Абай облысына 3,5 трлн теңге инвестиция тартылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Абай облысының әкімі Берік Уәли сөз етті, – деп хабарлайды Аikyn.kz.
Өңір әкімінің айтуынша, жыл басынан бері іске асырылып жатқан жобалар саны 29-дан 97-ге дейін, ал тартылатын инвестициялар көлемі 2,2 трлн теңгеден 3,5 трлн теңгеге дейін өскен. Олардың ішінде 50 жоба Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаға енгізілген.
«Ірі инвестициялық жобалардың бірі – «Аягөз-Бақты» теміржол желісінің құрылысы. Жалпы ұзындығы – 297,5 шақырым. Оған 577,5 млрд теңге жұмсалмақ. Қазір 10,5 мың гектар жер учаскесі резервке қойылып, жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі бекітілді. 2023 жылы іске асырыла бастады. Жобаға 30 млрд теңге инвестиция салынды. Нысанды 2027 жылдың желтоқсанында пайдалануға беру жоспарланып отыр», – деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.
Биыл жалпы сомасы 25,9 млрд теңгеге 14 жобаны іске асыру жоспарланған.