Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету процестерін оңтайландыру және қауіпсіздікті арттыру үшін жасанды интеллекті белсенді пайдалануды жоспарлап отыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Бұл туралы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов мәлімдеді.
«Министрлік дәрі-дәрмектерді жоспарлау және уақытылы жеткізу кезінде ЖИ-ді пайдалануды жоспарлап отыр. Жасанды интеллект жалған рецепттерді анықтау үшін де қолданылады», – деді Тимур Мұратов.
Вице-министр ЖИ енгізу жөніндегі жұмыс Президенттің саланы ауқымды цифрландыру бойынша берген тапсырмалары шеңберінде жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
Медициналық ақпараттық жүйелерде электронды рецепт жазу мен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді біріктіру нәтижесінде рецепт рәсімдеу және жазып беру тиімділігі едәуір артып, рецепт беру уақыты 2 есе қысқарды.
Сонымен қатар «Әлеуметтік әмиян» жобасы аясында e-Densaulyq, Halyk, «БСК», Face ID, SMS-кодтар және басқа да цифрлық тетіктерді пайдалана отырып, 708 медициналық ұйымда 10 млн-нан астам электронды рецепт жазып берілді.