Мәжіліс депутаты, "AMANAT" партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов төменгі палатаның бүгінгі жалпы отырысында Еңбек кодексіне өзгерістер енгізу туралы заң жобасын таныстырды. Депутаттың айтуынша, заңға ата-аналардың тең құқығы мен әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге бағытталған маңызды түзету енгізілген, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
Аймағамбетов қазіргі заңнамада үш жасқа дейінгі бала күтімімен үйде отырған ананың бұл кезеңі еңбек өтілі ретінде есептелетінін, ал әкелер үшін мұндай құқық қарастырылмағанын еске салды.
«Егер заң қабылданса, бала күтіміне шыққан әкенің де бұл уақыты еңбек өтіліне қосылады. Бұл – тек әлеуметтік әділеттілік емес, сонымен қатар отбасындағы ата-аналық жауапкершілікті теңестіретін қадам», – деді Асхат Аймағамбетов.
Сонымен қатар жаңа заң жобасында жұмысшылардың құқығын қорғауға, еңбек дауларында әділдік орнатуға және өндірістегі жазатайым оқиғалар кезінде қызметкерлердің мүддесін қорғауға арналған бірқатар жаңа норма қарастырылған.
Депутат ұсынылған түзетулер еңбек қатынастарындағы әділетсіздікті жойып, жұмысшылар мен олардың отбасыларының әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыруға бағытталғанын атап өтті.