Темірлан Тілес – заманауи өнердің өзіндік соқпағын қалыптастырған арт-мүсінші.
Темірлан Тілес, арт-мүсінші: Идеялар күтпеген сәтте келеді
659
оқылды

Оның нәзік те күрделі туындыларында ұлттық тарих, діннің мәңгілік сауалдары, табиғаттың көркем болмысы мен тылсым символдар шебер үйлесім тапқан. Темірлан бала күнінен-ақ атақты мүсінші Мартин Антонианнан дәріс алып, кейін Қытайда, Малайзияда оқыды. 4 тілде еркін сөйлейтін ол – Малайзиядағы Аrch model компаниясында қызмет еткен жалғыз шетелдік. Біз Темірланмен арт өнердің қыр-сыры жайлы әңгімелестік. 

– Жақында елордада «Бейбітшілік жә­не келісім паркі» атты жаңа қоғамдық кеңістік пайда болды. Бұл жерде көзге түсетін басты нысан сіздің қолыңыздан шы­ғыпты. Сол жайлы айта кетіңізші? 

– Бұл біз үшін ерекше жоба болды. Шы­найы махаббатпен өте қысқа уа­қытта жасадық. «Өмір ағашы» ес­керт­кі­ші өзіміз ұнатқан туынды болғаннан кейін, тәуекелге бел буып кірістік. Бұл жобаға Ұлыбритания, Ресей, Қазақ­стан­нан да мамандар қосылды. Жо­ба­ның бастапқы идеясын британиялық за­манауи мүсінші Юнус Сафардиар ұсын­ған. Осылайша, Астанадағы ур­ба­нистика орталығы осы жобаның сырт­қы бейнесін киіз үй ретінде бей­нелеген. Ал біз жобаның ішкі эле­мент­терін сәндеп «Өмір ағашы» ай­наласына жаңа инсталляциялар ор­наттық. 600 шаршы метр дуалды айнадай жылтыр тот баспайтын бо­лат­пен қаптадық. Оның үстінде жыл­дың төрт мезгілін төрт асыл тастың бей­несінде инсталляция жасадық. Яғни, бриллиант, рубин, изумруд, сап­фир тастарын бейнеледік. Әр эле­менттің астарында қазақ халқының те­рең ойлары жатыр. Қысқа ғана то­ғыз айдың ішінде кәсібилік пен ең­бек­тің арқасында осы жобаны жүзеге асырдық. 

– Жалпы, мүсіншілікке қалай кел­діңіз? Бұл жолды таңдауыңызға не се­беп болды? 

– Есімді білгеннен бастап қолыма қа­лам алып, сурет салғанды ұнатамын. Бес жасымнан қолға түскен материал­дан түрлі мүсін жасауды ермекке ай­налдырдым. Тоғыз жасымнан бастап Кеңес Одағының еңбек сіңірген қай­раткері Мартин Антонианның қо­лында 15 жасыма дейін 6 жыл бойы үз­бей мүсін өнерінің қыр-сырын үй­рендім. Мен ол кісінің ең жақсы кө­ретін шәкірті болдым. Ал екінші ұс­та­зым – Юнус Сафардиар деген бри­тандық мүсінші. Ол кісімен осыдан алты жыл бұрын Лондонда таныстық. Бір-бірімізге өте жақсы сыйластықпен қараймыз. 2016 жылдан бері мүсін са­ласында кәсіби түрде жұмыс істеп ке­леміз. Тек Қазақстанда ғана емес, ТМД елдерінде, Түркияда да жұмыс істеп жүрміз. 

– «Өмір» атты жұмысыңызда асыл тас­тарды Үндістан, Венгрия, Италия сын­ды елдерден іздеп тапқан екенсіз. Ал оның сыртын қаптау үшін Тайланд­тан жеткізілген қолтырауынның А сұ­рып­ты терісін қолданыпсыз. Артқы фон ре­тінде Меккедегі қағбаның 1997 жылы жабуы болған қара матасы пайда­ла­нылған. Бүгінде құнды дүниелерге қы­зығу­шылар көп пе? 

– «Өмір» жобасы – жүре­гім­­нен ерекше орын алған жұмыс. Өйт­кені алғашқы әрі күрделі жұмыс бол­ды. Жобаны жүзеге асыруға 2 жыл­дан астам уақыт жұмсадым. Әлемнің бес мемлекетінен, ондаған қаласынан ұс­та­лар көмектесті, 22 түрлі материал қол­­данылды. Оның ішінде сирек кез­де­­сетін, қымбат материалдар да бар. Атап айтсам – ауған мәрмәрі мен лазу­­рит, қолтырауын терісі, темір ме­тео­рит, 70 миллион жылдан астам уа­қытқа ие тираннозавр қалдықтары, мұсылмандар үшін қасиетті Қағбаны жапқан киелі жібек мата, жартылай қым­бат тастар және 100 бриллиант бар. Сол бриллианттардың бірі «ас­пан» деп аталған, ғарыштан әкелінген ерек­ше тас, сондай-ақ тағы көптеген материал қолданылған. Бұл жұмыс та­нымал кәсіпкер Жұмабек Жаны­құлов­тың тапсырысымен жасалды. Осы уақытқа дейін жасаған жұмыс­та­ры­мның ең қымбаты да осы – «Өмір». Ендеше, құнды жәдігерлерге қызығу­шылар әлі де бар. 

– Әр туындыңыздың артында белгілі бір ой жатады. Ал идеяны қайдан аласыз? 

– Әрине, әр жобаның артында бір идея жатады. Ол идеялар кейде де­ма­лып жүргенде келсе, кейде жұмыс үс­­­тінде туады. Шабыттың қашан ке­ле­тінін, қанша уақытқа созылатынын бол­жау қиын. Мүсіндеу де кітап жаз­ған­мен, поэзия жазғанмен тең жұмыс. Тақырыпқа нақты фокус пен ізденіс қа­жет. Сол кезде терең дүниелерді жа­­­­сауға болады. 

Кейде идеялар мүлде күтпеген сәт­те келеді. Мысалы, менің сүйікті жұ­мыс­тарымның бірі «Өмір» трило­гия­сы­ның сюжетіне жерлеу рәсімінде ай­тылған уағыз әңгіме себеп болды. Бір елдің патшасы уәзіріне үш сұрақ қоя­ды. Алайда бұл жұмбақтарға қара­пайым бір қойшы ғана жауап бере ал­ған екен. Бірінші сұрақ: «Жер бе­тін­дегі ең үлкен өтірік не?». Жауабы – «өмір», өйткені біздің көз алдымызда тұр­ғанның бәрі – тек иллюзия, ал­дам­шы көрініс. Екінші сұрақ: «Барлығы ке­лісетін ең үлкен шындық не?». Бұл – «өлім».Үшінші жұмбақ: «Дүниедегі ең жо­ғары не?». Жауабы – «мақсат», яғни адам баласы соған жету үшін бар­лы­ғына дайын. Осы әңгіменің не­гізінде мен үш бөлімнен тұратын панно жа­садым. Бірінші бөлігі «Өмір». Екінші бө­лігі – «Соңғы тыныс», ал соңғысы – «Өмір ойыны» деп аталады.

– Малайзиядағы Аrch model ком­па­ниясында қызмет еткен жалғыз қазақ екен­сіз. Ол жақтағы мүсін өнерін бізді­кі­мен салыстыруға бола ма? 

– Иә, Малайзиядағы Аrch model ком­паниясында жалғыз қазақ емес, жалғыз шетелдік ретінде жұмыс істе­дім. Куала-Лумпурдағы компанияның 60 қызметкері, 30 жылдан астам тари­хы бар. Аrch model компаниясы –Ма­лайзиядағы ең үздік макет құрас­тыру­шы компания. Сәулетті ғимарат­тар­дың үлкен макеттерін жасадық. Ма­лай­зияда жүріп техникалық қабі­лет­терімді жаңа қырынан шыңдадым. Ұжым­мен жұмыс істеуді де сол компа­нияда жүргенде үйрендім. 

– Нью-Йоркта «Еркіндік мүсіні», Син­гапурда «Мерлион», Волгаградта «Асыл жер» сынды әлемге танымал мү­сін­дер бар. Ал Астана немесе Алматыға осындай айшықты нысан керек сияқты. Жалпы қала кеңістігіндегі мүсіннің рөлі қандай?

– Әр қаланың өз символы болады. Нью-Йорктағы «Еркіндік мүсіні» сияқ­ты әр қаланың өзіне ғана тән ерек­ше сәулетті ескерткіштері бар. Ол мү­сін сол қаламен ассоциацияға тү­седі. Осы уақытқа дейін Астананың сим­волы Бәйтерек монументі болып ке­ле жатқан. Бірақ заман өзгерген сайын ел астанасы жаңа символдармен толығуы керек. Осы жылы ашылған «Өмір ағашы» да қаланың көрікті сим­волына айналады деп сенемін. Аста­наға ғана емес, Алматы, Шымкент сияқ­ты мегаполистерге де мұндай сим­волдық ескерткіш мүсіндер керек. Олар­ға атсалысуға біз дайынбыз. Ұсы­ныстарымызды да айтып жатырмыз. Алдағы бірнеше жылда еліміздің бас­ты қалаларында символық мәнге ие мү­сін­дердің көбейетіні анық. Қа­зақ­стан­да дарынды мүсіншілер мен су­рет­­ші­лер көп. Ел болып атсалыссақ, әлі де керемет туындылардың туары сөзсіз. 

– Қазір жасанды интеллект қатты да­муда. Болашақта мүсін өнерінде ЖИ қа­лай әсер етеді?

– Біз қазір жасанды интеллекттің алғашқы сатысындамыз. Алдағы 4-5 жыл­да адамзат жасанды интеллекттің ар­қасында үлкен жетістіктерге жете­тіні анық. ЖИ әр салаға даму жолында оң ықпал етіп, жұмыстарын жеңіл­де­ту­де. Адамзаттың бұрын ойына кел­­­­меген технологиялар, 3D принтерлер шығып жатыр. Бұрын тасты айлап, жылдап қажасақ, қазір оны бірнеше күн, бірнеше аптада 3D принтерлер жасап жатыр. Біздің салаға да жасанды интеллект енуде. Одан қашып ешқай­да кете алмаймыз. Керісінше, ЖИ-ды қолданып, бұдан да әдемі дүниелерді жасауымыз керек. ЖИ-ға құрал ретін­де қарасақ, пайдасын көреміз. Қазір біз үлкен өзгерістің табалдыры­ғында тұр­мыз.  

– Ал сіздің өнердегі миссияңыз қан­дай?

– Менің жұмыстарым – өмірдің мә­ні, оның алдамшылығы, уақыттың қыс­қалығы және болмыстың иллю­зиясы туралы ойлануға шақырады. Әр туындымның ішкі мазмұнын терең ашуға көп еңбек етемін, орта есеппен бір шығарманы жасауға 1-1,5 жыл уа­қыт кетеді. Мен әлемге исламның приз­­масы арқылы қараймын және шы­ғармашылығымда оның символ­дары мен негіздерін, дүниетанымдық мәнін көп қолданамын. Адамзат ақ­па­ратты жеткізудің төрт жолын ғана ойлап тапты: әріптер арқылы, сандар ар­қылы, ноталар арқылы және визуал­ды бейнелер арқылы. Менің істеп жүр­­генім – визуал арқылы ой мен үн­деу жеткізу. Суретші ретінде өз се­зім­­дерімді, ой-толғамдарымды бей­не­лер арқылы жеткіземін. Жалпы, нақ­ты жауабы жоқ философиялық сұ­рақ­т­­ар туралы ойланғанды ерекше жақсы көремін.

– Жеке көрмеңізді өткізу, шәкірт тәр­биелеу ойда бар ма? 

– Жеке көрмемді өткізіп тұрамын. Әр көрмеге дайындалуға өте көп уа­қыт керек. Оның да өзіндік шығын­дар­ы бар. Көрме өткізетін мұражай­лар­мен 2-3 жыл бұрын келісім жа­салуы керек. Сол үшін жеке көрме өт­кізу оңай емес. Осы уақытқа дейін Санкт-Петербургте көрме өткіздім. Ал­дағы жылдары Астана, Париж, То­киода көрме өткізуді жоспарлап отыр­мыз. Ал шәкірт тәрбиелеу ойда бар. Арасында білмегенін сұрап келетін жас­тар да бар. Оларға осы уақытқа дейін үйренген тәжірибелерімді ай­тып, бөлісемін. 

– Әлемдік мүсін өнерінде өзіңіз ерек­ше жақсы көретін туынды бар ма?

– Маған ерекше әсер қалдырған Ми­келанджелоның «Давид» деген туын­дысы. Бұл мүсін 1501-1504 жыл­дары жасалған және Флоренциядағы Галлериа делла Академияда сақталған. 2018 жылы «Давидты» алғаш рет көр­ген кезде, таңданыстан ұзақ қарап тұр­дым. Тастан сондай динамикада, сон­дай пластикадағы бейне жасау не де­ген еңбек пен талант десеңізші. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Көктем ҚАРҚЫН