Бакуде жарылыс болған бизнес-орталық ғимаратының иесі Әбульфат Алиевтің айтуынша, оқиғаның ықтимал себебі газ магистралінің зақымдануынан болған, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Оның сөзінше, ғимарат газ желісіне қосылмаған. Бірақ жақын маңдағы аумақта, астынан газ құбыры өтетін жерде жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан. Иесінің пайымдауынша, құрылыс техникасы газ құбырын зақымдап, соның салдарынан газ ғимаратқа тараған болуы мүмкін.
Ол газдың жертөледе жиналғанын, таңертең жұмысшы жарықты қосқанда жарылыс болғанын айтты.
Бұған дейін Бакудің Нариманов ауданындағы нысандардың бірінде жарылыс болғаны хабарланған еді. Өрт шықпаған. Алты қабатты ғимараттың бес қабаты қираған. Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері жеті адамды құтқарып қалды.
Сондай-ақ бес адамның ауруханаға жеткізілгені айтылды. Оның біреуі термиялық күйік алған, қалған төртеуінде әртүрлі дене бөліктерінің күрделі жарақаты бар. Жараланғандардың жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр.