Жиында ауылдық аймақтардағы қордаланған мәселелер жан-жақты талқыланып, инфрақұрылым, шаруашылық, әлеуметтік жағдай, ауыл экономикасының әлсіз тұстары сияқты негізгі бағыттар көтерілді. Президент ауыл әкімдерінің ұсыныстарын мұқият тыңдап, Үкімет пен Парламентке бірқатар нақты тапсырма жүктеді. Бұл бастама – ауыл деңгейіндегі проблемаларды орталық билікке тікелей жеткізуге мүмкіндік берген жаңа форматтың алғашқы қадамы.
Нұржан ӘШІМБЕТОВ,
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі:
– Мұндай диалог алаңдары өте қажет деп ойлаймын. Бізде ауылдық округтердің әкімдері азаматтармен тікелей жұмыс істейді, сондықтан бүгін осы алаңда олардың ой-пікірлерін Үкімет пен Парламент өкілдері естіп, талқылап, қорытынды жасай алды. Бүгінге дейін де көптеген мәселе шешімін тапты, алайда әлі де талқылауды қажет ететін сұрақтар бар.
Өзім Павлодар облысындағы Аққулы ауданында, сондай-ақ Петропавл, Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында әкім болып қызмет атқарған кезімде ауыл әкімдерімен тығыз байланыста жұмыс істедік. Сол кезде ауылдардағы проблемалардың нақты ауқымымен де таныс болдық. Солардың ішінде кооперациялар мәселесін ерекше атап өтер едім.
Осы талқылауда да ауыл азаматтарының табысын кооперациялар арқылы арттыру мәселесі көтерілді. Бұл бағытта өзгерістер енгізу қажет, өйткені Президент те айтып өтті: кейде кооперация тек субсидия немесе жеңілдетілген несие алу мақсатында ғана құрылатын жайттар кездеседі. Қазір елімізде 4 500 кооператив бар, бұл бойынша біз әлемде 5-орында тұрмыз, бірақ өнімдерінің үлесі тек 5%-ды құрайды. Яғни, саны көп болса да, сапасы төмен кооперативтер басым. Сол себепті жүйені жетілдіру керек.
Мысалы, «Ауыл аманаты» бағдарламасында кооператив болса, 30 млн теңгеге дейін жеңілдетілген несие алу мүмкіндігі қарастырылған. Бұл да кейде адамдарды тек қаржылық жеңілдік үшін кооператив құруға итермелеуі мүмкін. Ал Павлодар облысында біз пилоттық жоба жасап, бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан бір кооперативке 1 млрд теңге жеңілдетілген несие бердік. Солтүстік Қазақстан облысында да тәжірибе бар: фермерлер басын қосып инвестициялық жоба ретінде зауыт салды, күнбағысты қайта өңдеп, сұйық май шығарады.
Президент ауыл әкімдеріне әлеуметтік-кәсіптік корпорациялар құру мүмкіндігін де атап өтті. Сол арқылы тұтынушыларға қызмет көрсететін кооперативтерді қолдап, оларға техника мен зауыт салу бағытында көмек көрсетуге болады. Сондықтан қазіргі кооперативтерді іріктеп, мықтыларын дамытуды басты назарға алу қажет.
Аманжол ӘЛТАЕВ,
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі:
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерінің ашық пікірлерін, ұсыныстарын тікелей тыңдап, жергілікті деңгейде қордаланған түйткілдердің бетін ашуға арнайы мүмкіндік берді. Қазіргі кезеңде ауыл әкімдерінің тиімді, жаңаша форматта жұмыс істеуі үшін не қажет, қандай кедергілер бар, осының барлығы жан-жақты талқыланып, Президент нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ қысқа мерзім ішінде орындалуға тиіс міндеттер Үкіметке жүктелді.
Жалпы, ауылды басқару жүйесі жаңа кезеңге қадам басқалы тұр. Ауыл әкімдерінің құзыретін кеңейту, жергілікті бюджетті нығайту, ауылдың экономикалық және әлеуметтік әлеуетін арттыруға бағытталған бастамалардың Президент деңгейінде алғаш рет ашық әрі толық талқылануы көңілге қуаныш ұялататын жағдай.
Шынында да, бүгінге дейін ауыл әкімдерінің тиімді жұмыс істеуіне кедергі болып келген мәселелер аз емес еді. Сол проблемалардың барлығы еркін айтылып, жүйелі шешімдер ұсынылды. Әсіресе, ауыл әкімдеріне жүктелетін артық міндеттемелерді азайту, формальды талаптарды қысқарту, сонымен қатар әкімдердің жауапкершілігін нақтылау форумда ерекше назарда болды.
Диалог-платформада көтерілген мәселелердің мазмұны мен ауқымына қарағанда, Мемлекет басшысының тапсырмалары ауыл әкімдерінің сапалы жұмыс істеуіне жаңа серпін береді деп сенемін.
Ауылды дамыту тек шаруашылықты жүргізумен шектелмейді. Ауылдың өзегі – адам капиталы. Демек, білім беру сапасын жақсарту, инфрақұрылымды жаңарту, әлеуметтік жағдайды көтеру ауылды кешенді дамытудың басты бағыты. Егер осы салаларды бірізді түрде дамыта алсақ, болашақта ауылдардың еңсесі тіктеліп, елдің жалпы әлеуеті арта түсетініне сенімдімін.
Мархабат ЖАЙЫМБЕТОВ,
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі:
– Ауыл әкімдерін сайлау бастамасы бірнеше жылдан бері өтіп жатыр. Бұл жағынан біраз тәжірибе жинақталды. Олардың құзыретін кеңейту, қосымша мүмкіншіліктер беру, бюджетін ұлғайту бұл – игі бастама.
Қазіргі таңда аудан әкімдерінің құзыреті аз, жауапкершілігі көп. Бүгінде аудан әкіміне білім, денсаулық салалары, жұмыспен қамту орталықтары бағынбайды. Бірақ оқушылардың білім алуы, жұмыссыздық жалпы аудандағы кез келген оқиғаға әкімнен сұралып, жауап береді. Бұрын Арал ауданының әкімі, Қызылорда қаласының әкімі болып тұрғанымда бәрі бағынатын еді. Қазір өздеріңіз көріп отырғандай, олай болмай тұр. Осы мәселе Мәжілісте көтерілді. Біз аудан әкіміне бұрынғы құзыреттерін қайтаруды қоштадық. Дәп қазіргі таңда қоғам тарапынан аудан, қала әкімдерін сайлауға асықпау туралы бастама көтеріле бастады. Шын мәнінде, мұның заңнамалық, практикалық тұрғыдан пысықтап барып іске асқаны абзал. Сонда ғана ілкімді істер алға басады.
Жанақов ҒАДІЛЖАН,
Абай облысы, Жарма ауданы, Бозғыра ауылдық округінің әкімі:
– Мемлекеттік қызметтегі менің еңбек өтілім 12 жылды құрайды, ал осы ауылда қызмет етіп келе жатқаныма 6 жыл болды. Осы уақыт ішінде ауылдың тыныс-тіршілігіне, тұрғындардың күнделікті мәселелеріне терең үңіліп, олардың қажеттіліктерін түсінуге тырыстым. Сол себепті мұндай жаңашыл бастама мен үшін өте тиімді және маңызды. Президентіміздің өзі тікелей ауыл әкімдерінің жұмысына, ауылдағы тіршілікке назар аударып, жағдаймен танысуы – бұл үлкен қолдау.
Іс-шара барысында билік пен ауыл өкілдері арасында екіжақты, ашық және нақты диалог орнады. Әріптестерім өз тәжірибесін, ауыл тұрғындарының мәселесін ортаға салып, нақты ұсыныстарын жеткізе алды. Осындай алаңдардың алдағы уақытта да тұрақты түрде ұйымдастырылып тұруы ауыл әкімдері үшін өте құнды болар еді. Өйткені әр жылдың өзінде жаңа жобалар іске асады, әртүрлі мәселелер туындайды. Кейде әкімдердің өз мүмкіндіктері шектеулі болып, заңдық немесе ұйымдастырушылық деңгейде шешу қиынға соғуы мүмкін.
Мұндай іс-шараларды жүйелі түрде өткізу биліктің ортақ мақсатына жетудің маңызды тәсіліне айналар еді. Ол тек бір күндік кездесу емес, нақты нәтижеге, ауылдың дамуына, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға қызмет ететін тұрақты механизм болуға тиіс. Осындай бастамалар арқылы ауыл әкімдері мен билік арасындағы байланыс күшейіп, ауыл тұрғындарына нақты көмек көрсетудің жаңа жолдары ашылады деп ойлаймын.
Мұрат ТОҒЫЗБАЕВ,
Алматы облысы, Іле ауданы, Байсерке ауылдық округі:
– Мен былтыр, 2024 жылдың 17 қарашасындағы сайлау нәтижесінде Байсерке ауылдық округінің әкімі болып тағайындалдым. Ауыл әкімдері үшін диалог алаңы болған бұл шараның ұйымдастырылу деңгейі өте жоғары болды деп айта аламын. Әсіресе, ауыл әкімдерінің өзара тәжірибе алмасуы мен жұмыс нәтижелерін талқылауы олардың қызметіне айтарлықтай серпін береді деп ойлаймын.
Президенттің қолдауымен әр әкім өз ісіне жаңа жауапкершілікпен қарап, күш-жігерін екі есе шыңдап, халыққа сапалы қызмет көрсетуге дайын болатыны сөзсіз. Мұндай бастамалар ауыл әкімдерін ынталандырып қана қоймай, олардың тиімді жұмыс істелуіне де үлкен септігін тигізеді. Осындай іс-шара жыл сайын ұйымдастырылып тұрса, ауыл әкімдеріне өзге облыстардан келген әріптестерімен сұхбаттасып, тәжірибе алмасуына, жаңа тәсілдер мен тиімді әдістерді үйренуіне мүмкіндік берер еді. Бұл – тек біркүндік іс-шара емес, ауыл әкімдігі мен билік арасындағы тұрақты байланыс пен тиімді диалогтың кепілі болары сөзсіз.
Мұсылманбек ИСМАҒҰЛОВ,
Ақмола облысы, Степногор қаласы, Қарабұлақ ауылының әкімі:
– Диалог-платформа көкейкесті көптеген мәселе көтерілді. Соңғы 4-5 жыл ішінде «Ауыл аманаты» бағдарламасының арқасында біздің ауыл айтарлықтай көркейіп, өмір сүру жағдайы жақсарды. Жолдар салынды, көшелерге жарық жүйелері жеткізілді, ауыз су мәселесі толық шешімін тапты. Бұл жұмыстар Президентіміздің бастамасымен жүзеге асырылып, ауылымыздың дамуына жаңа дем берді.
Іс-шарада тағы бір серпіліс алдық деп ойлаймын. Жаңа екпінмен, ынтамызбен әрі тәжірибемізді бөлісе отырып, әрі қарай да нәтижелі жұмыс атқарамыз деген сенімдемін. Өткен жылы форум шағын болғанымен, биылғы іс-шара ауқымы кеңейіп, біз арнайы дайындықсыз-ақ өз тәжірибемізді ортаға салып, көкейіміздегі мәселелерді тікелей Президентімізге жеткізе алдық. Бұл мүмкіндік – ауыл әкімдері үшін үлкен мотивация әрі жауапкершілік.
Мемлекет басшысы сол сәтте-ақ Үкіметке және Парламент депутаттарына осы бағытта арнайы бағдарламалар әзірлеуді, іс-шараларды жүзеге асыруды және ауыл әкімдеріне нақты қолдау көрсетуді тапсырды. Біз үшін бұл – үлкен қуаныш.