Атырау – еліміздің басты мұнайлы аймақтарының бірі. Алайда өңірдің экономикалық дамуы экологиялық қауіп-қатерлермен қатар өрбіп келеді. Қоршаған ортаны қорғау, ағынды суларды тазарту және өндірістік қалдықтарды азайту мәселесі өңірде әлі де өзекті күйінде қалды.
Күні кеше «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалы жанындағы Экология жөніндегі аймақтық кеңестің кезекті отырысында дәл осы түйткілдер талқыланды. Кеңес төрағасы, қалалық мәслихат депутаты Ануарбек Батаев төрағалық еткен жиында экологиялық ахуалды жақсарту жолдары мен өндіріс орындарының жауапкершілігі басты назарда болды.
Облыстық Экология департаментінің мәліметінше, өңірде І санаттағы 83 кәсіпорын тіркелген, олардың жартысына жуығы мұнай-газ секторына тиесілі. Ірі өндірістердің ауаға және суға шығаратын зиянды қалдықтары өңірдің экологиялық балансын бұзуда.
2025 жылдың он айының қорытындысы бойынша экологиялық заңнаманы бұзған 84 дерек анықталып, кәсіпорындарға 2,3 млрд теңгеден астам айыппұл салынған. Айыппұл салынғандар қатарында «Теңізшевройл», «НКОК», «Ембімұнайгаз», «Атырау мұнай өңдеу зауыты», сондай-ақ Karabatan Utility Solutions және ANACO компаниялары бар.
Дегенмен айыппұл төлеу мәселені шешпейді. Сарапшылардың айтуынша, басты проблема – нақты бақылау жүйесінің жеткіліксіздігі мен экологиялық жауапкершіліктің формалды деңгейде қалуы.
Ресми мәлімет бойынша, облыстағы бес ірі кәсіпорын – «Атырау жылу электр орталығы», «Атырау мұнай өңдеу зауыты», «Теңізшевройл», «НКОК» және Kazakhstan Petrochemical Industries Inc. – қоршаған ортаға шығарындыларды нақты уақыт режимінде қадағалауға мүмкіндік беретін автоматтандырылған мониторинг жүйесін енгізіп жатыр.
Алайда бұл жүйенің барлығы толық қуатында жұмыс істемейді. Мысалы, Kazakhstan Petrochemical Industries Inc. компаниясы жүйені орнатқанымен, ұлттық деректер банкіне қосылу әлі жүзеге аспаған. «Теңізшевройл» компаниясында да проблемалар бар. Бұл ретте қоғамда сұрақ көп: автоматтандырылған жүйелер нақты жұмыс істей ме, әлде экологиялық есепті «жақсарту үшін» орнатылған формалды құрал ма?
Экологиялық жағдайдың тағы бір осал тұсы – Атырау қаласының сол жағалауындағы кәріздік тазарту қондырғысы (КОС). Нысан 2021 жылы пайдалануға берілгенімен, бүгінде оның мүмкіндігі толық іске аспаған. Жобалық қуаттылығы тәулігіне 70 мың м³ сарқынды суды тазартуға есептелген болса да, қазір 15 мың м³ су ғана қабылдануда. Бұл – стансаның толық жүктемемен жұмыс істемей тұрғанын көрсетеді.
«2025 жылғы 27 қыркүйекте КОС-та мұнай өнімдеріне ұқсас заттармен ластану фактісі тіркелді. Бұл оқиға бактериялық ортаны бұзып, тазарту сапасының төмендеуіне әкелген. Тазарту сапасын қалпына келтіру үшін бір айға жуық уақыт қажет болған, ондаған жұмысшы мен арнайы техника жұмылдырылған.
Кейінгі зертханалық бақылаулар нәтижесінде тазарту сапасы 80-85%, жабдықтардың жарамдылығы 95% деңгейінде қалпына келген. Бірақ бұл толық шешім емес. КОС-тың тиімді жұмыс істеуі үшін жүйелі бақылау мен мердігер жауапкершілігін күшейту қажет» дейді «Атырау су арнасы» мекемесінің директорының орынбасары Ғасыржан Лекеров.
Айта кетейік, нысанға қызмет көрсететін мердігер – «Павлодар речной порт» АҚ кепілдік міндеттемелерін орындамай отыр. Әкімдік пен «Атырау су арнасы» мекемесі бірнеше рет ресми хат жолдағанымен, кемшіліктерді жою жұмыстары әлі басталмаған.
Экология кеңесінің төрағасы Ануарбек Батаев жиынды қорытындылай келе кәсіпорындардың экологиялық жауапкершілігін арттыру, қалдықтарды басқаруда ашықтық пен қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
Алайда экологиялық ахуал жақсару үшін тек партиялық бақылау мен айыппұл жеткіліксіз. Сарапшылардың пікірінше, Атырау өңіріне жүйелі экологиялық саясат, нақты жергілікті мониторинг орталығы және ең бастысы — өндіріс пен табиғатты қорғау арасындағы шынайы тепе-теңдік қажет. Атырауда экологиялық бақылау жүргізілуде, цифрлық мониторинг жүйелері орнатылуда, бірақ олардың нәтижелілігіне қоғам сенімі төмен. Кәріздік тазарту қондырғылары мен өнеркәсіп шығарындылары мәселесі – аймақтың басты экологиялық сынағы болып тұр. Егер өндіріс пен билік экологиялық жауапкершілікті сөз жүзінде емес, іс жүзінде арттырмаса, Атыраудың табиғи әлеуеті жыл сайын тозып, экологиялық апат қаупі күшейе түспек.
Баян ЖАНҰЗАҚ,
Атырау облысы