Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлік жүк авиахабтарын дамыту жөнінде кеңес өткізді.
Авиахаб – логистиканың  жаңа мүмкіндігі
433
оқылды

Президент авиахабтарды да­мыту көлік-та­сымал сала­сын­дағы басым бағыттардың бі­рі саналатынына тоқталды.

– Күллі әлем елдері тран­зит­тік мүм­кін­дік­терін арттыруға ерек­ше мән беріп отыр. Ха­лық­аралық бәсекелестік күшейе түс­ті. Қа­зір Қазақстан арқылы жө­нелтілетін жүк, не­гізінен, ав­томобиль және теміржол ар­қы­лы тасымалданады. Бірақ сарап­шы­лар жыл өт­кен сайын әуе жол­дары арқылы өтетін жүк та­с­ымалы, яғни «air cargo»-ның үле­сі ар­та түседі деген болжам жа­сауда. 2040 жыл­ға қарай әуе жүктерінің 20 пайызы «Азия – Еу­ропа» бағытына тиесілі бол­мақ. Еліміз те­міржолды, авто­көлік жолын және әуе та­сы­ма­лын қамтитын мультимодальді логис­ти­ка жүйесін қалыптас­тыруы керек, – деді Мемлекет бас­шысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев елі­міз­дің геог­ра­фиялық артықшы­лықтарын тиімді пай­да­лану қа­жет екенін айтты.

– Еліміз Еуропа мен Азия ара­сындағы не­­­гізгі әуе жолдары­ның түйіскен тұсында ор­на­ласқан. Біз осы ерекшелігімізді барын­ша тиімді әрі ұтымды пай­далануымыз ке­рек. Орталық Азия және Оңтүстік Кавказ ай­­­мағында транзиттік жүк тасыма­лы­на бай­ланысты бәсеке кү­шейіп барады. Сон­дай-ақ көлік-логистика саласына инвес­ти­ция тар­туға қатысты талас қыза түс­ті. Біз де ба­тыл әрі тиімді ше­шімдер қабылдауымыз ке­рек. Әйтпесе, қолда тұрған мүмкіндік пен ар­тықшылықтан айырылып қалуымыз мүм­кін, – деді Пре­зидент.

Мемлекет басшысының пі­кі­рін­ше, не­гіз­гі әуежайларда то­­­лыққанды авиахаб қа­лып­тас­тыру – өте өзекті мәселе.

– Әр әуежайдың бәсекеге қа­білетті тұс­та­рын айқындап, жұ­мыс тәсілін түбегейлі өз­герту ке­рек. Қазір транзиттік карго-тра­­фик­тің қосымша құны төмен бо­лып тұр. Жүк тасымал­дау­шы­лар көбіне жанармай құю немесе техникалық қажеттілік үшін ға­­на тоқтайды. Біздің әуежайлар жүкті тиеп-жө­нелтуге, жинақ­тау­ға аса құлықты емес. Се­бебі елі­мізде инфрақұрылым дайын емес. Со­ның салдарынан тран­зит­тік әлеуетімізді то­лық пайда­лана алмай отырмыз. Осыған орай арнайы экономикалық ай­мақтардың тиімді жұмысын қам­тамасыз етуіміз керек. Ұсы­ны­латын жеңілдіктер әрбір хаб­тың ерекшелігіне қарай жа­салу­ға тиіс, – деді Қасым-Жо­март Тоқаев.

Президент қордаланған мәселелерді ше­шуді кейінге қалдырып, тиісті құжат қа­былдамай отырған салалық минис­трлік­тің жұмысын сынға алды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Үкі­мет­ке әуе хабтарын дамытудың нақты мәсе­ле­лерін шұғыл түрде шешу жөнінде тап­сыр­ма берді.

– Әуежай қызметіндегі қазіргі тариф сая­­сатын қайта қарауға баса мән беру керек. кейінгі 10 жылда баға бір-ақ рет, яғни биыл ға­­н­а өсті. Тарифтерді ұстап тұру инфра­құ­ры­­лымның тозуына әкеледі. Мұны тәжірибе анық көрсетті. Бағаны қайта қарау қалып­тас­қан жағдайды өз­гертуге кепіл болуға тиіс. Сонымен қатар бағаның күрт көте­рілуін болдырмау үшін оңтайландырылған тә­сіл қолдану қажет. «Тарифті инвестицияға айырбастау» қағи­датын енгізу алдағы жылдары саланы дамытудың негізгі шарты болуы керек. Қолайлы іскерлік орта құру – стратегиялық міндет. Инвесторларды мұ­қият тыңдаған жөн. Әуежайлардағы авиа­ция­лық емес қызметті шектен тыс реттеу көп­теген түйт­кіл туындатып отыр. Кон­курс­тар ар­қылы компанияларды іріктеу ба­рысында бюрократиялық кедергі жа­сау­ды, келісім­дердің мерзімін шектеуді тоқтату керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент авиаотын мәселесін түбе­гейлі ше­шуді тапсырды. Мемлекет бас­шы­сының пі­кірінше, саланы дамытуда негізгі екі проб­лема бар. Бұл – бағаның жоғары болуы жә­не ішкі өндіріс көлемінің жеткіліксіздігі.

– Ең әуелі, алдағы үш жылда еліміздің іш­кі өндіріс көлемін арттыру, импортты әр­тараптандыру керек. Ақылға қонымды бә­­секелестік сақталуға тиіс. Реттеу ісін­дегі бар­лық өзгеріс кезең-кезеңімен әрі нақты, отын­ды тұрақты жеткізуге кедергі келтірмей іске асырылуы қажет. Жұмыс істеп тұрған ұйым­дар базасында авиация ғылыми-зерт­теу институтын құрған және отынды сер­ти­фикаттау зертханасын ашқан жөн. Үкіметке монополияға қарсы органдармен бірге атал­ған мәселелерді шешу бойынша тез ара­да кешенді шара қабылдауды тапсыра­мын, – деді Мем­лекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда елімізде құры­латын Ұлттық жүк тасымалдаушы әуе компаниясының қызметін жан-жақ­ты қол­дау қажет екенін мәлімдеді.

– Отандық жүк тасымалы компа­ния­ла­рын қолдаудың алдағы үш-бес жылға ар­­нал­ған нақты шаралар жиынтығын әзірлеу қа­жет. Басты мақсат – компания­ларды қо­­­сылған құнды құруға ынталан­дыра оты­рып, мультимодальдық логис­тика­ны да­мы­ту. Әуе кемелері флотын өр­кендету тран­зит­тік әуе желісін қалып­тас­тыру­дың маңызды бөлігі саналады, – деді Президент. 

Мемлекет басшысы елімізде жүк та­сы­мал­дайтын ұшақтардың тапшылығына тоқ­талды. 

– Үкімет құрастырылғанына 25 жыл­дан асқан жүк ұшақтарына қойылған шектеуді алып тастау мәселесін мұқият қарастыруы керек. АҚШ-тағы FedEx әуе компаниясы ұшақтарының шығарыл­ғанына орта есеп­пен – 28 жыл. UPS ком­паниясында бұл кө­р­­­­сеткіш 30 жыл болса, Ұлыбританияның One Air әуе компания­сында 33 жылды құ­рай­ды. Мұндай мы­сал­дар жеткілікті, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев авиация сала­сын цифрландыруға баса назар аударды.

– Көліктің барлық түрімен жүк тасы­мал­дау нарығындағы өзара ықпалдастық «бі­рыңғай цифрлық терезе» қағидаты бойынша жүр­гізілуге тиіс. 2019 жылы әуе көлігімен жүк тасымалдау үдерісін жеңіл­детуге бағыт­тал­ған E-freight жүйесі іске қосылды. Бір­ақ бүгінге дейін бұл жүйенің қызметі шек­теулі күйінде қалып отыр. Құжаттарды ре­с­імдеуді кешіктіру факті­лері бар, – деді Мем­лекет басшысы. 

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, өзек­ті мәселенің бірі – авиация саласына қа­жетті кәсіби мамандар даярлау. 

– Білікті кадрлар болмаса, рефор­маларды жүзеге асыру мүмкін емес. Бұл салада кадр тап­­­шылығы қатты сезіліп отыр. Жыл сайын жүз­деген маман керек болуда. Осы мәселені шұ­ғыл шешу қажет. Үкіметке кадр даярлау жүйесін реформа­лауға қатысты нақты ша­ралар қабылдауды тапсырамын. Халық­ара­лық білім-ғылым мекемелерімен байланыс орнату қажет. Сондай-ақ мамандардың бі­лік­тілігін арттыратын құзырет орталық­тарын құру керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Мемлекет басшысы көлік және логис­ти­ка саласын дамытудың стратегиялық мә­ні зор екенін айтып, бұл мәселені өз бақылауында ұстайтынын жеткізді.