Парламент Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаев­­тың төрағалығымен палата отырысы өтті.
Аймақтарды дамытуға қосымша қаражат бөлінеді
463
оқылды

Онда күн тәртібіне шығарылған заңдар қаралды. Отырысқа Премьер-министр Олжас Бектенов, Жоғары ауди­тор­лық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов, Үкімет мүшелері, мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың өкілдері қатысты.

Палата отырысында сенатор­лар еліміздің маңызды қаржы құжаттары – «Республикалық және облыстық бюджеттер, рес­публикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері арасындағы 2026-2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы» және «2026-2028 жылдарға арналған республи­калық бюджет туралы» заңдарды қарады. Құжаттардың негізгі мін­детінің бірі – әртүрлі эконо­микалық әлеуеті бар өңірлердің қаржылық мүмкіндігі ара­сындағы теңсіздікті жою.

Мәулен Әшімбаев атап өткен­дей, Мемлекет басшысының тап­сырмаларын іске асыру аясында және жаңа Бюджет кодексіне сәйкес әзірленген үш жылдық бюд­жеттің басым міндеті мем­лекеттің әлеуметтік міндетте­ме­лерін толық орындау, ғылымды, білім беруді, медицинаны қолдау­ды арттыру арқылы адам капита­лын дамыту болып қала береді.

«Президентіміз Қасым-Жомарт  Тоқаевтың тапсырмасы­мен келесі жылы республикалық бюджеттің әлеуметтік саладағы шығыстары биылмен салыстыр­ғанда 298 млрд теңгеге ұлғаяды. Бұл қаражат әлеуметтік төлем­дерді арттыруға, денсаулық сақтау жүйе­сін, сондай-ақ ғылым мен жоғары білім беруді дамытуға ба­ғытталады. Экономиканың нақты секторын, көлік, ауыл шаруа­шы­лығы, өнер­кәсіп салаларын қол­дауға қомақты қаржы бөлінді. Субвенциялар мен нысаналы трансферттерді қоса алғанда, жергілікті бюджеттерге берілетін қаражаттың жалпы со­масы 10,5 пайызға немесе 531 млрд теңгеге өсіп, 5,5 трлн теңгені құ­рай­ды», – деді палата Спикері.

Заңда көрсетілгендей, үш жыл­дық кезеңде бюджет шығыс­та­рындағы ең үлкен үлес әлеу­меттік салаға тиесілі болып отыр. Оның жалпы сомасы – 33,8 трлн теңгеге тең: 2026 жылы 10,7 трлн теңге, 2027 жылы 11,0 трлн теңге және 2028 жылы 11,5 трлн теңге. Атап айтқанда, 2026 жылы әлеуметтік қамсыздандыру мен әлеуметтік көмекке 6,833 трлн теңге, ал адам капиталына инвес­тицияларға – білім, ғылым, жо­ғары білім, денсаулық сақтау, туризм, спорт, мәдениет және ақ­парат салаларын қоса алғанда, 3,964 трлн теңге қарастырылған.

Отырыста қаражат бюджеттік саясаттың ықтимал тәуекелдерін ескеріп және шындыққа бейім­деле отырып, экономикалық мо­дель құру арқылы азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға бағыт­талатыны айтылды. Осылайша, болжамды кезеңде ауыл шаруа­шылығындағы орташа жылдық өсу қарқыны – 3,9 пайыз, құры­лыста – 11,0 пайыз, саудада – 6,7 пайыз, өңдеуші өнеркәсіпте – 6,5 пайыз, тау-кен өндіру өнеркә­сібінде – 2,8 пайыз, қызмет көр­сету саласында – 4,9 пайыз, көлік және қоймалау саласында – 10,1 пайыз, ақпарат және байланыс секторында 6,8 пайызды құрайды. Заң нормаларына сәйкес, эко­номиканың нақты секторына арналған шығыстар агро­өнер­кәсіптік кешенді, республикалық деңгейдегі көлік инфрақұры­лы­мын, кәсіпкерлікті, цифрлан­ды­руды, отын-энергетикалық ке­шен­ді, сондай-ақ су ресурстары мен ирригация, экология және та­биғи ресурстар салаларын жаң­ғыртуға арналған жобаларды дамытуды көздейді.

«Бүгінгі отырыста депутаттар экономиканы әртараптандыру, мемлекеттік борыш көлемі, салық түсімдері және инфляция деңгейі туралы бірқатар маңызды мәсе­лені көтерді. Сонымен қатар ауыл шаруашылығын дамыту, пара­фискалдық төлемдер және өңірлік даму перспективалары талқы­лан­ды. Осы ретте Үкімет сенаторлар көтерген мәселелерді назарға алып, алдағы уақытта тиісті жұ­мыс жүргізеді деп сене­міз. Палата депутаттары бұл ба­ғыттарда Үкіметпен бірлесіп жұ­мыс істеуге дайын», – деді Мәулен Әшімбаев.

Жалпы сипаттағы трансферт­тердің көлемі туралы заңды тал­қы­лау барысында Сенат депу­тат­тарының ескертулері мен ұсы­­ныстарын ескере отырып, Мә­жіліс қабылдаған заңға өзге­рістер енгізу қажеттілігі туындады. Ол басталған және жалғасып жатқан жобаларды аяқтау үшін елді мекендерде әлеуметтік, ин­женерлік және көлік инфрақұры­лымын дамытуға арналған шы­ғындарды жалпы сипаттағы транс­ферттерде 17,5 млрд теңге сомасында ұлғайтуға қатысты өзгеріс екенін атап өткен жөн.

Сонымен қатар сенаторлар Республикалық бюджет туралы заңды талқылау кезінде өңірлердің дамуына одан әрі жәрдемдесу үшін қосымша қаражат бөлу туралы шешім қабылдады. Атап айтқанда, депутаттар жылумен жабдықтау жүйелерін қаржы­лан­дыруды 37,9 млрд теңгеге дейін ұлғайтуды ұсынды. Оның ішінде 2026 жылы 9,8 млрд теңге қа­растырылған. Жылу, электр энер­гетикасын дамытуға жұмсалатын шығындар 7,7 млрд теңгені құ­раса, оның 4,7 миллиарды келесі жылға көзделген. Сенаторлардың ұсыныстарына сәйкес, 2026 жылы су ресурстарына және газ тасы­малдау жүйесін дамытуға жұм­са­латын шығыстардың жалпы кө­лемі де өседі. Бұл сома тиісінше 2,3 млрд теңге және 5,5 млрд тең­­геге тең болмақ. Осы кезеңде жа­­ғалауды нығайту жұмыстарына – 2,2 млрд теңге, ал өнеркәсіп са­лаларының дамуына жәрдем­десуге 1,5 млрд теңге бөлінді.

Сондай-ақ Сенат депутаттары республикалық бюджетті тал­қылау барысында Үкімет мүше­лерінің назарын өзекті мәселе­лерге аударды. Олар жалпы эко­номикалық сипаттағы мәсе­лелерді шешудің маңызына, ауыл­дарды дамытуға, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға және өңір­лердің әлеуетін неғұрлым толық іске асыруға қатысты міндеттерді қамтиды. Осыған байланысты Мәулен Әшімбаев аталған бас­тамаларды тиімді іске асыру үшін барлық мүдделі тараптың өзара тығыз жұмыс істеу қажет екенін тілге тиек етті.

Осылайша, күн тәртібіне шы­ғарылған мәселелерді қарау нәтижесінде сенаторлар екі заңды да концептуалды түрде қолдады. Алайда оларға бірқатар өзгеріс енгізіп, заңдарды өз түзетулерімен Мәжіліске қайтарды.