«AMANAT» партиясы мен Daryn Ustaz орталығының бастамасымен ұстаздарға арналған «Ustazga AI: жасанды интеллект педагог көмекшісі ретінде» жобасы жүзеге асырыла бастады.
Жасанды интеллект көмекші болады
694
оқылды

Іс-шара партияның «Цифрлық қоғам» жобасы аясында ұйымдастырылып отыр. Өткен жұмада Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінде арнайы кездесу өтіп, жоба мақсаттары мен мүмкіндіктері таныс­тырылды.

Іс-шараға Daryn Online компаниясының құру­шысы, бас директоры Айбек Қуатбай, Daryn Ustaz кәсіби біліктілік арттыру орта­лы­ғы­ның бас маманы Айбат Теміржан, облыстық бі­лім басқармасы басшысы Бұлбұл Күзембаева, «AMANAT» партиясы Ақтөбе облыстық фи­лиа­лы төрағасының орынбасары Әсел Сар­ма­нова және  облыстық білім басқармасының қыз­меткерлері, әдістемелік орталықтардың ма­мандары, мектеп және колледж ұстаздары қатысты. 

Daryn Ustaz компаниясының жетекшісі Ай­бек Қуатбайдың айтуынша, курсты сәтті аяқ­таған ұстаздар Астанада өтетін хакатонға өз жобаларын ұсынуға мүмкіндік алады. Бай­қаудың 20 жеңімпазы Оңтүстік Кореяда тегін тәжірибеден өтуге жолдама иеленбек. Ал бү­гінге дейін, 24 күннің ішінде курсқа республика көлемінде 200 мыңнан астам мұғалім тіркеліп үлгерген. 

«Жасанды интеллект мұғалімнің көмекшісі ретінде» курсы мұғалімдердің жұмысын жеңіл­детуге, сабақ дайындауды тиімді етуге және жа­санды интеллектіні дұрыс қолдануға кө­мек­теседі. Бұл стратегиялық бастамамымыздың маңы­зын Мемлекет басшысы 17 қарашада қол қой­ған «Жасанды интеллект туралы» заңы ай­қындап берді. Бұл ұстаздарды қолдау қада­мы­ның уақытылы және мемлекеттік саясатпен үндес екенін дәлелдейді, – деді партияның облыстық филиалы төрағасының орынбасары Әсел Сарманова.

Облыстық білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаеваның мәліметі бойынша бү­гінде Ақтөбе облысында 3 мыңнан астам пе­дагог сабақтарында жасанды интеллект эле­менттерін қолданады. Олардың қатарында мек­тепке дейінгі ұйымдардың тәрбиешілері де бар. 600-ден астам мұғалім өз тәжірибесін облыс көлемінде таратуды бастап кетті.

Елнар ЕЛТАЙ