«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің кезекті мәжілісі өтті.
100-ден астам нысан бой көтереді
645
оқылды

Отырысқа партияның атқарушы хатшысының орынбасарлары Ербол Байқонысов пен Талғат Балтабаев, кеңес төрағасы Берген Ержаппар, сондай-ақ Құрылыс басқармасының басшысы Олжас Тәжібаев, Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Рзабек Мендіқұлов және кеңес мүшелері қатысты.

Жиында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың 2022–2026 жылдарға арналған тұжырымдамасынан туын­дайтын міндеттердің орындалуы, сон­дай-ақ партияның сайлауалды бағдар­ламасы аясында құрылыс пен инфра­құрылым саласында атқарылған жұ­мыс­тар талқыланды.

Алғаш болып сөз алған Құрылыс басқармасының басшысы Олжас Тәжібаев сала бойынша баяндама жасады. Оның айтуынша, биыл қалада 109 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін соның 65-і толық аяқталып, 44 нысан келесі жылға өтеді.

«Қазір 57 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жалғасуда. Оның 31-ін жыл соңына дейін пайдалануға беру жос­парланған (2 412 пәтер). Сондай-ақ 40 әлеуметтік нысанның 26-сы және 12 инженерлік инфрақұрылым жоба­сы­ның 8-і биыл аяқталмақ», – деді Олжас Тәжібаев.

Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Рзабек Мендіқұлов та атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді. Оның мәліметінше, қаладағы 81 елді мекеннің 80-і ауыз сумен қамтылған. 26 елді мекен кәріз жүйесіне қосылған. Биыл 6 елді мекенде құрылыс жүргізіліп, Солтүстік-Батыс ауданының жобасы аяқталған.

«120 мың тұрғынға арналған Тұран коллекторы іске қосылды. 81 елді мекен түгел электрмен қамтылған. Қазір 7 елді мекенде жаңа электр желі­лері тартылуда. Сонымен қатар Ақжар, Бадам және Тұран қосалқы станса­ларының құрылысы жүргізілуде. Ақ­жардағы 110 кВ стансасының құрылысы аяқталып, 13 мың тұрғын сапалы электр қуатымен қамтамасыз етіледі», – деп атап өтті ол.

Басқарма басшылары өз салалар­ында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы шаралардың жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын мәлімдеді. Кеңес мүшелері баянда­маларды тыңдап, құрылыс пен инфра­құрылым салаларындағы жұмыстарды талқылап, бірқатар сұраққа жауап алды.

Елнар ЕЛТАЙ