Кейінгі жылдары әлемдік нарықта смарт-технологиялар қарқынмен дамып келеді.
Жұмысты жеңілдететін гаджеттер
959
оқылды

Бұл үдеріс тек телефон немесе тұрмыстық техника саласымен шектелмей, кеңсе жабдықтарын да өзгеріске ұшыратты. Қызмет орнындағы тиімділік пен қолайлылықты арттыруға бағытталған «ақылды» құралдар бүгінде көпшіліктің жұмыс стиліне жаңа тыныс беріп отыр. Солардың бірқатарын назарларыңызға ұсынбақпыз.

Көптеген смарт-тауарлар мобильді қосымшалармен және бұлтты сервистермен байланысып жұмыс істейді. Бұл әсіресе қа­шық­тан жұмыс істейтіндерге тиімді. Құжаттарды сақтау, бөлісу, өңдеу сияқты жұмыстар кез кел­ген жерден қолжетімді. Осындай шешімдер жұмыс қарқынын бәсеңдетпей, командалық бай­ланысты да нығайтатыны сөзсіз.

«Ақылды» кеңсе тауарлары­ның пайдасы мен маңыздылығы өте көп. Олар – жұмысты өнімді әрі тиімді етуге, жұмыс ортасының жайлылығын қалыптастыруда үлкен көмекші.

«Ақылды» кеңсенің тағы бір қыры – имидждік әсер. Жаңа тех­нологиялармен жабдықталған жұмыс орны компанияның инно­вацияға ашық екенін дәлелдейді. Қызметкер үшін де бұл кәсіби бейнесін нығайтатын фактор ретінде айтсақ болады. Заманауи құралдарды меңгерген маман бәсекеде әрдайым бір қадам алда.

Қолтаңба қою құрылғысы

Құжат айналымы цифрлан­дырылған бүгінгі заманда қолтаң­баның тұрақты әрі бірдей шығуы – маңызды талаптың бірі. Осы қажеттілікке сай соңғы жыл­дары қол қою процесін автомат­тан­­дырып, дәлдігін арттыратын бір­неше технологиялық шешімдер кеңінен қолданысқа еніп жатыр.

Алдымен, электрондық қол­таң­ба планшеттерін атап өткен жөн. Wacom-ның STU сериясы немесе Topaz компаниясының құрылғылары – қолтаңбаны бір рет жазып алып, оны кейінгі құжаттарға еш өзгеріссіз енгізуге мүмкіндік беретін кәсіби техни­калар. Мұндай гаджеттер пайда­лану­шының қол қимылын, қысым күшін, жазу жылдамдығын толық тіркеп, сандық форматта сақтайды. Нәтижесінде, PDF не Word құжатын рәсімдеу әлдеқайда жеңілдейді.

Біркелкі қолтаңба жасаудың тағы бір жолы – арнайы роботтық құрылғыларды пайдалану. Autopen сияқты автоматты қол қою ма­шина­лары қаламды механика­лық түрде басқарып, қағазға нақ­ты қолтаңбаны өзі түсіреді. Мұн­дай жүйелерді саясаткерлер, ірі корпо­рация басшылары, көп құжатқа қол қоюы қажет тұлғалар жиі қол­данады.

Ал планшет пен электронды қалам ұсынатын мүмкіндіктер күнделікті жұмысқа ыңғайлы. iPad пен Apple Pencil, Galaxy Tab пен S Pen, Surface Pen секілді құ­ралдар арқылы жазылған қолтаң­баңыз цифрлық форматта сақта­лып, қажет құжатқа өзгеріссіз ен­гі­зіледі.

Көпқырлы қаламдар

Neo Smartpen, Livescribe Pen немесе Moleskine Pen+ сырт көзге кәдімгі қаламнан еш айырма­шылығы жоқ. Бірақ жазуды бас­таған сәтте-ақ олардың шынайы мүмкіндігі байқалады. Бұл қалам­дар жазылған әр сөзді автоматты түрде смартфонға немесе план­шетке жіберіп, цифрлық архив жасайды. Ең қызығы, кей модель­дер жазу кезінде аудио жазып отырады. Мысалы, лекцияда немесе жиналыста отырсаңыз, қалам сіздің жазбаңыз бен дауыс жазбасын синхрондап береді. Кейін жазбаны ашқанда, дәл сол сөйлем айтылған тұстың аудио үзіндісі қоса ойнайды.

Smart Boards немесе Smart Notebooks қазіргі заман кеңсесінің жүрегі десек артық емес. Бұл тақталарда сіз сурет сала аласыз, диаграмма сызып, бір сәтте пре­зентацияға қоса аласыз. Бар­лық ақпарат компьютерге немесе бұ­лт­ты жүйеге синхрондалып, топ­пен жұмыс істеуді жеңілдетеді.

Пайдалы үстелдер

Кеңсе мәдениетіне еніп жатқан ең батыл жаңалықтардың бірі – биіктігі реттелетін «ақылды» үстелдер. FlexiSpot, UPLIFT Desk секілді брендтер ұсынған бұл құрылғылар қызметкердің жұмыс процесін ғана емес, күнделікті әдетін де өзгертетін инновацияға айналды.

Мұндай үстелдердің негізгі ерекшелігі ретінде отыру мен тұру режимін алмастырып отыруға мүмкіндік беруін айта аламыз. Ғалымдар ұзақ отыру омыртқаға, қан айналымына және жалпы еңбек өнімділігіне кері әсер ететінін дәлелдеген. Заманауи модельдер жай ғана көтеріліп-түсетін механизммен шектел­мейді. Кейбір үстелдерге қозғалыс белсенділігін қадағалайтын сен­сорлар орналастырылған. Олар белгілі бір уақыт бойы қозғал­мағаныңызды анықтап, орны­ңыздан тұруды ескертіп отырады. Тіпті, калория шығынын есептеп, күнделікті белсенділік статис­тикасын да ұсына алады.

Smart-шам

BenQ e-Reading Lamp немесе Philips Hue сияқты смарт-шамдар бөлмедегі жарық деңгейін өздігімен реттей алады. Мы­салы, терезеден түс­кен күн сәулесі кү­шей­се, құрылғы жа­рықты бәсеңдетеді, ал бұлтты ауа райында немесе кешкі уақытта шам күшей­тіледі. Мұндай автоматты тең­герім көздің шаршауын азайтып, ұзақ уақыт бойы жайлы жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Кей үлгілерде қозғалыс сен­сорлары бар, адам үстелге жақын­даса, шам өздігінен жанады, ал ұзақ уақыт бойы ешқандай қоз­ғалыс байқалмаса, өшіп қалады. Қызығы, бұл шамдарды смартфон арқылы басқаруға болады. Қолданушы жарықтың реңкін өзгертіп, жұмыс режимін орнатып немесе нақты уақытқа таймер қоюға мүмкіндік алады. Кейбір модельдер тіпті «оқу», «жұмыс», «демалыс» сияқты арнайы жарық сценарийлерін ұсынады.

«Ақылды» кеңсе креслолары

Сондықтан соңғы жылдары кеңселерде «ақылды» кресло­лардың танымалдығы айтарлық­тай артты. X-Chair with Elemax немесе Herman Miller Smart Chairs сияқты заманауи орындықтар қарапайым отыруды бақылау жү­йесінен әлдеқайда жоғары мүм­кіндіктерге ие.

Бұл креслолар адамның омыртқа қисайысын, арқаның бүгілуін, жамбас пен мойынға түсетін салмақты арнайы сенсор­лар арқылы қадағалап отырады. Қызметкер дұрыс отырмаса, орындық арқаға жайлы ескерту береді немесе тіреу нүктесін автоматты түрде өзгертіп, денені дұрыс қалыпқа келтіруге көмек­теседі. Кейбір креслоларда жылы­ту, салқындату немесе жеңіл мас­саж жасау жүйесі бар. Бұлшық етті босатып, қан айналымын жақсар­тады, ұзақ жұмыс күнінен кейінгі ауырлықты азайтады. Көп мо­дель­дер мобильді қосымшамен синхрондалып, отыру уақытын есептеп, үзіліс жасауды ескертіп отырады.

Әсет ҚАЛИ