Әлемдік нарықта баламалы энергия көздері өндірген электр көлемі алғаш рет көмірді басып озды.
Желілердің жетіспеуі «жасыл» энергия өндірісін тежейді
490
оқылды

Бұл тарихи көрсеткіш, себебі биылғы бірінші жартыжылдықта әлемдік электрогенерациядағы жаңартылатын энергетиканың үлесі 34%-дан асып кеткен. Жаһандық энергетикалық альянстың инвестициялар директоры, Project Syndicat авторы Агнес Дасевичтің айтуынша, мұндай жетістіктің негізгі себепшісі дамушы елдер болып отыр. Мемлекет басшысы біздің елде де 2035 жылға дейін жаңа энергия көздерінің жалпы қуатын кемінде 26 ГВт-қа жеткізуге тиіс деп тапсырған болатын. Бұл көрсеткіш тек жоспар емес, өнеркәсіп, цифрлық инфрақұрылым және өңірлік энергетиканы дамыту бағытын белгілейтін стратегиялық меже. 

Бірақ сарапшылар қауымдастығы бүгінде баламалы энергияны өндіру емес, оны сақтау мен тасымалдау басты мәселеге айналғанын алға тартып отыр. Себебі жел, күн, су электр стансаларынан өндірілген энергия көздерін жеткізетін желілер тапшы. Ал оның құрылысына қажетті жабдықтардың жеткізілуі кешеуілдей түскен. Бұл тек біздің елде емес, жалпы әлем елдері үшін өзекті мәселеге айналғанын көріп отырмыз. 

Қазақстан да бүгінде елдің батыс аймағын Біріккен энергожүйесіне қосып, Оңтүстіктегі желілерді күшейтуге басымдық беріп отыр. Себебі мұндай стратегиялық жоба энерге­тикалық тұрақтылықты қамтамасыз етіп, ұлттық энергетиканы сыртқы нарыққа тәуелді болудан сақтайды. Салалық министрліктің мәліметтеріне сүйенсек, осы мақсатты жүзеге асыру үшін қазіргі таңда трансформаторлық қосалқы стансалар жаңартылып, жоғары кернеулі желілер қайта құрылмақ. Одан бөлек, интеллектуалды диспетчерлік жүйелер енгізілуде. Бұл, әсіресе, сұраныс күрт артқан сәтте энергияның үздіксіз жеткізілуіне және оны тиімді басқаруға мүмкіндік береді.

Статистикаға сүйенсек, бүгінде елімізде жылу, су және жаңартылатын көздерді қоса алғанда, 233 электр стансасы жұмыс істейді. Ал 2025 жылдың тоғыз айында 89,9 млрд кВт∙сағ электр энергиясы өндірілген. Оның ішінде республика аумағында жалпы қуаты 3 ГВт-тан асатын 154 жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) бар. Атап айтқанда: 63 жел электр стансасы (1 570,05 МВт), 46 күн электр стансасы (1 222,61 МВт), 42 су электр стансасы (287,685 МВт), 3 биогаз стансасы (1,77 МВт). Индустриясы жедел дамып жатқан мемлекет үшін бұл жағымды нышан, әрине. 

Дегенмен елдегі баламалы энергия өндіруге бағытталған мұндай жобалардың біразы енді ғана «сынақ» кезеңінен өтіп, стратегиялық бағытқа айналды. Салалық ведомствоның мәлімдеуінше, олардың қатарында 63 жел стансасы, 48 күн стансасы, 42 су электр нысаны және 3 биогаз қондырғысы бар. 

Қазақстанда жаңартылатын энергияның үлесі жыл сайын тұрақты түрде артып, энергетикалық жүйенің құрылымына маңызды өзгеріс енгізіп жатыр. Оның дәлелі – өткен жылы Қазақстандағы жаңартылатын көздерден өндірілетін электр энергиясының үлесі алғаш рет 6%-дан асып, 6,43%-ға жеткені. Бұл – бар болғаны төрт жыл бұрынғы көрсеткіштен екі есе жоғары нәтиже. 2020 жылы ЖЭК үлесі небәрі 3% болғанын ескерсек, елде «жасыл» энерге­тиканы дамыту бағытында нақты ілгерілеу бар екенін көреміз. Соңғы бес жылда көрсеткіш жүйелі түрде өсіп келеді: 2021 жылы – 3,69%, 2022 жылы – 4,53%, 2023 жылы – 5,92%, 2024 жылы – 6,43%. 

2026 жылға қарай жел және күн стан­саларының жиынтық қуаты 3,5 ГВт-қа жуықтауы мүмкін. Ал тәуелсіз сарапшы Арман Қашқынбековтің сөзінше, 2035 жылы ол көрсеткіш 8,4 ГВт-тан асуы мүмкін. Бұл ескіріп жатқан көмір генерациясының орнын толтырып, энергобалансқа қосымша тұрақтылық береді. Маманның пікірінше, ЖЭК-тің дамуы көмірге тәуелділікті азайтып қана қоймай, желілер мен энергия сақтау жүйелерін жаңғыртуға ұзақмерзімді ин­вестициялар тартуға мүмкіндік береді.

Дегенмен әлемдік сарапшылар жай ғана жел генераторлары мен күн панельдерін орнату жеткіліксіз екенін алға тартып отыр. Себебі баламалы энергия көздерін барынша тиімді пайдалану үшін Үкімет тек электр энергиясын өндіруге емес, жүйелерге, оқытуға, жабдықтарға (мысалы, электр ұсақтағыштары мен су насостарына) инвестиция салуы керек, сонда жергілікті халық пен елдер таза энергияны бизнесті дамыту және жұмыс орындарын құру үшін пайдалана алады.

Мысалы, Rystad Energy орталығы әлемдік электр энергиясына сұраныс 2035 жылға қарай 30%-ға өсетінін болжап отыр. Олардың есебіне сүйенсек, ең жылдам тұтынушылар өнеркәсіп (+4 300 ТВт·сағ) пен дата-орталықтар (+1 000 ТВт·сағ) болмақ. Ал жалпы энерготұтынудағы баламалы энергия үлесі 1,5%-дан 3,5%-ға дейін ұлғаюы мүмкін.

«Дата-орталықтардың қарқынды дамуы цифрлық экономикаға көшудің айқын көрінісі. Бұл кезеңде жасанды интеллект, бұлтты сервистер және видео контент негізгі сұраныс драйверіне айналып отыр. Соның әсерінен әлемдік энергия балансы да өзгеруде: жаңартылатын энергия көздерінің үлесі бүгінгі 34%-дан 55%-ға дейін өседі. Ал күн энергетикасы салада көш бастайды», – дейді  сараптама орталығының мамандары.

Алайда басты мәселе – өндіріс емес, желі. Қазір 1 650 ГВт-қа жуық жел мен күн жобалары дайын тұрғанымен, трансформа­торлар, кабельдер мен желілік инфрақұры­лымның жетіспеушілігіне байланысты қосыла алмай отыр. Қажетті жабдықтардың жеткізу мерзімі екі есеге созылып, төрт жылға дейін жетті. Ал 2030 жылдардың ортасына қарай энергия беру желілеріне жыл сайынғы инвестициялар 200 млрд доллардан асуға тиіс.

Әлемдік энергия тұтынуының жартысына жуығы АҚШ пен Қытайға тиесілі. Бірақ ең үлкен өсім көрсететін жаңа орталық – Үндістан: 2035 жылға қарай оның энер­готұтынуы екі еседен асады. Экономист, «Теңгеномика» арнасының авторы Ғалымжан Айтқазиннің айтуынша, Қазақстан да электр энергетикасы цифрлық экономи­каның негізгі тірегіне айналып жатқан елдердің қатарында. 

«Майнингтің кеңеюі, дата-орталық­тардың салынуы, e-commerce пен жасанды интеллект индустриясының дамуы электр энергиясына деген сұранысты күшейтіп отыр. Алайда елдегі генерацияның 70%-дан астамы көмірге тиесілі, оның басым бөлігі моральдық әрі физикалық жағынан тозған», – дейді ол.

Сонымен бірге желіге түсетін салмақ та артып келеді: жаңа жел және күн электр стансалары, әсіресе оңтүстік және орталық өңірлерде, желіге қосылуда қиындық көруде. Егер электр желілерін жаңғыртуға жедел инвестиция салмаса, Қазақстан алдағы бірнеше жылда энергетикалық «тар өткелге» тап болуы мүмкін.

Жаһандық энергетикалық альянстың инвестициялар директоры Агнес Дасевич мұндай инвестициялық жобалар (олар тиімді жүзеге асса) барлығына пайда әкеле­тінін алға тартып отыр. Ол өз сөзінде жаңартылатын энергия көздері қымбат отын түрлерін алмастырған сайын, әлем климатты жақсартатын ортақ мақсатқа жақындайтынына сенеді.

«Жергілікті қауымдастықтар арзан энергияға қол жеткізеді, бұл білім мен ден­саулық сақтау сапасын арттыруға, жұмыс орындарын құруға, кірісті көбейтуге мүм­кіндік береді. Өйткені өсіп келе жатқан сұраныс энергетикалық компанияларға та­быс әкеледі, дамушы елдер жаңа инвес­тицияларды тарта алады», – дейді сарапшы.

Баламалы энергетиканың берері бұл ғана емес. Өйткені ол алдағы онжылдықта туындайтын еңбек нарығындағы тапшы­лықтың алдын алуға көмектеседі. Мысалы, Дүниежүзілік банктің болжамы бойынша, 2035 жылға дейін дамушы елдерде 1,2 млрд жас адамдар еңбекке жарамды жасқа жетеді, бірақ сол уақыт аралығында тек 420 млн жаңа жұмыс орны құрылмақ. Агнес Дасе­вичтің айтуынша, экологиялық таза энер­гияға қол жеткізу және оның ашатын мүмкіндіктері бұл айырманы жаһандық дағ­дарысқа ұласпай жатып азайтуға жол ашады. Дүниежүзілік экономикалық форум­ның бағалауынша, тек жаңартылатын энергетика индустриясы жылына 30 млн-нан астам жұмыс орнын құрып, 2,2-2,8 трлн доллар тартуы мүмкін. Басқа салаларда, соның ішінде өнеркәсіп пен ауыл шаруашы­лығында, жаңартылатын энергия техноло­гияларын қолдану тағы 500 млн жаңа жұмыс орнын құруға және бар 700 млн жұмыс орны­ның сапасын жақсартуға жол ашады.

Кәмила ДҮЙСЕН