тілек айтамыз!

Гүлшат САПАРҚЫЗЫ