Еліміз көміртек бейтараптығына көшуді халықаралық талаптармен тікелей үйлестіру мақсатында климаттық стандарттарды жаңартуға шешім қабылдады.
Қазақстан климаттық стандарттарды жаңартты
656
оқылды

Сауда және интеграция министрлігіне қарасты «ҚазСтандарт» екі жаңа ұлттық стандарт әзірледі, олар: СТ РК ISO 14068-1 «Климаттың өзгеруін басқару. Таза нөлге көшу. 1-бөлім. Көміртектік бейтараптық» және СТ РК IWA 42 «Көміртек бейтараптылығы жөніндегі нұсқаулық».

«Бұл екі стандарт халықаралық ISO 14068-1:2023 және IWA 42:2022 стандарттарымен бірдей. Олардың қабылдануы Қазақстанның 2060 жылға дейін көміртектік бейтараптыққа қол жеткізу стратегиясында көзделген міндеттерді іске асырудағы маңызды кезең болды. Сондай-ақ бұл стандарттарды қабылдау Қазақстанның жаһандық климаттық саясаттағы рөлін күшейтеді. Олар шығарындыларды жауапты басқаруға және ғылыми негізделген климаттық шешімдерді енгізуге негіз қалайды», – делінген министрліктің хабарламасында.

Жаңа стандарттар экологиялық және талдама­лық ұйымдар, қоршаған ортаны мони­торингі­леудің ұлттық және өңірлік орталықтары, эко­логиялық қауымдастықтар үшін бірыңғай тәсіл­дер мен қағидаттарды белгілейді. Енді олар пар­никтік газдар шығарындыларын басқарудың негізгі аспектілерін қамтиды, бағалау мен азай­тудан бастап, қалдық шығарындыларды өтеп, кли­маттық есеп жүргізіп отырады.

Стандарттарды іске асырған соң еліміз ұлттық MRV (бақылау, есептілік және валидация) жүйесін халықаралық тәжірибелермен үйлес­тіруге; климаттық деректердің ашықтығы мен анықтығын арттыруға; қазақстандық компания­лардың халықаралық нарықтардағы бәсекеге қа­білеттілігін нығайтуға; өнеркәсіпте төмен көмір­текті технологиялар мен инновацияларды енгізуге ықпал етуге мүмкіндік алады.

Бұл стандарттар мүдделі тараптардың, ғылыми ұйымдар мен сараптамалық қауымдастықтардың қатысуымен әзірленген.

М. ТӨЛЕУ