«Үйде екі отбасы бірге болған»: Түркістан облысында 12 адам қаза тапқан өртке қатысты тың мәлімет белгілі болды

Өрттен үш адам аман қалған. Олар қазір жансақтау бөлімінде жатыр.

Түркістан облысының Жетісай ауданы Алғабас ауылындағы тұрғын үйдегі өрт кезінде онда екі отбасы болғаны анықталды. Бұл туралы Бала құқығы жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Динара Зәкиева әлеуметтік желіде тоғыз баланың қазасына байланысты жазба жариялап, қайғылы оқиғаның мән-жайын түсіндірді.

– Үйде екі отбасы, ата-аналар мен балалары бірге болған. Өрт шығып, соның салдарынан үйдің шатыры опырылып түскен. Өңірлік уәкіл және психологиялық қолдау орталығының мамандары оқиға орнына жолға шықты, – деп жазды омбудсмен.

Өрттен үш адам аман қалған. Олар қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Түркістан облысының Денсаулық сақтау басқармасы үш науқастың да жағдайы ауыр екенін мәлімдеді.

– Медициналық мекемелерге екі ересек пен бір бала жеткізілді. Үшеуі де реанимацияда, жағдайлары ауыр, бірақ тұрақты. Науқастарға интенсивті терапияның толық көлемі көрсетіліп, салалық мамандардың бақылауында, – деп мәлімдеді басқарма өкілдері.

Сонымен қатар облыстық медициналық ұйымдардан қосымша мамандар жұмылдырылып, қажетті дәрі-дәрмек пен психологиялық көмек толықтай қамтамасыз етілді.

Еске сала кетейік, бүгін таңертең Түркістан облысы Жетісай ауданы Алғабас ауылындағы жеке тұрғын үйде өрт шығып, 12 адам, соның ішінде 9 бала тірідей жанып кетті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысы Жетісай ауданындағы жеке үйде болған өрттің салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты көңіл айтты.

Үкімет пен Түркістан облысының әкіміне зардап шеккен азаматтардың туған-туыстарына барлық қажетті көмек көрсетіп, қайғылы оқиғаны жан-жақты тексеруді тапсырды.

Президент тапсырмасы бойынша өртке байланысты Үкіметтік комиссия құрылды