2023-2024 жылдары 4,1% болса, биылғы 10 айдың көрсеткіші – 4%.
"Өңіріміз еліміз бойынша жұмыссыздықтың ең төменгі көрсеткішін сақтап тұр" – Ермағанбет Бөлекпаев
www.istockphoto.com
228
оқылды

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев аймақтың еліміз бойынша әлі жұмыссыздықтың ең төменгі көрсеткішін сақтап тұрғанын жеткізді,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Оның айтуынша, Қарағанды облысы ел аумағында жұмыссыздықтың ең төменгі көрсеткішін сақтап тұр. 2023-2024 жылдары 4,1% болса, биылғы 10 айдың көрсеткіші – 4%.

 – Жұмыссыздықты жоюдың ең тиімді тәсілі – жаңа жұмыс орындарын ашу, оған қажетті кәсіби мамандар дайындау, былайша айтқанда, «екі қолға бір жұмыс беру» екені белгілі. Сондықтан өнеркәсіпте жаңа зауыттар мен кәсіпорындар ашумен қатар өңірде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға айрықша көңіл бөлініп отыр.

Бұл тұрғыда, облыс алғашқылардың бірі болып бөлшек салық мөлшерлемесін 2%-ға төмендетті. Әкім Бөлекпаевтың айтуынша, осы шешімнің жемісі байқалады. Қазірдің өзінде салық төлеушілер қатары 4 мыңға жетті, яғни 30 есе өскен. Жыл басынан бері арнаулы салық режимі бойынша бюджет қоржынына 5,6 млрд теңге салық түскен. Осындай нақты көрсеткіштерге сүйене отырып, облыс әкімі жаңа Салық кодексі енгізілгеннен кейін де жергілікті мәслихаттарға қолданыстағы салық мөлшерлемесін 2% көлемінде ұстап тұруды ұсынатынын мәлімдеді.

Бұдан бөлек, биылдың өзінде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға өңірде 14,5 млрд теңге бөлінген. Отандық кәсіпкерлерге сауда-саттық жасауды барынша ыңғайлы ету мақсатында бұл салаға цифрлық технологиялар кеңінен енгізіліп жатыр. Оның бір мысалы, қыркүйек айында іске қосылған Teez маркетплейс атты электронды сауда платформасы. Оның аясында жылына 600 мың тапсырыс орындауға болады, –  дейді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев. 

Облыс басшылығы жыл соңына дейін ішкі сауда көлемін 5,6 трлн  теңгеге жеткізіп, республика бойынша 4-орынға шықпақ ниетін білдірді. 

–  Жалпы, 10 айдың нәтижесінде облыстың экономикалық өсімі 5,3%-ға жеткен. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 7%-ға жеткізу жоспарланып отыр, –  деді ол.