Жылыту маусымы басталған соң өрт қауіпсіздігіне немқұрайды болмау керек дейміз. Өкінішке қарай, елімізде өрт қауіпсіздігі ережесін сақтамаудың сал­да­рынан қайғылы оқиға саны азаймай тұр.
Өрттің алдын алу жұмыстары күшейді
792
оқылды

Биыл был­тырғы жылмен салыстырғанда өрт оқиғасы 7,5%-ға төмендеген. Десек те, адам шығыны әлі де көп. Жылыту маусымы басталғалы, яғни 1 қазаннан бері республика бойынша 870 өрт оқиғасы тіркелген, 46 адам қаза тапты, оның ішінде 11-і балалар болған. Жыл басынан бері бір ғана Астананың өзінде 766 өрт оқиғасы тіркелген.

Қазір Астана қаласының Тө­тенше жағдайлар департаменті тұрғын үйлерде өрттің алдын алу үшін арнайы жұмыстарды кү­шейт­ті. Мәселен, мамандар аулаларды аралап, профилактикалық рейд өткізіп жатыр. Жалпы, профи­лак­тикалық жұмыстар жылыту мау­сымынан бұрын, 15 тамыздан бас­талған. Біз кезекті рейдтің бі­ріне қатысып, жұмыс барысымен егжей-тегжейлі таныстық. ТЖМ қызмет­керлері  рейд аясында тұр­ғын­дарға өрт қауіпсіздігі ережесін түсіндіріп, жылыту құралдарын, пештер мен мұржаларды тексеріп, жарамсызын қалпына келтірді. Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасы орын­басарының міндетін атқарушы Руслан Қайрақбаев өрт оқиғасы көбіне-көп электр сым­дарының қысқа тұйықталуынан, балалардың қараусыз қалғанынан, пештегі ақаулар мен мұржаны уа­қытылы тазаламаудан болаты­нын ескертті. 

– Жылу беру маусымы кезінде өрт қауіпі жоғары болады. Осы уа­қытта тұрғындардың әртүрлі жы­лыту құралын дұрыс пайдалан­ба­уынан қауіп арта түседі. Сол себепті жағдайдың алдын алу үшін үйлерді аралап, тұрғындарға түсіндіру жұ­мысын өткізіп жатырмыз. Басты мақсатымыз – қала жұртына қауіп­сіздік ережесін еске салып, қай­ғылы оқиғаларды болдырмау. Өрт қауіпсіздігі мәселесіне жауап­кер­шілікпен қарауға шақырамыз, – дейді Руслан Қайрақбаев.

№5 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде жиналған ат­қарушы органдар, полиция қыз­меткерлері мен еріктілер тобымен бірге Байқоңыр ауданына қарасты «Өндіріс» тұрғынжай алабына жол тарттық. Арнайы мамандар тұр­ғын­дарға түсіндірме жұмысымен шектелмей, көміртегі тотығын анық­тайтын қондырғы да орнатып жатыр. Мемлекеттік органдардың қолдауымен улы газды анықтайтын датчиктер алдымен көпбалалы отбасылар, жалғызбасты аналар, зейнеткерлер, әлеуметтік осал топқа жататын өзге де азаматтардың үйіне қою мақсат етіліпті. 

Рейд кезінде «Өндіріс» ауда­нының тұрғыны, зейнеткер Гүл­жә­мила Өтеуілқызының да үйіне бас сұқтық. Зейнеткердің бұл ауданда тұрып жатқанына 20 жылдан аса уақыт болыпты. 

– Көшемізде бәрі жақсы, еш­қандай өрт болған емес. Пеш жа­ғып отырмыз. Қыста 4-5 тонна кө­мір жағамыз. «Сақтықта қор­лық жоқ» демекші, ескертіп, қон­дырғы қойып, қамымызды ойлап жатқан­дарыңызға рақмет! Елі­міз­де ты­ныштық болсын! – дейді зей­неткер. 

Астана қаласы Байқоңыр ауда­нының Төтенше жағдай басқар­масы инженері, азаматтық қорғау лейтенанты Темірлан Бекзатұлы қондырғының жұмысы жайында тұрғындарға түсіндірді. 

– Улы газды анықтайтын қон­дырғыны пеш тұрған бөлмеге ор­на­­тады. Түнде улы газ бөлінсе, газ­дың көлемі артса, қондырғы сигнал бере бастайды. Дыбысты ести сала есік-терезені ашып, үйді желдетіп алу қажет. Қондырғы өте қарапайым жұмыс істейді, бата­рейкасын ауыс­тырып отырсаңыз болды, – дейді Т.Бекзатұлы.

Қызметкердің айтуынша, жан­ғыш материалдар қатты көмір­мен жылытатын пештен кемінде 50 см жерде жатуға тиіс. Ал зейнет­кердің үйінде кілем, линолеум пеш­ке тым жақын тұр. Т.Бекзатұлы тұрғын үй иесіне пеш қасына киім кептіруге, жанғыш материалдарды қоюға және пештің бетін ашық қалдыруға болмайтынын ескертті. 

– Түнде пешке шамадан тыс отын-көмір салуға болмайды. Пештің іші кішкентай ғана, оны толтырып жіберсе, керісінше пеш­те ауа болмай, отын жанбай, бық­сып жатып қалады. Мұндайда улы газ бөлінеді, қайғылы оқиғаның көбі осындай себептен туып отыр. Отынды аз салса, жалындап жа­нып, үйіңіз де тез жылиды, – дейді Т.Бекзатұлы.

Мамандардың нұсқауынша, жылыту маусымы басталар алдында мұржаны тазалап алған жөн. Одан кейін 3 ай сайын тазалап тұруды ұсынады.

Астана қаласы Төтенше жағ­дайлар департаменті, Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының аға инженері Ербағлан Еркінұлының есебінше, ТЖМ мамандары бүгінге дейін 13 мыңнан аса үйді аралап шыққан. Қазір Астанадағы тұрғын үйлерді аралау барысында 331 улы газды анықтайтын қондырғы ор­на­тылса, ел бойынша 29 мыңға жуық қондырғы қойылған екен. Жылыту маусымы аяқталғанға дейін іс-ша­ралар әлі де жалғаса бермек. 

Айсұлу СЪЕЗХАН