Оқушылар дүкеннен сэндвич пен бургер алып жейміз деп жаппай уланды, - деп хабарлайды Aykin.kz.
Оқиға 11 қараша күні Жамбыл облысында Байзақ ауданының Мырзатай ауылында болған. Оқушылар мектептің қарсы бетіндегі жеке дүкеннен сатып алған жылдам дайындалатын тағамдар (сэндвич, бургер, кириешки) жеген. Арада 1-2 сағат өткен соң олардың жүрегі айнып, құсып, басы ауырған және әлсіздік сияқты улану белгілері байқалған.
«Барлығы 12 оқушы Байзақ аудандық орталық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімінде тексерілді. Балалардың жағдайы тұрақты, нашарлау белгілері жоқ. Балалар үйлеріне қайтарылды. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, облыстық Білім басқармасының басшысы, аудан басшылығы оқиға орнына барып, тиісті шаралар қабылдауда. Жағдай тұрақты, бақылауда», - делінген облыстық Білім басқармасы таратқан хабарламада.
Қазір науқастарға тиісті ем-шаралар көрсетілді. Зертханалық тексерулер жүргізіліп, уланудың себебі анықталып жатыр.