Алматыда Алаш арысы Міржақып Дулатұлының 140 жылдық мерейтойына орай «Міржақып Дулатұлы – ағартушы, қоғам қайраткері, ұлттық білім беру жүйесінің негізін қалаушы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Алаш арысын ұлықтады
1,199
оқылды

Жиынға мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, алаштанушылар және мәдениет саласының өкілдері қатысты. Конференцияда Міржақып Дулатұлының ағартушылық және саяси-ағартушылық қызметі сөз болып, ғылыми баяндамалар таныстырылды. 

Аталған басқосуды «AMANAT» партия­сы, Денсау­лық сақтау министрлігі, Пе­диатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы және әл-Фа­раби атындағы Қазақ ұлттық уни­верситеті бірлесіп ұйымдастырып отыр.  Денсаулық сақтау минис­трлігі Мемлекеттік тілді дамыту басқармасының басшысы Айжан Алдангорова бұл жиында білім беру мен денсаулық сақтау жүйе­сінің бірігуін «ғылымның барлық салаға ортақ болуымен» бай­ла­ныс­тырды.  

– Бүгінгі конференция қа­тысу­шылармен пікір алмасып, ғылыми зерттеулермен та­нысуға және бірлескен жобаларды талқы­лауға мүмкіндік береді. Ғылым – білім беру мен денсаулық сақтау саласы үшін ортақ бағыт. Сон­дықтан екі ведомство алдағы уақытта бірлескен жобаларды жүзеге асы­руға ниетті. Мысалы, кеше біз Гүлсім Асфендиярованың 145 жылдығын атап өттік, ал бүгін Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына орай екі ведомство әлеуметтік жобаларды бірігіп жүзеге асыруды жоспар­лап отыр, – деді ол.

Айжан Әнуарбекқызы ғылы­ми зерттеу­лермен танысу үшін конференцияға елі­міздің төрт өңірінен дәрігерлер келгенін атап өтті.  

– Ғалымдар  мен профессор­лардың қатысуы арқылы денсау­лық сақтау мен білім беру жүйе­сінің мамандары Міржақып Ду­латұлының өмір жолымен, тари­хи мұ­расымен және білім беру саласындағы жетіс­тіктерімен танысады. Сонымен бірге іс-ша­раға білім мен ғылым саласының өкілдері ғана емес, қоғамдық ұйым­дар да қатысты. Өнер қай­рат­кер­лері, режиссерлер мен кине­матографистер келешекте Алаш қайраткерлеріне байланыс­ты фильмдер түсіріп, кітап басып шығаруды жүзеге асы­рады. Одан бөлек, терминология саласында да бірлескен жобаларды атқару көзделген, – деді А. Алдангорова.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқыту­шысы Жасұлан Байғараев жиынның негізгі мақсаты Міржақып Дулатұлының ағарту­шылық, саяси және педагогика­лық мұрасын терең зерттеуге, бүгінгі білім беру жүйесімен са­бақ­тастығын талдауға бағыттал­ғанын жеткізді.

– Міржақып Дулатұлы қазақ мектеп­терінің өз ана тілінде білім беруін, ұлттық тәрбие мен адамгершілік құндылықтарға негізделуін жақтады.

Ол алғашқы қазақ оқулық­тарын жазуға, оқу бағдар­лама­ларын жасауға атсалысты. Алаш қайраткерінің педагогикалық идея­лары қазіргі «Жаңа гумани­тар­лық білім» мен ұлттық педа­гогика тұжырымдама­ларымен үндес. Оның «Оян, қазақ!» еңбегі – тек әдеби шығарма емес, ұлтты тәр­биелеудің, ойландырудың манифесі болды, – деді Жасұлан Әбдімүтәліпұлы.

Іс-шара соңында «AMANAT» партия­сының қолдауымен жастар арасында өткен «Қазақ үшін шам қылған жүрек майын» атты эссе байқауы мен «Ұлт руханиятының алтын тұғыры» атты постер бай­қауының жеңімпаздары мара­патталды.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы