Қазіргі кезде PR саласында маман даярлау өте маңызды. Жиында PR саласының үздік мамандары тәжірибесімен бөлісті.
Оқушылар арасында «PR DAY – 2026» олимпиадаcы басталды
738
оқылды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультеті Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасы және Кәсіптік бағдар беру орталығы ұйымдастыруымен 10-11(12) сынып оқушылары арасында «PR DAY – 2026» аймақтық мамандандырылған олимпиадасының салтанатты ашылуы өтті. 

Журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы Нұржан Қуантайұлы PR мамандығының маңыздылығын атап өтті. Болашақ PR-мамандарына сәттілік тіледі.

«Пәндік олимпиада  арқылы біздің университет сіздерге болашақ қоғаммен байланыс маманы болу үшін өз қабілетіңізді сынап көруге мүмкіндік береді. Журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультетінде  өз білімі мен шығармашылығын халықаралық және ұлттық деңгейде дәлелдеген студенттер бар. ЕҰУ-де студенттердің қабілетін дамыту үшін барлық жағдай жасалған» – деді Нұржан Қуантайұлы.

«PR DAY – 2026» мамандандырылған олимпиадасына білім беру мекемелерінің 150-дан астам оқушылары тіркелді. Бұл жылғы олимпиаданың басты ерекшелігі шетелдік оқушылар да қатысып жатыр. 

Олимпиаданың негізгі мақсаты – 10-11(12) сынып оқушылары арасында PR саласы туралы ақпаратпен қамтамасыз ету, PR саласын дамыту, сауаттылықты арттыру.

Сонымен қатар, Еуразия ұлттық университетінің журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультетінің Қоғаммен байланыс мамандығы туралы ақпарат беріп, оқушылар арасында таныту. Олимпиаданың ашылуында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Басқарма мүшесі – Академиялық мәселелер жөніндегі проректор  Ардақ Бақытұлы Бейсенбай құттықтау сөз сөйледі.

«Университет қабырғасында өтіп жатқан «PR DAY– 2026» аймақтық  мамандандырылған пәндік олимпиадасының қатысушыларына жалынды сәлем! QS беделді әлемдік рейтингіне кіретін Еуразия ұлттық университеті Қазақстанда да, өңірлік және халықаралық аренада да жоғары білім беру көшбасшысының позициясын сенімді түрде алады. ЕҰУ-дің жаһандық білім беру кеңістігіндегі жетістіктерін мойындауды Quacquarelli Symonds, Times Higher Education, UI Greenmetric, URAP, RUR және басқаларын қоса алғанда, беделді агенттіктердің рейтингі растайды. Әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының арасында тұрақты орын алатын университеттің атынан біз ең талантты мектеп түлектерін осында шақырамыз», – деді Ардақ Бақытұлы.

«PR DAY – 2026» аймақтық мамандандырылған пәндік олимпиадасы 2018 жылдан бастап жалғасып келеді.

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Басқарма мүшесі-Сапаны қамтамасыз ету және ішкі бақылау жөніндегі проректор Индира Рыстинаның айтуынша, қазір көптеген қатысушы осы олимпиада нәтижесінің белгісі ретінде студенттер қатарына қосылды. Оның айтуынша, PR мамандарға сұраныс көбейген. Сәйкесінше, қойылатын талап та жоғары. Кадрды жастайынан осы салаға баулу өте маңызды.

Кәсіптік бағдарлау орталығының бас маманы Бекжан Байрбекұлы түлектерге білім беру бағдарламалары мен ұлттық бірыңғай тестілеуді (ҰБТ) тапсыру ережелерін егжей-тегжейлі түсіндірді. ҰБТ тапсыру мерзімдері, шығармашылық емтиханға өтініш қабылдау және беру тәртібі, Мемлекеттік білім беру гранттарын бөлу, конкурсқа қатысу тәртібі түсіндірілді. 

Шетелдік сарапшылар М.Ф. Решетнев атындағы Сібір мемлекеттік университетінің доценті, ф.ғ.к. Алексей Валерианович, Ankara Hacı Bayram Veli университетінің профессоры Мехмет Топлу қатысты.

Сонымен қатар Медиа және PR мамандары ассоциациясының төрайымы Ақерке Берлібай, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Қоғаммен байланыс секторының меңгерушісі Аяжан Махамбетқызы, «Tanba» коммуникация агенттігінің басшысы Ақсұлу Санғали, «IQanat» білім беру қорының PR-директоры Айдана Нұрланқызы қазіргі кездегі өзекті мәселелерді айтып, ойын ортаға салды.