Берік Уәли: Мемлекеттік қолдау шаралары аясында өңірдің ауыл шаруашылығы жақсарды

«Кең Дала» бағдарламасымен шаруаларға көктемгі егіс және күзгі егін жинау жұмысын жүргізуге жеңілдетілген 5%-бен 9,5 млрд теңге қаражат берілген.

Абай облысының әкімі Берік Уәли өңірдің 9 ай ішіндегі әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берді. Оның мәліметтеріне сәйкес, өңірдің ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі – 9 айда 339,5 млрд теңге жеткен. Ал нақты көлем индексі – 102,8%, – деп хабарлайды Аikyn.kz.

Оның айтуынша, саланы мемлекеттік қолдау шаралары аясында 15,1 млрд теңге субсидия бөлінген. Бұдан басқа, «Кең Дала» бағдарламасымен шаруаларға көктемгі егіс және күзгі егін жинау жұмысын жүргізуге жеңілдетілген 5%-бен 9,5 млрд теңге қаражат берілген. 

«Мемлекеттік қолдау шараларының арқасында 9 айда 101 мың тонна ет және 248,4 мың тонна сүт өндірілді. 13,5 млрд теңгеге жаңадан 446 бірлік заманауи ауыл шаруашылығы техникасы алынып, техника паркін жаңарту деңгейі 5,1% жетіп отыр. Бұл көктемгі егіс егу және егін жинау кезеңіндегі еңбек өнімділігінің тиімділігін арттырды. Егін жинау жұмыстары 782,1 мың га алаңда жүргізілді»,  –  деді Берік Уәли.