Интернет-алаяқтардан қалай сақтану керек?

Мемлекеттік кірістер комитеті жаңа алаяқтық схемалар туралы ескертеді.

Бүгінде  интернет-алаяқтар электронды пошта мекенжайларына «Салықты шұғыл төлеу қажеттігі туралы ескерту» деген жалған хабарламалар жіберуді жалғастыруда, – деп хабарлайды  Aikyn.kz.

Сондай-ақ бұрыннан белгілі әдіс бойынша мемлекеттік кірістер органдарының қызметкері ретінде танысып, қоңырау шалып, салықтық есептіліктің (270-нысан) жоқтығы туралы жалған ақпарат таратады.

Қазіргі уақытта алаяқтар өздерін курьер ретінде таныстырып, салық төлеушінің атына салық органынан хат келгенін айтып, хатты жеткізу қызметін МКК (салық органы) төлейді деп сендіріп, мекенжайға жеткізуді ұсынады.

Содан кейін жәбірленушінің телефонына 1414 нөмірінен «Enbek.kz» атынан алты таңбалы код жіберіп, процесті аяқтау үшін сол кодты айтуын сұрайды.

Мемлекеттік кірістер комитеті азаматтарға қырағылық танытуға және жалған хабарламаларға сенбеуге, күмәнді сілтемелерге өтпеуге, кодтар мен нөмірлерді ешкімге айтпауға, алынған ақпараттың дұрыстығын тексеруге және алаяқтардың айла-тәсілдеріне ермеуге шақырады.