Бұл ақпаратты Түркістан облыстық Полиция департаменті растады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
"3 қараша күні Түркістан қаласындағы мектептердің бірінде 9-сынып оқушысы қайтыс болды. Оқушының қайтыс болу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оқиға орнына барған жедел-тергеу тобы барлық қажетті шаралар кешенін жүргізді. Алдын ала мәлімет бойынша, тоғызыншы сынып оқушысы сыныптасының кеуде тұсынан ұрған. Соққы алған оқушы сол жерде қайтыс болған", – деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.
Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде полицейлер күдіктіні, сондай-ақ оқиға кезінде қатысқандардың барлығын ізін суытпай ұстады.
Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдері балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін жауапқа тартылды. Әкімдік жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға тиісті ұсыныс енгізілді.