«AMANAT» партиясының экология жөніндегі кезекті оты­рысына кеңес төрағасы, Атырау қалалық мәслиха­ты­ның депутаты Ануарбек Батаев төрағалық етті.
Кәсіпорындарды бақылау күшейеді
1,165
оқылды

Бас­қосуда өңірдегі ірі және орта кәсіпорындардың қор­шаған ортаға тигізетін әсерін азайту, ағынды су­ларды тазарту жүйесінің тиімділігін арттыру және эко­логиялық бақылауды күшейту мәселелері қаралды.

Атырау облысы бойынша Экология департаменті басшысының орын­ба­сары Ерлан Есенов өңірде І санаттағы 83 кәсіпорын тіркелгенін атап өтті. Оның 50%-ы – мұнай-газ өндіру секторында.

Қазіргі уақытта бес ірі кәсіпорын: «Атырау жылу электр орталығы» АҚ, «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС, «Теңізшевройл» ЖШС, «НКОК» жә­не Kazakhstan Petrochemical Industries Inc. шығарындыларды нақты уа­қыт режимінде бақылауға мүмкіндік беретін автоматтандырылған мо­ни­то­ринг жүйесін енгізіп жатыр.

Сонымен қатар биылғы 10 айда экологиялық заңнаманы бұзған 84 дерек анық­талып, кәсіпорындарға 2,3 млрд теңгеден астам айыппұл салынған.

Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша «Атырау су арнасы» КМК ди­рек­торының орынбасары Ғасыржан Лекеров сөз сөйледі. Ол сол жақ жа­ға­лаудағы кәріздік тазарту қондырғысының (КОС) қазіргі ахуалы мен жүр­­­­­гізілген қалпына келтіру жұмыстары туралы баяндады.

Қазір қондырғының биологиялық тазарту сапасы 80–85%, жабдықтардың жұмысқа жарамдылығы 95% деңгейінде қалпына келтірілген.

Кеңес барысында мұнай өнімдеріне ұқсас заттармен ластану фактісі мен оған байланысты қабылданған шаралар да талқыланды.

Жиынды қорытындылаған кеңес төрағасы Ануарбек Батаев кәсіп­орын­дардың экологиялық жауапкершілігін арттыру, қалдықтарды басқаруда ашық­тық орнату және автоматтандырылған бақылау жүйелерінің тиімділігін тұ­рақ­ты қадағалау қажеттігін атап өтті.