Ол Украинаның ұлттық абыройын таптайтын ешқандай келісімге келмейтінін мәлімдеді.
«Не абыройдан, не серіктесіңнен айырылу»: Зеленский АҚШ-тың «бейбіт жоспарына» үн қатты
693
оқылды

Украина президенті Владимир Зеленский халыққа жолдаған бейнеүндеуінде АҚШ ұсынған жаңа "бейбіт келісім" жоспарына қатысты пікір білдіріп, қазіргі жағдайды ел тарихындағы ең қиын кезеңдердің бірі деп атады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Ол Украинаның ұлттық абыройын таптайтын ешқандай келісімге келмейтінін мәлімдеді.

«Украина өте қиын таңдаудың алдында тұр: не абыройын жоғалтады, не негізгі серігінен айырылу қатері бар. Немесе 28 тармақтық күрделі жоспар, немесе ең ауыр қыс, әрі қарай жалғаса беретін тәуекелдер. Азаттықсыз, абыройсыз және әділетсіз өмір... Бізге бұған дейін екі мәрте шабуыл жасаған адамға сенуге бола ма?-деді Зеленский.

АҚШ әкімшілігі ұсынған 28 тармақтан тұратын бейбіт жоспардың кейбір бөлігінде Ресейдің бұрынғы талаптары қайталанғаны туралы ақпараттар жарияланды. Батыс басылымдарының хабарлауынша, Вашингтон Киевке қысым көрсетіп, барлау деректері мен әскери көмекті тоқтатамыз деп ескерткен. Дональд Трамп бұл келісім 27 қарашада, яғни АҚШ-тағы Алғыс айту күніне дейін қабылдануға тиіс деген пікір білдірді.

Зеленский өз үндеуінде президенттік антына берік екенін атап өтіп, ел егемендігін қорғайтынын айтты. Ол Украина ешкімге дауыс көтермей, серіктестермен, соның ішінде Америкамен де, бейбіт жолды іздеуді жалғастыратынын мәлімдеді.

Жұма күні Украина президенті Ұлыбритания, Франция, Германия және Италия көшбасшыларымен телефон арқылы сөйлесіп, Еуропа тарапынан қолдау күтетіні туралы айтты. Германия үкіметі "қазіргі майдан шебі бейбіт келіссөздер үшін бастапқы нүкте болуға тиіс" деген пікір білдірді. АҚШ жоспары Украинадан Донецк облысының бір бөлігін беруді талап етеді.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, Украина, Германия, Франция және Ұлыбритания АҚШ жоспарына балама ретінде өз ұсыныстарын әзірлеп жатыр. Washington Post газеті Зеленский АҚШ делегациясынан жоспарға өзгерістер енгізуді сұрағанын, бұл ұсыныс белгілі бір деңгейде қолдау тапқанын жазды.