«AMANAT» партиясы қазақстандықтардың күнделікті әлеуметтік, экономикалық, еңбек және білім беру мәселелерін шешуге бағытталған кешенді қолдау жүйесін жүзеге асырып келеді.
Қаржылық сауатты арттыру маңызды
948
оқылды

Назардың негізгі өзегінде – «Қарызсыз қоғам», «Әкімдер мектебі» және «Ауыл аманаты» сияқты партиялық жобалардың нәтижелері мен олардың әрі қарайғы дамуы.

Халықтың шамадан тыс қарызға ба­туы – Президент ерекше мән беретін өзекті мәселелердің бірі. Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жол­да­уында «Қарызсыз қоғам» жобасының маңызын атап өтіп, оның негізгі мақса­ты – азамат­тардың қарыз жүктемесін азайту ғана емес, тұрақты табыс қалып­тастыруға жағдай жасау екенін баса айтты.

Осы бағытта партия жүйелі жұмыс жүргізуде: қаржылық қиындықтарды еңсеруге көмектесуден бастап, дағдарысты жағдайдан шығуға жәрдемдесу, жұмыспен қамтуға ықпал ету және жеке кәсіп ашуға қолдау көрсетуге дейін.

2024 жылдың ақпанында Павлодар облысында іске қосылған «Қарызсыз қоғам» жобасы халық арасында жоғары сұранысқа ие екенін көрсетті. Тек 2025 жыл­дың он айында  жоба аясындағы оқы­тудан өңірдің 9 мыңға жуық тұрғыны өтті.

Жоба түрлі санаттағы азаматтарға арналған: несие берешегі бар және бо­рышкерлер тізіміндегі ауыл тұрғындарына, ағымдағы несиелері мен ықтимал мер­зімінен кешігуі бар азаматтарға, мем­лекеттен жеңілдетілген несие алуды көздейтін жас кәсіпкерлерге, әлеуметтік осал топтарға – зейнеткерлерге, көпбалалы отбасыларға, кәмелетке толмаған бала­лардың және мүгедектігі бар жандардың қамқоршыларына, сондай-ақ мүгедектігі бар азаматтардың өздеріне.

Қатысушылардың көпшілігінде екі және одан да көп несие бар және олар бойынша кешіктірілген берешектер жинақталған. Бұған негізгі себеп – халықтың қаржылық сауаттылығының төмендігі.

Жобаның мақсаты – азаматтарға қаржылық және құқықтық тұрғыдан білікті көмек көрсету, олардың қаржылық сауаттылығын арттыру және банктік әрі микрокредиттік проблемалық қарыздарын реттеуге жәрдемдесу. Бүгінде оқыту онлайн форматта өтеді, бұл қатысу мүмкіндігін айтарлықтай кеңейтті. Қатысушылар тек пайыз есептеуді емес, жалпы қаржы жүйесінің қалай жұмыс істейтінін, қай жерде азаматтың жа­уапкершілігі аяқталып, құқықбұзушылық басталатынын түсінуді үйренеді.

Сонымен қатар жоба құқықтық қолдау көрсетеді. Білікті заңгерлер банктік шоттардың бұғатталуы, проблемалық несиелер және заңсыз ұсталымдар бойынша мәселелерді шешуге көмектеседі, азаматтардың құқығын қорғайды.

Мысалы, облыс орталығының тұрғыны, үш баланы жалғыз тәрбиелеп отырған ана ауыр қаржылық жағдайға байланысты несиелерін төлей алмай келген. Жоба мамандарының көмегімен екі атқару­шылық іс жүргізу тоқтатылды, банктер мен жаңа төлем кестелері бекітілді. Қазір оның нақты жоспары да, ертеңгі күнге деген сенімі де бар. Ал екібастұздық көп­балалы әкенің 3,2 миллион теңге берешегі мен 400 мың теңге сот шығын­дары болған. Жобаға жүгінгеннен кейін шоттағы тыйым алынып, шығындар екі есеге қысқарып, қарыз бес жылға ыңғайлы ай сайынғы төлеммен қайта құры­лымдалды.

Жоба тек жеке мәселелерді шешіп қана қоймай, жаңа қаржылық мәдениет қалыптастыруға ықпал етеді.

Айта кету керек, «AMANAT» пар­тия­сының үйлестіруімен «Қарызсыз қоғам» жобасын іске асыруға 11 мемлекеттік орган мен 12 коммерциялық банк атса­лысуда. Азаматтардың ыңғайы үшін qogamfin.kz атты онлайн платформа әзірленген. Сайт арқылы заңгерлік ке­ңеске жазылуға, пайдалы материалдар мен бейнесабақтарды жүктеп алуға мүмкіндік бар.

Елнар ЕЛТАЙ