«AMANAT» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Азамат Сафималиев партияның сайлауалды бағдарламасының орындалу барысы туралы айтты. Бұл бағдарлама халықтың өзінен түскен өтініштер мен тілектер негізінде жасалған болатын.
Ел аманаты еленеді
1,051
оқылды

Азамат Сафималиевтің айтуынша, партияның 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарла­масы халықтың өтініш-тілегі мен өзекті мәсе­лелерін қамтыған. Бағдарлама ая­сын­да облыс бойынша көзделген 113 тар­мақтың 40-ы толық орындалған. 

– Аяқталған іс-шаралар шеңберінде 3,5 млрд теңге көлеміндегі 4 инвести­ция­лық жоба іске қосылып, 193 жаңа жұмыс орны ашылды. 2025 жылдың басынан бері облыста 7,5 мың тұрақты жұмыс орны құрылды.

Сонымен қатар 330 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 2,8 мың­нан астам отбасы баспаналы болды. Биыл 1 860 орындық 3 мектеп, 15 медициналық мекеме ашылды. Бұдан бөлек, 200 шақы­рым жол жөнделіп, 59 жаңа автобус сатып алынды. «Бақытты отбасы» жобасы шең­бе­р­інде балалардың жазғы демалысы сапа­лы өтуі үшін лагерьлерге мониторинг жүргізілді. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға жағдай жасау және инклю­зивті мәдениетті дамыту бағытында нақты ұсыныстар айтылды. «Кедергісіз келешек» жобасы аясында оқушылар арасында өткен «Тең мүмкіндіктер» спорт фести­валіне 80-нен астам бала қатысып, жеңім­паздар республикалық кезеңге жолдама алды, – деп атап өтті «AMANAT» партия­сының БҚО филиалының атқарушы хатшысы Азамат Сафималиев. 

«AMANAT» партиясы бірнеше ірі жобаны жүзеге асырып отыр. Солардың ішінде кең қолдауға ие жоба – «Ауыл аманаты» жобасы. Бұл жобаның мақса­ты – ауылдағы ағайынды кәсіпке баулу. Қазір ауылдағы азаматтар осы жобаның игілігін көруде. 

2023-2024 жылдары бағдарлама арқы­лы 9,4 млрд теңгеге 1 317 микрокредит бе­ріл­іп, 1 604 жаңа жұмыс орны ашылған. Ауыл тұрғындары сүт, ет, құс және өсімдік шаруашылығын дамыту бағытында бел­сен­ділік танытқан.  

«Ауыл аманаты» жобасы БҚО бойын­ша 2023-2024 жылдары табысты жүзеге асқанға ұқсайды. Азамат Сафималиевтің айтуынша, 6 773 бас сүтті бағыттағы ірі қара малы, соның ішінде 1 997 басы асыл­тұқымды ірі қара, 1 784 бас етті бағыттағы ірі қара, 17 235 бас қой және 84 947 бас құс сатып алынған. Бағдарлама шеңберінде кәсіп ашып, мал өсіріп отырған жас кәсіп­керге дайын өнімді өткізуге де партия жәрдем етеді. 

– «Ауыл аманаты» бағдарламасы шең­берінде өндірілген өнімдерді өткізу ұйым­дастырылуда. Облыс орталығындағы ірі сауда нүктелеріне және әр апта өткізілетін жәрмеңкелерде арнайы орындар бөлініп, сатылуда. Бүгінгі күнде облыс көлеміндегі ұйымдастырылатын түрлі ірі шараларда «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысу­шы кәсіпкерлер мен кооперативтердің өнімдері үлкен сұранысқа ие болып отыр. Осы жылдың 4-5 қазанында Астана қала­сында Батыс Қазақстан облысы тауар өндірушілерінің қатысуымен кезекті өңірлік ауыл шаруашылығы жәрмең­ке­сінде өңірдің бағдарламаға қатысушы­лары өндірген өнімдері үлкен ассорти­ментін сатылымға шығарып, жәрмеңке­нің «Үздік сауда сөресі» номинациясына ие болды, – дейді Азамат Сафималиев.

Бағдарламаның тиімділігін арттыру үшін Үкімет пен Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігіне лизинг тетіктерін жетіл­діру туралы ұсыныстар жолданып, қара­ша айында жаңа толықтырулар енгізілді. Биыл Қарашығанақ Петро­леум Оперей­тинг Б.В. компаниясымен меморандум жасалып, ауыл шаруашы­лығы өнімдерін жеткізу жүйесі жолға қойылды.

Аталған меморандум аясында жалпы 855,6 млн теңгеге өнім өткізілген. Соның ішінде, 39 млн теңгеге сүт өнімдері, 219 млн теңгеге жұмыртқа, 93 млн-ға көкөніс өткізген. Жыл соңына дейін тағы 207 млн теңгенің өнімін жеткізу жоспарланып отыр. 

Жыл басынан бері партияның облыс­тық филиалының Қоғамдық қабыл­дау бөлмесіне 2 719 өтініш түсіп, 45%-ы оң ше­шімін тапқан. Облыс және қала әкім­дері, депутаттар мен мемлекеттік орган­дардың өкілдері 961 қабылдау өткізген. Сонымен қатар 60 мобильді қабылдау ұйымдастырылып, 237 тұрғын­ның өтіні­ші қаралған.

«Құқықтық көмек» жобасы аясында 14 қабылдау өткізіліп, 56 адамға құқық­тық кеңес берілген.

Партияның әйелдер қанаты да бел­сенді. Облыстық филиал жанындағы Әйелдер қанаты «Әйел аманаты» жобасы аясында «Ақжайық арулары» саяси көш­басшылық мектебі ұйымдастырды. Қазір оған қатысушылар саны өсуде. Тіпті, партия қатарына өтушілер саны да артып келеді. Әйелдер қанатының баста­масы­мен түрлі әлеуметтік және мәдени іс-шара­лар өткізіліп, өңірдегі әйелдердің қоғамдық белсенділігін арт­тыру бағы­тында жүйелі жұмыс жүргі­зілуде.

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,

Батыс Қазақстан облысы