Павлодар облысында алкилат өндіретін зауыттың құрылысы басталды. Рәсімге Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов қатысты. Жоба INTERTRANS компаниясымен Энергетика министрлігі мен Павлодар облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асуда, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Іс-шарада сөйлеген сөзінде Санжар Жаркешов Мемлекет басшысы мұнай-газ химиясы саласын дамыту мен шикізаттық модельден өңдеуші экономикаға көшу стратегиялық маңызға ие екенін бірнеше рет атап өтті деді.
Жаңа зауытта жылына шамамен 100 мың тонна алкилат шығарылмақ, бұл - К5 класты (АИ-95/98) экологиялық таза бензиндерге арналған жоғары октанды компонент. Жобаға 35 млрд теңгеден астам инвестиция салынады, кәсіпорынды іске қосу 2027 жылға жоспарланған.
Қазіргі уақытта Энергетика министрлігі салалық қауымдастықтар және сарапшылармен бірлесіп мұнай-газ химиясы өнеркәсібі туралы заң жобасын әзірлеуде. Ол 1-ші және 2-ші қайта өңдеу жобаларын жеделдетуге, ал 3-ші және 4-ші қайта өңдеу жобалары үшін жаңа қолдау құралдарын құруға бағытталған. Сондай-ақ заң сала үшін ұзақмерзімді өсімге қажетті ашық әрі болжамды ережелерді қамтамасыз етеді.
Павлодар облысына жұмыс сапары барысында Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов өңірдің отын-энергетикалық кешенінің негізгі нысандарын аралады. Олардың қатарында – «Богатырь Көмір» көмір өндіру кәсіпорны, онда вице-министр өндіру процесімен және жабдықтарды жаңғыртумен танысты. ГРЭС-1 және ГРЭС-2 стансаларында жылыту маусымын өткізу және стансаларды жаңғырту перспективалары талқыланды.
Сондай-ақ Санжар Жаркешов «Павлодар мұнай-химия зауыты» мен «Нефтехим LTD» кәсіпорындарында болып, онда қайта өңдеу тереңдігін арттыру және мұнай-газ химиясын дамыту жоспарлары қарастырылды.