Цифрландыру – биік мінберден жиі айтылып жүрген бас­тама. Десе де, бұған дейін ол көбіне техникалық жобалар, платформалар немесе жүйелерді енгізумен ғана сипат­талатын.
Әбутәліп Мүтәлі,  Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі: Бұл заң еліміздің цифрлық егемендігін нығайтады
1,051
оқылды

Бірақ енді мемлекет бұл салада толыққанды құ­қық­тық орта қалыптастыруды көздеп отыр. Осы мақсатта әзір­леніп жатқан жаңа заң жобасы елдің цифрлық бола­шағын айқындайтын негізгі құжат болмақ. Цифрлық ко­декс­тегі негізгі өзгерістер жайлы Мәжіліс депутаты, «AMANAT»  партиясы фракциясының мүшесі Әбутәліп Мүтәлі тарқатып берді. 

– Мәжілісте ұсынылған Цифр­лық кодекс саладағы қандай негізгі мә­селелерді шешуді көздейді?

– Біз айтып отырған кодекс – циф­р­ландыруды тек технология ре­тінде емес, толық заңдық жүйе ре­тінде қалыптастыруға арналған не­гізгі құжат. Бұған дейін цифр­лық саланы әртүрлі заңдар, бұй­рық­тар, ведомстволық ережелер рет­теп келді. Әр құжат өз бетінше жұ­мыс істейтін, бір-бірімен бай­ла­нысы аз болды. Сол себепті цифр­ландыру жүйесінің дамуын­да бірізділік болған жоқ. Пре­зи­дент Жолдауында алдағы үш жыл­да «цифрлық ел» қалып­тас­тыру міндетін қойған болатын. Ол үшін бәрін бір жерге жинаған, нақ­ты ережесі бар құқықтық не­гіз қажет. Міне, дәл осы кодекс сол негіз болып отыр.

Өйткені бұл құжат цифрлық мем­лекеттің толық құқықтық жүйе­сін қамтиды. Мысалы, де­рек­тер қалай басқарылуы керек, платформалар қалай реттеледі, адамдардың цифрлық құқық­та­рын қорғау мәселесі, кибер­қауіп­сіз­дік, цифрлық идентификация қа­лай жүргізіледі – бәрі осы ко­декске енеді. Бұрын әр мәселе бө­­лек-бөлек құжаттармен рет­тел­се, енді барлығы бір кодекске бі­­рік­тіріліп, біртұтас жүйе құры­лады.

Кодекстің ең маңызды жаңа­лығы – енді басты назар техни­ка­ның өзінде емес, цифрлық ор­тада туындайтын құқықтық қа­тынастарда. Бұған дейін заңдар ақ­параттық жүйелерге көбіне тех­никалық нұсқаулық ретінде қа­рады: қалай салу керек, қандай та­лап болуы тиіс, қандай бағ­дар­ла­малар қолдану керек дегендей. Ал жаңа кодекс «жүйе қазір жұ­мыс істеп тұр, енді оның ішінде пай­да болатын құқықтық қаты­нас­тарды реттеу керек» деген жаңа түсінікке көшеді. Бұл – үл­кен өзгеріс.

Тағы бір маңызды тұсы – ко­декс цифрлық объектілерді, де­рек­­терді, платформаларды то­лық­­қанды құқықтық объект ре­­тінде таниды. Яғни, деректер ен­­ді жай ақпарат емес, эконо­ми­ка­­лық құндылыққа ие мүлік ре­тін­­де қаралады. Олар азаматтық ай­налымға қатыса алады, алдағы уа­қытта сатып алу-сату, пайда­лану, басқару нысанына айна­ла­ды. Бұл – цифрлық активтер на­­­рығын дамыту үшін өте маңыз­ды қадам.

Бір сөзбен айтқанда, Цифр­лық кодекс тек бүгінгі талаптарды ғана шешпейді. Ол Қазақстанның ал­дағы он жылдағы цифрлық да­муы­на арналған берік құқықтық ба­за жасайды. Деректерді қор­ғауға, цифрлық егемендікті кү­шей­туге, цифрлық қызметтерді қауіп­­сіз әрі әділ етуге жағдай жа­­­сайды. Сондықтан бұл кодекс – еліміздің цифрлық мемлекетке қа­дам басуындағы ең маңызды әрі ірі бастамалардың бірі дер едім.

– Кодексте ең көп талқылау ту­­дырған түсінік – цифрлық объек­­тілер мен цифрлық деректер­дің құ­қықтық мәртебесі. Бұл қандай өз­геріс әкеледі?

– Цифрлық кодексте алғаш рет «цифрлық объект» және «цифр­лық деректер» деген түсі­нік­тер нақты құқықтық категория ретінде бекітіледі. Бұған дейін де­рек­тер мен платформалар заң­да «технология», «жүйе» деп ай­ты­лып жүрді, бірақ олардың нақ­ты құқықтық мәртебесі бол­ма­ды. Ал нарық жағдайында кез кел­ген активтің құқықтық мәр­тебесі анық болмаса, ол айна­лым­ға түсе алмайды, инвестиция тар­та алмайды, нарық қалып­тас­пайды. Сондықтан бұл өзгеріс стра­тегиялық маңызға ие.

Кодекс цифрлық объекті­лер­дің реестрін енгізеді. Бұл реестр ұлт­тық деңгейде жұмыс істейтін, се­німді, қауіпсіз және құқықтық мәр­тебесі айқын цифрлық объек­тілердің тізімі болады. Өзіміздің отандық өнімдерге басымдық бе­рі­­ліп, шетелдік жүйелерге ло­ка­­лизация талаптары қойылады. Бұл деректердің ел ішінде сақ­талуын қамтамасыз етуге, цифр­лық суверенитетті нығайтуға кө­­мектесетін тетік.

Ең революциялық жаңалық­тың бірі – цифрлық деректердің құ­қықтық объект ретінде та­нылуы. Бұған дейін деректер тек ақ­парат ретінде қарастырылды. Ен­ді олар құқықтық тұрғыда мү­лік­тік емес тауар ретінде таны­ла­ды. Яғни, деректерді: иеленуге, бас­­қаруға, сатуға, қолдануға бе­ру­ге, келісімшарт объектісі ету­ге мүм­кіндік пайда болады.

Бұл бүкіл әлемде қарқынды да­­мып жатқан data economy үшін өте маңызды. Себебі деректерге құ­­қықтық мәртебе беру арқылы Қа­зақстанда экономиканың жаңа секторы қалыптаса бастай­ды.

– Кодексте цифрлық мемле­кет­ті басқару моделі қалай өзгере­ді? Жаңа жобаның артықшылығы қан­дай?

– Заң жобасындағы ең маңыз­ды тараудың бірі – «цифрлық ел» ұғы­­мының енгізілуі және мем­ле­кет­тік басқарудың цифрлық ар­­хи­­тектурасының қайта құ­рылуы. Бұған дейін мемлекеттік орган­дар, квазимемлекеттік ұйымдар және түрлі цифрлық плат­фор­ма­лар өзара жеке-жеке дамып, кей­де бір-бірін қайталап, кейде өзара үйлеспей жұмыс істеді. Бұл жүйе халыққа да, бизнеске де ыңғай­сыз­дық туғызды.

Кодекс осы мәселені жүйелі түр­де шешеді. Қазақстанда алғаш рет орталық органдар, жергілікті әкімдіктер, ұлттық компаниялар жә­не барлық цифрлық қызметтер бір­тұтас архитектураға бірік­тірі­ле­ді. Яғни, цифрлық ортада мем­лекеттік функцияларды ат­қа­ра­тын субъектілердің бәрі ортақ ере­жемен жұмыс істейді. Бұл маңызды, себебі қоғамдық мүд­дені қорғау тек министрліктерге емес, цифрлық қызмет көрсететін жеке компанияларға да қатысты бола бастайды.

Ең үлкен өзгерістің бірі – цифр­лық жүйелердің өмірлік цик­лін толық реттеу. Яғни, кез келген цифрлық жүйе: жоспарлау, жо­ба­лау, іске қосу, пайдалану, архивтеу, кә­деге жарату деген сатылар ар­қылы өтеді. Бүгінге дейін бұл про­цестердің көпшілігі реттел­ме­ген еді. Әсіресе, архивтеу мәселесі ақ­параттық жүйе жабылса, де­ректер қайда кетеді деген сұрақ­тар алғаш рет заңдастырылады.

Кодекс цифрлық иденти­фи­кация мен аутентификацияны кү­­шейтеді. Көпфакторлы, био­мет­­риялық идентификация, циф­рлық құпиялылық, цифрлық иден­тиктің қорғалуы бәрі де жаңа та­лаптармен бекітіледі. Элект­рон­­дық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) сақ­талады, ал аз маңыздағы әре­кеттер үшін жаңа түсінік «цифр­лық растау» енгізіледі. Бұл халық­қа да, бизнеске де ыңғайлы.

– Киберқауіпсіздік пен цифр­лық егемендік мәселесі кодексте қа­лай қамтылған?

– Бүгінгі цифрлық әлемде ки­­бер­қауіпсіздік – мемлекеттің ті­келей ұлттық қауіпсіздігімен тең. Қазақстан да осы бағытта жүйелі қадам жасап, ақпа­рат­тан­дыру туралы заңды толық өз­гер­тіп, оны «Киберқауіпсіздік тура­лы» заңға айналдырады. Бұл – жаңа кодекстің ең маңызды элемен­ті­нің бірі.

Кодекс киберқауіпсіздік са­ла­сын­дағы терминологияны бірізге тү­­сіреді. Бұған дейін кибер­шаб­уыл, инцидент, деректерді қорғау, жүйенің тұрақтылығы сияқты ұғым­дар түрлі актілерде әртүрлі ин­терпретацияланып келген. Бұл құ­қықтық қолдануды қиын­дата­тын. Енді киберқауіпсіздікті рет­теудің жаңа үш деңгейі енгізіледі. Ең бірінші – функционалдық ау­дит. Одан кейін, кибер­қауіп­сіз­дік аудиті. Ең соңғысы – регуля­тор­лық аудит. 

Тағы бір маңызды жаңалық – ұлттық цифрлық объектілер ұғы­мы. Бұл объектілер сатылмайды, шет­елге берілмейді, стратегиялық ак­тив деп есептеледі. Мысалы, ұлт­­тық деректер қоры, аза­мат­тар­дың цифрлық идентифика­ция­сы, мемлекеттік платформалар, ұлт­тық инфрақұрылым.

Бұл – Қазақстанның цифр­лық егемендігін нығайтатын те­тік. Яғни, елдің цифрлық дерек­те­рі мен стратегиялық жүйелері ше­телдің ықпалында емес, өз заңы­мызбен қорғалады.

Цифрлық дәлелдер ұғы­мы­ның енгізілуі де киберқауіпсіз­дік­пен тығыз байланысты. Бұрын сот­та немесе азаматтық істерде цифр­лық жазбалар, логтар, тран­з­акциялар заңды дәлел ретінде қа­былданбайтын жағдайлар жиі бол­ды. Енді олар ресми құқықтық ста­тусқа ие. Бұл құқық қорғау са­ласын, сот процестерін зама­науи деңгейге шығарады.

– Кодекстің инновациялық эко­­системаға, платформалық эко­но­микаға және болашақ тех­но­ло­гияларға әсері қандай?

– Жаңа кодекс тек бүгінгі цифр­ландыруды реттейтін құжат емес, болашақ технологиялар мен инновациялық экожүйенің да­муын құқықтық жағынан қам­тамасыз ететін жүйе. Бұл бағытта ко­дексте бірнеше маңызды ре­форма қамтылған.

Біріншіден, Эксперименттік құ­қықтық режимдер (ЭҚР) бі­рың­ғай тәртіпке келтіріледі. Ин­но­вациялық компаниялар үшін бұл өте маңызды. Себебі бұрын ЭҚР әр жерде әртүрлі талаппен іс­­ке асатын. Енді енгізу, монито­ринг, тоқтату тәртібі бәрі бір жүйе­мен жүреді. Инновациялық өнім шығаратын стартап үшін қан­дай құқықтық талаптар бар, қан­дай деректермен жұмыс істей ала­ды, бәрі алдын ала белгілі бо­лады. Бұл инвесторға сенімділік бере­ді.

Екіншіден, кодекс цифрлық дел­далдарды, яғни маркет­п­лейс­тер, онлайн агрегаторлар, плат­фор­малық сервис иелерін алғаш рет құқықтық субъект ретінде реттейді. Бүгінгі экономикада бұл платформалар тауар өндірушіден де, қызмет көрсетушіден де ық­пал­ды болды. Бірақ олардың құ­қықтық жауапкершілігі толық анық­талмаған еді. Енді олардың де­ректермен жұмыс істеу тәртібі, пай­даланушы құқығын қорғау мін­деттері анық бекітіледі.

Үшіншіден, интернет заттары (IoT), деректер алмасу плат­фор­ма­лары сияқты технологиялар заң­да нақты ұғым ретінде бекі­ті­ле­ді. Бұл – алдағы 5–10 жылда эко­номиканың негізгі драйверіне айналатын салалар. Мысалы, ақыл­ды қала инфрақұрылымы, өнер­кәсіптегі цифрлық егіздер, ло­гистикалық деректер платфор­ма­лары, денсаулық сақтау жүйе­сіндегі IoT құрылғылар.

Олардың бәрінің жұмыс істеу тәр­тібі, деректерді өңдеу талап­тары, қауіпсіздік режимі заңда бе­кітіледі.

Төртіншіден, смарт-келі­сім­шарт­тарға құқықтық режим ен­гізіледі. Бұл – блокчейн жобалары мен жаңа экономикалық мо­дель­дер үшін үлкен серпін. Смарт-ке­лісімшарттар дәстүрлі келісім­шарт­тарды толық алмас­тыр­­майды, бірақ автоматты түрде орында­ла­тын мәмілелер үшін заңды құрал­ға айналады.

Бесіншіден, цифрлық құқық­тардың токенизацияға мүмкіндік беруі инвестиция нарығын түбе­гей­лі өзгертеді. Бұл жылжымай­тын мүлік, көлік, өндірістік жаб­дық, тауар партиясы – бәрін цифр­лық активке айналдырып, ай­налымға енгізуге негіз жасай­ды. Қазақстан осылайша жаңа цифр­лық активтер нарығын қауіп­сіз әрі заңды түрде ашатын ел­дердің қа­тарына қосылады.

Сондықтан Цифрлық кодекс – инновацияға кедергі емес, ке­рісінше инновацияға жол аша­тын құқықтық карта. Ол Қазақ­стан­ның болашақ технологиялық эко­номикасын қалыптастыруға мүм­кіндік береді дер едім.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Кәмила ЕРКІН