WBO және IBF тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының менеджері Берік Сұлтан допинг дауына қатысты пікір білдірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Ол қазір тергеу жұмыстары жүріп жатқанын атап өтті.
«Қазанаттың жолында жазық та бар, ор да бар. Азаматтың жолында бақыт та бар, сор да бар. Бұйыртса бұл қиыншылықтан өтеміз. Бұдан ба қиынынан өткенбіз. Қазір тергеу мен зерттеу жүріп жатыр. Бәрі анықталады. Біз таза спортты қолдаймыз! Сынбаймыз! Еңсені түсірмейміз. Жанкүйерлік, тілеулестік осы жерде көрінеді. Көк ту желбірегенде бәрі тілеулес бола алады. Қиындықта қолдау – басқа деңгей. Ішпей-жемей допинг дауына ұшырадық. Бірақ бұл қиындық та босқа берілмеді бізге. Бұдан да мықты болып, шыңдау үшін деп сенеміз», - деп жазды Берік Сұлтан.
Осыған дейін хабарлағанымыздай бокс саласының бас инсайдері, журналист Дэн Рафаэль Жәнібек Әлімханұлының VADA сынамасы оң нәтиже көрсеткенін хабарлаған еді.
Жәнібек Әлімханұлы және Эрисланди Лара арасындағы орта салмақтағы WBO, IBF және WBA белбеулері үшін біріккен титулдық жекпе-жек осы жексенбі АҚШ-тың Техас штатында өтеді деп жоспарланған болатын.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.