Атырау облысында кейінгі апталарда тышқан көбейіп кетті.
Тышқандар әлекке түсіріп тұр
775
оқылды

Тұрғындардың тыныштығын бұзып қана қоймай, ауру таратуы да мүмкін кеміргіштер эпидемиологиялық ахуалдың да нашарлауына алып келуі мүмкін. Тұрғындар үйлеріне дейін басып кірген тышқандарға төтеп бере алмай, әбігерге түсіп отыр. Жағдайдың күрт ушығуы жергілікті атқарушы органдарды шұғыл комиссия құруға мәжбүрледі. 

Махамбет ауданы мен Атырау маңын­дағы Алмалы, Аспа, Береке, Талғайран ауылдарында кеміргіштердің қарасы күн сайын артып келеді. Алмалы ауылының тұрғыны Асылбек Кабиев тышқандармен күресуден шаршағанын айтады.

«Тышқандар тіпті күндіз де үйге кіреді. Киімнен бастап аяқкиімге дейін кеміріп тастады. Балаларымыз қорқып отыр. Өзіміз де алаңдаймыз. Түнде адам сияқты ұйықтау­дан да қалдық, – дейді ол. Өкініш­ке қарай, бұл – жалғыз адамның жанай­қайы емес. Әлеуметтік желілерде де үй ішінен жүгірген тышқандардың видео­лары көбейген. Тұрғындардың жүйкесі сыр бере бастады.

Мәселенің мәні неде?

Қазір өңірде кеміргіштерге қарсы күрес жөніндегі арнайы комиссия құрыл­ды. Оның құрамына «Атырау обаға қарсы күрес станциясы» РММ, кәсіп­керлік және өнеркәсіп басқармасы, ауыл шаруа­шы­лығы басқармасы, санитарлық-эпи­демиологиялық қызмет, Махамбет аудан­ы­ның әкімдігі және дезинфекциямен айналысатын ұйымдар кірді.

Атырау обаға қарсы күрес станция­сының басшысы Лариса Нұрмағам­бетованың айтуынша, бүгінде Атырау қаласының маңындағы бірқатар елді мекендерде, сондай-ақ Махамбет аудан­ында тышқан тәрізді кеміргіштердің саны айтарлықтай артып отыр.  

«Мәселенің түп себебі бір емес, бірне­ше фактордың қабаттасуында жатыр. Біріншіден, жылы ауа райы кеміргіштердің жыл бойы көбеюіне мүмкіндік берді. Екіншіден, былтырғы су тасқыны Жайық бойындағы қорек базасын молайтып, табиғи тепе-теңдікті бұзды. Үшіншіден, құстар мен жыртқыш аңдардың азаюы – кеміргіштер үшін табиғи бақылау тетігінің әлсірегенін білдіреді. Мамандар бұл фак­торлар кеміргіш популяциясының күрт өсуіне әкелгенін растап отыр», – дейді Атырау облыстық обаға қарсы станция­сының басшысы Лариса Нұрмағамбетова.

Кеміргіштерге қарсы күрес жөніндегі арнайы комиссияға қазіргі уақытта Аты­рау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев жетекшілік етіп отыр.  Тышқан­дардың ошағы болып отырған Ма­хамбет ауданында екі мамандан­ды­рылған ұйым жұмыс істеп жатыр. «Ақ­жайық» табиғи резерватынан арнайы бөлінген техника­лар Жайық өзенінің жа­ға­лауын 0,5-1 метр тереңдікте тазартып, у шашты. Улау жұ­мыстары Атырау қаласы маңындағы ауылдарда да жүріп жатыр. 

Мамандардың пайымынша, удың әсері 7-10 күнде байқалуға тиіс. Дера­ти­зацияда пайдаланылатын препараттардың адамдар мен үй жануарларына зияны жоқ және санитарлық нормаларға сай қолда­ны­лады.

Адам саулығына әсері қандай?

Мамандардың айтуынша, кеміргіш­тер – адамға қауіп төндіретін 30-дан астам аурудың табиғи тасымалдаушысы. Тыш­қан сілекейі немесе нәжісі арқылы тағам мен суға зиянды микроорганизмдер түсіп, халық денсаулығына қауіп төндіреді.

«Қазіргі уақытта зертханалық талдау­лар қауіпті инфекция анықтаған жоқ. Де­ген­мен, босаңсуға болмайтынын ес­керт­кім келеді. Себебі кеміргіштің саны көбейген сайын кез келген елді мекенде жұқпалы аурудың тарау қаупі артады», – дейді Атырау облыстық обаға қарсы стан­ция­сының басшысы Лариса Нұрмағам­бетова. 

Атырау облысы, Махамбет ауданына қарасты Бейбарыс ауылындағы екі мектеп 19 қарашадан бастап онлайн форматқа көшірілді. «Балдырған» және «Айна­лай­ын» балабақшалары да уақытша жабылды. Бұл – профилактикалық шара ғана емес, ахуалдың қаншалықты күрделі екенін көрсететін маңызды белгі.

«Қазіргі уақытта арнайы мамандан­дырылған қызметтер тарапынан дезин­фек­циялау, санитариялық бақылау жұ­мыстары жүргізіліп жатыр. Барлық меке­мелерде қауіп толық жойылғаннан кейін оқу-тәрбие процесі қалыпты режимге ауыстырылады», – деді Атырау облыстық білім беру басқармасының баспасөз хат­шысы Ләззат Еділхан.

Не істеу керек?

Атырау өңірінде кеміргіштердің күрт көбеюі мамандарды да, жергілікті билікті де алаңдатып отыр.  Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Бақтыбек Тау­баев­тың айтуынша, мәселені уақытша улаумен шешу мүмкін емес. Оларға сәй­кес жағдайды тұрақтандыру үшін үш бағытта жүйелі жұмыс атқарылуға тиіс.

«Ең алдымен, үздіксіз мониторинг жүр­гізу. Кеміргіштерге қарсы күрес тек нау­қандық сипатта болмауы керек. Зиян­кес­тердің қозғалысы мен санына тұрақты бақылау жүргізетін жүйе қалыптастыру – індеттің немесе жаңа ошақтың алдын алудың басты шарты. Әсіресе, шабындық пен егістік маңында биологиялық мони­тор­ингті күшейту  маңызды. Екіншіден, кеміргіштердің көбеюі – табиғи тепе-теңдіктің бұзылуынан туындайтын құ­бы­лыс. Сондықтан биологтар мен экологтар жыртқыш құстарды, мысалы, үкі, жапа­лақ, қаршыға сияқты кеміргіш­тер­мен қоректенетін түрлерді қорғау шара­ларын күшейтуді ұсынады. Табиғи реттеуші­лердің азаюы кеміргіш популяциясының еркін өсуіне жол ашатыны белгілі.

Үшіншіден, тұрғындардың санитар­лық тәртіпті сақтауы кеміргіштердің көбею қарқынына тікелей әсер етеді. Азық-түлікті дұрыс сақтау, үй мен аула маңын таза ұстау, қоқысты уақытында шығару – қарапайым, бірақ нәтижелі профилак­тикалық шаралар. Сонымен бірге уды қол­дану ережелерін түсіндіру, қауіпті жағ­дайларда жедел хабар беру мәдениетін қалыптастыру да маңызды. Қалай десек те, кеміргіш мәселесі тек у шашумен шешіл­мейді. Тұрақты бақылау, табиғи тепе-теңдік және тұрғындардың жауапкершілігі қатар жүрмейінше, мәселе қайта-қайта қайталануы мүмкін», – дейді ғалым.

Қалай десек те, Атыраудағы тышқан­дар «шабуылы» – кездейсоқ құбылыс емес. Бұл – табиғи, әлеуметтік және экологиялық факторлардың тоғысуынан туған жүйелі проблема. Улау шаралары уақытша жеңілдік беруі мүмкін, бірақ мәселені түбегейлі шешу үшін кешенді жұмыстар қажет. Өңірдегі ахуал әзірге бақылауда, алайда бұл бақылауды күшейт­песе, келесі жылы мәселе бұдан да күрделі сипат алуы мүмкін. Айтпақшы, Атырау облысында тышқандарсыз-ақ эпидемио­ло­гиялық ахуал нашарлап тұр. Қараша айының басынан бері тұмау жұқтыру көрсеткіші өсіп отыр. Тек, 1-20 қараша аралығында өңірде 32 мыңнан аса жағдай тіркелді. Олардың басым бөлігі 14 жасқа дейінгі балалар.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА,

Атырау облысы