Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көрші елге мемлекеттік сапары аясында Қазақстан мен Ресей президенттері келіссөз жүргізді. Алдымен Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше қонақжайлығы үшін Владимир Путинге алғыс айтып, алдағы уақытта Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды.
Ортақ құндылықтарға негізделген одақтастық
1,700
оқылды

– Владимир Владимирович, Сізге ал­­­ғысым шексіз. Ерекше қонақ­жай­лы­ғыңыз үшін шын жүректен риза­шы­лы­ғым­ды білдіремін. Ресей тарапы са­пар­ды ұйымдастыруға мұқият әзірленгенін көр­дік. Іс-шаралар жан-жақты ойлас­ты­рылған. Біз үшін Ресей Федера­ция­сы­на мемлекеттік сапар – биылғы ең ай­­тулы оқиға. Министрліктер, ве­дом-ст­во­лар арқылы консультациялар жүр­гізіп, тыңғылықты дайындалдық. Өйт­кені ынтымақтастық ауқымы өте кең. Ресей Федерациясымен барлық са­­­лада тығыз байланыс орнаттық. Сіз жаңа ға­на қандай жұмыс атқарылғаны, ал­ды­мызда қандай міндеттер тұрғаны жө­нін­де егжей-тегжейлі айттыңыз. Оған алып-қосарым жоқ. Шын мә­нін­де, мем­­лекеттеріміз арасындағы ст­ра­те­­гия­лық серіктестік пен одақтастық қа­ты­настар – саяси сыпайылық үшін ай­тыл­ған сөз емес, өзара ын­ты­мақ­тас­ты­ғы­мыз­дың мәнін ашатын сипаттау. Сон­дық­тан өзара қарым-қаты­на­сы­мыз­да еш­қандай түйткіл жоқ деп се­нім­мен ай­туға болады. Әлгінде өзіңіз айт­қан­дай, барлық сала табысты да­мып келеді. Тауар айналымын 30 мил­лиард долларға дейін арттыру міндетін қой­дық. Менің ойымша, бұл қол жет­кізу­ге болатын көр­сеткіш. Таяу келе­шек­те мақса­ты­мыз орындалады деп ой­лаймын. Ре­сей Фе­де­рациясымен атом энергиясы са­ла­сын­дағы ынты­мақ­­тастыққа ай­рық­ша тоқ­талғым келеді. Көп ұзамай «Ро­са­­том­мен» станса құрылысын бастауға мүм­кін­дік беретін өте маңызды келі­сім­дерге қол қоямыз. Бұл – серпінді жоба. Өйт­­кені атом электр стансасы ғана са­лын­байды, мүлдем жаңа сала пайда бо­­лады. Білім саласындағы ықпал­дас­ты­­­ғымызды атап өткім келеді. Ресейдің 9 жоғары оқу орны, соның ішінде та­ны­мал университеттер Қазақстанда фи­лиал­дарын ашты. Бұл үшін Ресей Фе­дера­циясының білім саласы өкілдеріне ри­зашылығымды білдіремін. Сонымен қа­тар Омбы университеті жанынан әл-Фа­раби атындағы ҚазҰУ филиалы ашыл­ды. Бұл да елеулі оқиға. Жалпы, бі­лім са­­ласына ерекше мән беремін. Өйт­кені жас­тарымызға жағдай жасау ке­рек деп санаймын. Біздің мақсатымыз – жастарға Қазақстан мен Ресейдің жаңа тарихи және геосаяси кезеңдегі ынты­мақ­тас­ты­ғы мен достық байланыстарын ама­нат­тау. Өскелең ұрпақ мұндай қарым-қа­тынассыз осынау алмағайып заманда өмір сүру мүмкін емес екенін түсінуге тиіс. Қазақстан Президентінің Ресей Фе­дерациясына мемлекеттік сапары бұл міндетті белгілі бір деңгейде орын­дап отыр. Осы бағыттағы жұмыс жалға­сын табады деп ойлаймын. Сол себепті Сіз­ді Қазақстанға мемлекеттік сапармен ке­луге шақырамын, – деді Мемлекет бас­шысы.

Өз кезегінде Владимир Путин екі ел ара­дағы қарым-қатынасты одан әрі да­мытуға ұмтыла беретінін атап өтті.

– Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сізді Мәскеуде, Кремль са­райында қарсы алғаныма өте қуаныш­ты­мын. Бүгін Мәскеуге Үкімет мүше­лері­нен және бизнес өкілдерінен құрал­ған үлкен делегация келгенін көріп отыр­мыз. Қазақстанмен арадағы қа­рым-қатынасымыз қарқынды дамып ке­леді. Негізгі құжаттарда жазылған уағ­далас­тықтардың өзектілігін өмірдің өзі көр­се­туде. Қазақстан мен Ресей – жа­қын се­рік­тес, достас әрі одақтас елдер. Бұл нақ­ты істерден байқалады. Ресей – Қа­зақ­станның жетекші сауда-эко­но­ми­ка­лық серіктестерінің бірі және басты ин­весторлар қатарында. Былтыр сауда ай­налымы 27 миллиард доллардан асты. Биыл­ғы 9 айда бұл көрсеткіш 20 мил­лиард долларға жетті. Көптеген ресейлік компания Қазақстанда табысты жұмыс істеп жатыр. Қазақстанның бизнес өкіл­дері де Ресейде өз кәсіптерін ашып, бел­сенді жүргізуде. Біз халықаралық аре­нада тығыз байланыс орнаттық. Бір­қатар өңірлік ұйымға мүшеміз. Алдағы күн­дері Бішкекте өтетін ҰҚШҰ фору­мын­да, одан кейін Санкт-Петербургтегі ТМД-ға және ЕАЭО-ға мүше мем­ле­кет­тер басшыларының дәстүрлі бас­қо­су­ларында кездесеміз. Бағдарламамыз өте мазмұнды, оның барлығы орындалып жа­тыр. Сіздің бүгінгі сапарыңыздың қо­рытындысы бойынша меморандумдар әзірленді. Бұл байланыстарымызды жо­ғары мемлекетаралық деңгейге шы­ғару­ды көздейді. Әрине, бұл бізді қуантады. Қазақстанмен қарым-қатынасты одан әрі дамытуға ұмтыламыз, – деді Ресей бас­шысы.

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин екі ел деле­га­ция­лары­ның қатысуымен кеңейтілген құ­рам­да келіссөз жүргізді. Кездесу бары­сын­да саяси, сауда-экономикалық, ин­­­вестициялық және гуманитарлық ық­палдастықтың кең көлемді мәсе­ле­лері қарастырылды.

Мемлекеттер басшылары Орал қа­ла­сында өтіп жатқан XXI Қазақстан – Ре­сей өңіраралық форумының пле­нарлық сессиясына да бейнебайланыс арқылы қатысты. Биылғы форумның тақырыбы «Жұ­мысшы мамандықтары – эконо­ми­калық өсімнің қозғаушы күші» аталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Форумға екі ел­­дің нәтижелі стратегиялық серіктес­ті­гін айшықтайтын айтулы шара ретінде баға берді. 

– Осы бірегей алаңда экономикалық, инфрақұрылымдық және гуманитарлық бағыттағы тың жобалар дүниеге келіп, кейін өңірлік деңгейде кезең-кезеңімен жү­зеге асырылып жатады. Мұның маңы­зы зор. Өйткені экономикалық өсім жә­не өнеркәсіп, ғылым, білім, мәдениет салаларындағы ынтымақтастық ең әуелі өңірлерде қалыптасады, – деді Қазақ­стан Президенті.

Мемлекет басшысы Ресей – Қазақ­стан­ның ең ірі сауда және инвестициялық серік­тесі екеніне назар аударды. Екі ел ара­сындағы тауар айналымы 28 мил­лиард доллардан асты. Оны 30 миллиард долларға дейін жеткізу үшін жүйелі жұ­мыс жүргізіліп жатыр. 

2024 жылы Ресей инвестициясы ре­кордтық деңгейге жетіп, 4 миллиард дол­ларды құрады. Ал осыған дейін Қа­зақ­станға салынған ресейлік инвес­ти­ция­ның жалпы көлемі, біздің мәліметіміз бойынша, 27 миллиард доллардан асты. Өз кезегінде Қазақстан Ресейге тоғыз мил­лиардқа жуық инвестиция құйды. 

– Елімізде Ресей капиталының үлесі бар 20 мыңнан астам компания жұмыс іс­­­тейді. Олар мыңдаған жұмыс орнын ашып, экономикамыздың қарқынды өсуі­не зор үлес қосып келеді. Осы қо­мақ­ты көрсеткіштерден өзара ын­ты­мақ­тастық деңгейі қаншалықты жоғары еке­нін аңғаруға болады. Біз мұнымен тоқ­тамай, үнемі алға ұмтылып, сауда жә­не инвес­тиция көлемін ұлғайта беруге тиіс­піз деп санаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті жұмысшы ма­мандық иелері екі елдің экономикалық өр­леуіне орасан зор үлес қосатынын тіл­­­ге тиек етті. 

– Биыл Қазақстанда «Жұмысшы ма­мандықтарының жылы» болып жария­лан­ды. Көп ұзамай бұл жұмысты қо­ры­тын­дылаймыз. Жұмысшы мамандық­та­рын жан-жақты қолдауға, олардың қо­ғамдағы беделін арттыруға және кәсіптік бі­лім беру жүйесін реформалауға бағыт алдық. Аталған бағыттарға дәйекті түрде ин­вестиция салатын елдер инновация мен орнықты дамуда көш бастайтынын әлем­дік тәжірибе көрсетіп отыр, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды ин­тел­лект, өндірістік процесті жаппай циф­р­ландыру және автоматтандыру жаһан­дық еңбек нарығын түбегейлі өз­гертіп жатқанына назар аударды. 

– Өркениет көші ілгерілеген сайын ең­беккерлерді түрлі интеллектуалдық жүйелер мен цифрлық платформаларды бас­қара білуге міндеттейді. Маман­дар­дың жоғары біліктілігі мен заманауи дағ­дыларды меңгеруі елдеріміздегі өнер­кәсіп өсімі мен технологиялық жаң­ғыру­ға негіз болады. Мұны бәріміз жақсы бі­­леміз. Сондықтан кәсіби кадрларды даяр­лау үшін жүйелі шаралар қабыл­дай­мыз, – деді Қазақстан Президенті. 

Бұл ретте Мемлекет басшысы жа­қын­да елімізде жасанды интеллектіні тех­­никалық және кәсіптік білім беру жүйе­сіне енгізудің тұжырымдамалық не­гізі бекітілгенін жеткізді. Сондай-ақ атом саласындағы кадр әлеуетін күшейту Қазақстан үшін аса маңызды сипатқа ие екенін айтты. 

– Қазақстан «Росатом» бастаған ха­лық­аралық консорциумның қатысуымен бірінші атом электр стансасының құры­лы­сына кірісті. Технологиялық әрі ғы­лы­ми тұрғыдан күрделі бұл жобаны та­быс­ты жүзеге асыру жоғары санатты кә­сіби мамандарға тікелей байланысты. АЭС құрылысына алты мыңға жуық жұ­мыс­шы және үш мыңнан астам орта буын маманы жұмылдырылады. Соны­мен қатар бейінді мамандарға сұраныс жоғары болатыны сөзсіз. Сондықтан атом саласындағы кадр әлеуетін күшейту Қазақстан үшін аса маңызды сипатқа ие. Біз бұл мәселені шешуде ресейлік жо­ғары оқу орындарымен ынтымақтастық­қа ерекше мән береміз. Әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ жанынан «МИФИ» Ұлт­тық ядролық зерттеу университеті фи­лиалының ашылуы – соның айқын дәлелі, – Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Ресейдің жоғары оқу орындары Қазақстандағы универ­си­тет­тердің көпшілігімен серіктестік ор­нат­қанын атап өтті. 

– Ұлы Абай: «Орыстың ғылымы, өне­рі – дүниенің кілті, оны білгенге дү­ние арзанырақ түседі» деп жазған бо­ла­тын. Бұл сөз әлі де өзекті. Ресейдің жо­ғары оқу орындары, Ресейдің ғылымы әлем­дік ғылым-білім прогресінде көп­те­ген көрсеткіш бойынша көш бастап ке­леді. Екі елдің жоғары оқу орындары арас­ында қос дипломды бағдарламаны жә­не бірлескен ғылыми-білім беру жо­ба­ларын жүзеге асыруды қарастыратын 1 453 келісімшарт жасалған. Қазақстанда Ре­сей университеттерінің тоғыз фи­лиа­лы табысты қызмет істеп жатыр. Онда төрт мыңға жуық студент білім алады. Әсі­ресе, құрметті Владимир Влади­ми­ро­вич, сонау 2001 жылы Сіздің тікелей ара­ласуыңызбен ашылған Ломоносов атын­дағы Мәскеу мемлекеттік уни­вер­ситетінің филиалын айрықша атап өтуге бо­лады. Сонымен қатар Астанада Мәс­кеу мемлекеттік халықаралық қаты­нас­тар институтының бөлімшесі жұ­мы­сын бастады. Ресейде Қазақстан уни­вер­си­тетінің алғашқы өкілдігінің ашылуы біз үшін елеулі уақиға болды. Дос­тоевс­кий атындағы Омбы мемлекеттік уни­вер­сите­тінің базасында әл-Фараби атын­дағы Қа­зақ ұлттық университетінің фи­лиалы же­місті жұмыс істей бастады, – деді Қа­зақ­стан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа тұр­пат­ты маман даярлау мақсатында техника­лық және кәсіптік білім беруде ауқымды трансформация жүргізіліп жатқанын айтты. 

– Колледждер теорияны прак­ти­ка­мен, ал білім беру үдерісін өндіріспен ұш­­тастыратын кәсіби мамандар ұстаха­на­сына айналуы қажет. Сондықтан дуа­ль­ды оқыту үлгісін белсенді дамыту-ды қол­ға алдық. Қазір 100 мыңнан астам сту­дент 18 мың кәсіпорынның базасында өн­дірістік тәжірибеден өтіп жатыр. Төрт мың­нан аса компания 600 колледжге қам­қорлық көрсетеді. Олар студент­тер­дің өндірістік тәжірибеден өтіп, шың­­далуына, оқу орнындағы құрал-жаб­дық­тарды жаңғыртуға атсалысады. Тех­ни­калық және кәсіптік білімді ақы­сыз не­гізде беру жобасы іске асырылуда. Жұ­мысқа орналасуға кепілдік бере оты­рып, маман даярлау механизмі енгізілді. Со­н­ымен қатар кәсіби бағдарлау жұ­мыстары жүргізілуде. Жастар колледжде оқуды шын мәнінде сұранысқа ие ма­ман­дықты меңгеру жолындағы алғашқы са­н­алы қадам ретінде қабылдауға тиіс. Педагогтердің қоғамдағы мәртебесі мен бі­ліктілігін арттыруға айрықша көңіл бө­лінеді. Техникалық және кәсіптік бі­лім беруді интернационалдандыру ая­сын­да халықаралық стандарттар енгі­зі­ліп, шетелдік менеджерді тарту және ака­демиялық ұтқырлықты дамыту қолға алынды. Қазақстандағы 60-тан астам кол­ледж 30 елдегі серіктестерімен ын­ты­мақтастық орнатты. Ал тоғыз кол­лед­жіміз Ресей колледждерімен және кә­сіп­орындарымен табысты жұмыс істеп жа­тыр, – деп мәлім етті.

Мемлекет басшысы «Түпкі мақса­ты­мыз – еңбеккерлерді табысты адамдар­дың үлгісі ретінде дәріптеу» екеніне тоқ­талды. Мемлекет тарапынан жұ­мыс­шы мамандықтардың беделін арттыру жә­не қоғамда жаңа еңбек мәдениетін қа­лыптастыру, сондай-ақ еңбек адам­да­рын құрметтеу үшін тиісті шаралар қа­был­дануда. Бұл жүздеген мың азаматты ынталандырады. 

– Қазақстан мен Ресей өзара ын­ты­мақ­тастықтың аса маңызды бағыты са­налатын кадр даярлау ісіндегі серік­тес­тікті дәйекті түрде тереңдетіп келеді. Бі­лім беру және өндіріс саласындағы бай­ланыстарды жандандыру маман даяр­лау сапасын жетілдіріп, озық техно­ло­гияларды енгізу үдерісін үдете түсеріне сенімдімін, – деді Қазақстан басшысы.

Қазақстан Президенті «елдеріміздің та­рихи тамыры, өткені мен құнды­лық­тары ортақ» екеніне назар аударды. 

– Қос халықтың достығы – тағдыр­дың жазуы. Барлық деңгейде сенімді диа­­лог жүргізудің арқасында Қазақстан – Ре­сей ынтымақтастығының мән-маз­мұны ұдайы толығып келеді. Екі елге ор­тақ әлемдегі ең ұзын құрлық арқылы өте­тін шекара – халықтарымыздың мәң­гілік достығы мен тату көршілік қарым-қатынасының айғағы. Орайлы сәтті пайдаланып, Форум қызметіне және бар­лық салада өзара ынтымақтас­тығы­мызды нығайтуға әрдайым назар ауда­рып, қолдау көрсеткені үшін Ресей Пре­зидентіне алғыс айтамын. Бірге күш-жігер жұмылдыру арқылы алға қойған мақсаттарымызға жететінімізге сенімді­мін, – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің алдында бірлескен мәлімдеме жасады. Қазақстан Президенті  атал­ған сапар екі ел арасындағы страте­гия­лық серіктестік пен одақтастық қа­рым-қатынасты одан әрі нығайту тұр­ғы­сы­нан аса маңызды саналатынын сөз етті. 

– Бүгін қол жеткізілген уағдаластық­тар елдеріміз арасындағы сан қырлы ын­тымақтастықтың табысты дамып келе жат­­қанын толық көрсетеді. Бұл бірегей ық­­п­алдастық өз бағытынан айнымайды. Ме­­нің ойымша, посткеңестік кеңіс­тік­те­гі екі жетекші мемлекет арасында ор­на­ған жан-жақты байланыстың ауқымы, шын мәнінде, еуразиялық қауіпсіздік жүйесі­нің маңызды элементіне айналды. Бұл тұ­жырымдаманы бірқатар мүдделі мем­лекет талқылап, зерделеуде. Ең бас­ты­сы, біз­ді ғасырлардан тамыр тартатын бай тари­­хымыз, белсенді мәдени-рухани бай­ланыстарымыз, ортақ құндылық­тары­мыз, заманауи сын-қатерлерге қа­тыс­ты ұқ­сас көзқарасымыз бен бола­шақ­қа бағ­да­рымыз біріктіреді. Осындай бе­рік н­е­гіз­ге құрылған стратегиялық се­рік­тестігі­міз барлық бағытта қарқынды дамып келеді. 

Биыл мемлекеттеріміз үшін мәні зор бір­қатар мерейтойлық дата аталып өтті. Біз Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жыл­дығын лайықты деңгейде мере­келе­дік. Осылайша, Отанды қорғау және Ұлы Жеңіске жету жолында әлем тарихында бұрын-соңды болмаған бірліктің үлгісін паш еткен нағыз батырлар мен пат­риот­тар­ды еске алып, құрмет көрсеттік. Әй­гілі Байқоңыр ғарыш айлағының 70 жылдығы да айтулы оқиға болды. Бұл – ғарышты игеру ісінде ұзақ жылдар бойы ғылыми-тех­никалық ынтымақтастығымызды та­нытып келе жатқан бірегей жоба. Қа­зақстан – Ресей мемлекеттік шекарасы тура­лы шарттың 20 жылдығы – маңызды ме­же. Біздің құрлық арқылы өтетін әлем­­­дегі ең ұзын шекарамыз – тату көр­ші­ліктің жарқын символы, – деді Қазақ­стан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасын жан-жақ­ты стратегиялық серіктестік пен одақ­тастық деңгейіне жеткізу жөніндегі дек­ларация туралы пікір білдірді. 

– Бұл құжаттың тарихи мәні зор. Ха­лық­тарымыз арасындағы мызғымас өзара сенім мен ынтымақтастықтың ке­­­­лешегі кемел екенін көрсетеді. Осы орай­да екі­жақ­ты байланысты нығайтуға елеу­лі үлес қосқаны үшін Владимир Вла­ди­мирович Путинге шынайы ризашы­лы­­­­ғымды біл­діремін. Қазақстан Ресей Фе­дерациясы­ның өркендеуіне шын мә­нінде мүдделі. Бүгінгі келіссөздер нә­ти­жесін жоғары ба­ғалаймын. Кездесуіміз ашық әрі сенім-ді рәуіште өтті және нақ­ты пайдасын берді, – деді Мемлекет бас­шысы.

Қазақстан басшысы барлық деңгейде қар­қынды диалогты қолдауға уағда­лас­қа­нын да тілге тиек етті. 

– Өнеркәсіп, энергетика, көлік-ло­гис­тика, ауыл шаруашылығы, жоғары тех­нологиялар, цифрландыру, гума­ни­тар­лық ықпалдастық, сондай-ақ жаңа ин­фрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру мәселелеріне баса мән бердік. Күр­делі халықаралық ахуалға қарамастан ын­тымақтастығымыз халықтарымыздың игі­лігі жолында белсенді дамып келе жат­қанына көңіліміз толатынын атап өт­тік, – Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Ресейді Қазақ­стан­ның маңызды сауда-экономикалық жә­не инвестициялық серіктесі деп ат­а­ды. Екі елдің барлық бағытта негізгі көр­­­сет­кіш­тері жақсы дамыған. Мәселен, 2024 жыл­дың қорытындысы бойынша тауар ай­­­налымы шамамен 28 миллиард дол­ларды, ал биылғы 8 айда 17 миллиард дол­лардан асты. Ендігі міндет – екіжақты сау­да көлемін 30 миллиард долларға дейін жеткізу. 

Ресейден Қазақстан экономикасына құйылған тікелей инвестиция көлемі 27 миллиард доллардан асты. 2024 жылы Ре­сейдің салған капитал көлемі рекорд­тық 4 миллиард долларға дейін өсіп, елі­міздің ірі инвесторына айналды.

Қазақстанның Ресейге құйған инвес­ти­циясы да артып, 15 жылда шамамен 9 мил­лиард долларға жетті. Қазақстанда ре­сейліктердің қатысуымен 20 мыңнан аса компания жұмыс істейді Бұл – елі­мізде қызмет ететін шетелдік капиталы бар кәсіпорындардың жартысына жуы­ғы. 175 бірлескен жоба жүзеге асырылуда.

Осыны ескере келе тараптар іскерлік бай­ланыстардың жоғары деңгейін одан әрі қолдауға және бизнес жүргізуге қа­жет­ті жағдай жасауға уағдаласты. Эко­но­микалық ынтымақтастықтың 2030 жыл­ға дейінгі кешенді бағдарламасы қа­был­данды.

Бұған қоса, екі ел көшбасшысы көлік-тран­зит саласын да бірлесе дамытуға уағ­­­­­даласты. «Солтүстік – Оңтүстік», Транс­кас­пий халықаралық көлік бағ­дары, «Аягөз – Бақты», «Достық – Мойынты» те­міржол желілері және басқа да жоба­лардың мүмкіндігін кезең-кезеңімен кеңей­туге келісті.

Трансшекаралық логистика инф­ра­құры­лымын жақсарту, шекарадағы өт­кізу бекеттерінің жұмысын жетілдіру маңыз­ды екенін атап өтті. «Трансалтай диа­логы» перспективті бастамасын одан әрі ілгерілетуге ниетті. Аталған формат Қа­зақстан, Ресей, Қытай және Моңғолия ара­сындағы тату көршілік пен өзара тиім­ді ынтымақтастықты кеңейтетін оң­тайлы алаң болады.

Кейінгі жылдары энергетика бағы­тын­да да айтарлықтай прогреске қол жет­кізілді. «Росатом» компаниясымен елі­міздегі алғашқы АЭС құрылысы бойынша нәтижелі жұмыс атқарылып жа­тыр. Тараптар мұнай мен оның өнім­дерін, көмір, электр энергиясын өндіру, та­сымалдау және жеткізу бағыттарын­да­ғы серіктестікті нығайтуға келісті.

Газ саласындағы ынтымақтастық перспективасын, атап айтқанда, Қазақ­станның Ресеймен шекаралас өңірлерін көгілдір отынмен қамту, сондай-ақ үшін­ші елдерге тасымалдау мәселелерін ег­жей-тегжейлі талқылады.

Сапар аясында қол қойылған бір­қа­тар құжат елдеріміздің ғарышты игеру, атом энергиясын, арнайы экономикалық аймақтарды және креативті индустрияны дамыту бойынша айтарлықтай ілгері­леуі­не мүмкіндік береді. ІТ секторының да болашағы зор. Қазақстанның бұл са­лада тәжірибесі мол.

Мәдени-гуманитарлық байланыстар да қарқынды дамуда. Гастрольдер, көр­ме­лер, концерттер мен спорттық жарыс­тар секілді іс-шаралар жиі ұйымдастыры­лады. Жуырда Мәскеуде Қазақстанның Ре­сейдегі мәдениет күндері табысты өт­ті. Бұған дейін мәдениет күндері ая­сын­­да елі­міздің өнер қайраткерлері Яку­тия мен Қазанға барып қайтты.

Биыл мамыр айында Астанада «Қа­зақ­стан мен Ресейдің мәңгілік достығы ал­леясы», ал кеше Мәскеуде «Қазақстан – Ре­сей достығы сквері» ашылды. Мәскеу кө­шелерінің біріне Шоқан Уәлиха­нов­тың есімі берілді. Енді осы қалада Қазақ ақ­параттық-мәдени орталығын ашу жос­парланып отыр.

Елімізде Ресейдің медициналық жо­ғары оқу орнының өкілдігін ашу мәселесі пы­сықталып жатыр. Екі елдің білім беру стан­дарттары ескерілген мектептер салу жо­басы іске асырылады. Алматыда де­меу­шілердің қолдауымен ресейлік таны­мал «Сириус» мектебінің филиалы ашы­­лады.

Қазақстанда орыс мәдениеті мен ті­лін ілгерілетуге тиісті назар аударылады. Бұл маңызды іске еліміздің бастамасымен құрылған Халықаралық орыс тілі ұйымы өз үлесін қосып келеді.

Мемлекет басшысы келіссөздер ба­ры­сында өңірлік және жаһандық күн тәр­­­­тібіне қатысты пікір алмасқанын жет­­кізді. 

– Қазақстан мен Ресей көпжақты алаң­дарда белсенді әрі табысты ықпал­дастық орнатқан. Еуразиялық эконо­ми­ка­лық одақ, Шанхай ынтымақтастық ұйы­мы, Тәуелсіз Мемлекеттер Достас­ты­ғы, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйы­мы және басқа да көпжақты құры­лым­дар аясында іс-қимылымызды одан әрі үйлестіруге дайын екенімізді раста­дық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті екі ел қарым-қа­ты­насының әлеуеті зор екенін, барлық са­лада нәтижелі ынтымақтастық орнат­қанын баса айтты. 

– Қазақстан мен Ресей арасында ше­ші­мін таппайтын түйткіл жоқ. Бұл та­рап­­тардың жауапкершілігі мен бірлесе жұ­­мыс істеуге құлшынысы жоғары еке­нін көрсетеді. Мазмұнды келіссөз жүр­гі­­зіп, қонақжайлық танытқаны үшін құр­метті Владимир Владимирович Пу­тинге тағы да алғыс айтамын. Тату көр­ші­лік қатынас­тарымыз болашақта да стра­тегиялық серіктестік пен одақтастық мұратына же­те­лей береді деп сенемін, – деді Мем­ле­кет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин келіссөздер қорытындысы бойын­ша Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының мемлекетаралық қарым-қатынасын жан-жақты страте­гия­лық серіктестік және одақтастық деңгейіне дейін жеткізу жөніндегі дек­ларацияға қол қойды.

Бұдан кейін мемлекеттер басшы­лары­ның қатысуымен бірқатар үкіме­т­ара­лық және ведомствоаралық құжат­тар­ды алмасу рәсімі өтті. Қазақстан Рес­публикасы Үкіметі мен Ресей Фе­де­ра­циясы Үкіметі арасындағы эконо­ми­калық ынтымақтастықтың 2026-2030 жыл­дарға арналған кешенді бағдарла­масы секілді бірнеше маңызды құжат­тар­ға қол қойылды.

Маңызды басқосулар осыдан кейін де жалғасты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейге сапарының құрметіне Президент Вла­димир Путиннің атынан Кремльде мем­лекеттік қабылдау өтті. Қазақстан Пре­зиденті біздің ортақ тарихымыз бір­лік­тің үлгісін танытатын сөздердің қай-қайсысынан да артық екеніне тоқталды.

– Қиын жылдарда біз бір-бірімізді қол­дап, иық тіресіп қатар тұрдық. Бірге та­лай қиындықты жеңдік, бүгінде жады­мызда сақтап, жүрегіміздің төрінде қас­терлеп ұстайтын Ұлы Жеңіске бірлесіп жет­тік. Ата-бабамыздан «Құдай қосқан көр­ші» деген сөз қалған. Ресей – Қа­зақ­стан­ның Құдай қосқан көршісі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Ресей басшысы Вла­ди­мир Путин Қазақстанға стратегиялық се­ріктес әрі тату көрші ретінде бағалады. 

– Қазақстан – Ресейдің одақтасы, стратегиялық серіктесі және тату көр­ші­сі. Біз бұл елмен достыққа, өзара сенім мен құрметке негізделген көпжоспарлы және теңқұқылы қарым-қатынас құрып жатырмыз, – деді.

Бұдан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Президент Владимир Путин Қазақстан өнер­паз­дары­ның гала-концертіне барды.

Қазақстанның Ресейдегі мәдениет күн­дері аясында ұйымдастырылған ме­рекелік кеш Үлкен театрда өтті. Сахнада қа­зақтың музыкалық және хореог­ра­фия­лық өнерін насихаттап жүрген таны­мал әртістер мен шығармашылық ұжым­дар өнер көрсетті. Бұл концерт Қазақ­стан­ның бай мәдени мұрасын танытып, екі елдің рухани диалогын нығайтуға ық­пал етті.