Әйгерім – әлем таңдай қаққан қазақ опера­сы­ның әншісі. Операның ота­ны – Италияның ең ірі сахнасында әйгілі тенор Андреа Бочеллимен бірге ән шырқады, әр опера әртісіне арман болған «Ла-Скала» академиясында білім алған.
Әйгерім Алтынбек, опера әншісі: Марапатқа жетуді көздемедім
2,434
оқылды

СLIP халықаралық опера байқауында жеңіске жеткен алғашқы Орталық Азия өкілі де – өзі. Осындай жетістіктерінің қатары жуырда «Қазақстанның Еңбек сіңірген қай­рат­­кері» атағымен толық­ты. «Қайда жүрсем де операдағы образымды қайталап, жаттап жүремін» дейді Әйгерім Алтынбек. Өйткені сахнаға шыққанда шырқайтын әннен гөрі сомдайтын рөлдің жүгі басым. Операның өзгешелігі де – осы. Дауыс пен драманы, музыка мен эмоцияны бір арнаға тоғыс­­тыра­тын ең күрделі өнердің әлемін түсіну үшін Әйгерім Алтынбекпен сұхбаттасып, опера әншісінің ішкі жан дүниесіне үңілдік. 

– Әйгерім ханым, опера әлемінде жеткен жетістігіңіз аз емес. Атыңызды еліміз ғана емес, сонау Еуропа елі жақсы танып үлгерді. Осындай жетістікке жеткендегі әсер қандай? Операда мұндай дәрежеге жету қиын ба? 

– Мұны маңдайыма біткен бақ деп түсінемін. Бұл күнге же­туі­ме маған қолдауын аямаған әке-шешемнің, білгенін үйреткен ұстаздарымның еңбегі зор. Содан кейін ғана тоқтаусыз еңбектің нәтижесі дер едім. Қандай жетіс­тікке қол жеткізсеңіз де, ол ең­бек­­­пен келеді. «99 пайыз еңбек, 1 па­­­йызы ғана талант» деп ай­татын еді ұстазымыз. «Ла-Скала» академиясына арнайы дайын­далдым. Нәтижесінде, жаңа дүниелерді үйрендім. Сондықтан мұның барлығы еңбектің арқа­сында деп айтамын. Бірақ әр қадамым, әрекетім марапатқа қол жеткізуді көздеген емес.

Қазақ операсының аудиториясы қалыптасқан

– Әлемге әйгілі «Ла Скала» теат­рының академиясына түсу екінің біріне беріле бермейтін бақ қой. Мұндай бақытты бұрыннан армандадыңыз ба? Оған қалай жеттіңіз?

– Әрине, әйгілі академияда білім алу, әлем сахнасында өнер көрсету әр опера әншісінің ар­маны деп ойлаймын. Операның түп-тамыры Италиядан басталған. Тек Италия емес, Еуропаның бас­қа да мемлекеттерінде опера өте жоғары деңгейде дамыған. Сон­дық­тан опера әншісі ретінде әлем­нің ең керемет сахнасында, опера театрларында өнер көрсету, рөлдер сомдау – біздің арманы­мыз. Әрине, «Ла-Скала» театры­ның академиясына түсуді бұрын­нан армандадым. Үш жыл бұрын Италияға оқуға түстім. Бұл менің ғана жетістігім деп айта алмай­мын. Өйткені маған қазір әлеу­меттік желіде жас опера әншілері жазады. Бұрын «Ла-Скала» теат­рын тек кітаптан, видеодан ғана көретін едік. «Қазақ қызының бә­рімізге арман болған акаде­мияда және сол театрда өнер көрсетіп білім алғаны біз үшін үлкен жаңалық және үлкен мүмкіндік» деп жылы лебіздерін білдіріп жатты. 

– Қазір өнер кеңістігін алсақ, опера бағытындағы тыңдарманның қатары басқа өнер түрлерімен бір­дей емес. Кейде операны кенже қал­ған өнер деген пікір де айты­лады. Оған көзқарасыңыз қандай? 

– Операның да тыңдайтын аудиториясы бар. Мүмкін, опера ТМД мемлекеттерінде таныл­ма­ған шығар. Қазір Қазақстанның өзінде 3 қалада опера театры бар. Ал Еуропа мемлекеттеріне қа­расақ, әрбір қалада опера театрла­ры бар. Сол театрларда күнделікті спектакльдер, классикалық кон­церттер қойылып отырады. Қарап отырсақ, біздегі танымал эстрада жанрынан да кең танылған. Ме­нің мақсатым, іштегі арманым – әлемдегі операның деңгейін Қа­зақстанға жеткізу. Өйткені бізде операны көпшілік аса түсіне қой­­майды. Енді-енді дамып келе жа­тыр. Оған біршама уақыт ке­рек. Өйткені опера біздің қаны­мызда бар өнер түрі емес. Еуро­падан келген өнер түрі бол­­ған­дықтан, кешеуілдеп жатыр. Қазақ жырды, домбыраны қалай жақсы көрсе, Еуропада, алыс кетпей-ақ қояйын, Италияда операны өзде­рінің ұлттық өнері деп қабылдай­ды. Десе де, операны қазақ дала­сында кенже қалған өнер деген пікірге келіспеймін. 

– Осы пікірді, операға тыңдар­ман көзқарасы туралы ойыңызды тереңдете айтыңызшы.

– Италия операның отаны бол­ғандықтан, деңгейі, әрине, жо­ғары. Халқы барлық операны жатқа біледі. Әр нотасын, әр сөзін жаттап алған. Өйткені халқының қанында бар. Мәселен, бұл жерде бірінші опера 16 ғасырда жазылды ғой. Ал Қазақстанға операның келгеніне, тіпті бір ғасыр да емес, 80-ақ жыл болды. Сондықтан отан­дық операны әлемде салыс­тыруға келмейді. Қазір өзімізде жазылған қаншама опералық шығарма бар: «Біржан-Сара», «Қыз Жібек», «Хан Сұлтан. Алтын Орда», қазір қойылып жүрген «Алпамыс» операсы.

Қазақстандағы операның дең­гейін салыстыруға келсек, бірін­шіден еліміз өте жас мемлекет, тәуелсіздігімізді алғанымызға аз уақыт болды ғой. Сондықтан оны бірден биік деңгейге шығарамыз деп көсілудің қажеті жоқ. Опе­ра­ның да гүлденетін өз уақыты келеді. Қазір өзіміздің күшіміз, әліміз жеткенше тырысып жа­тырмыз. 

Халық әндерін операға бейімдеп жүрмін

– Италияда жүріп, төрт қалада Пуччинидің «Богема» операсында Мими әншінің рөлін сомдадыңыз. Негізі, операда кейіпкерлерді ашу­дың ерекшелігі неде? Сол образды қалай ашуға болады?

– Пуччинидің «Богема» опе­расы – лирикалық махаббатқа толы опералардың бірі. Басты рөлдердің бірі – Мимидің рөлі. Рөлге ену үшін, ең алдымен, опе­раның либреттосын оқып, жат­таймыз. Вокалдық тұрғыда да­уыс жаттығуларымен, жо­­­­­ғары-төмен нотамен, фразалармен жұмыс істеп болғаннан кейін ғана образ­бен жұмыс істеуге кірісеміз. Өйт­кені сахнада рөлді сомдағанда, техниканы, жоғарғы ноталарды ойлауға көңіл бөле алмаймыз, себебі тек образ­бен жұмыс істей­міз. Мен үшін маңызды қағида – кез келген рөлді бойыма сіңіру үшін көп­теген материал оқимын, көп әншіні тыңдаймын. Әсіресе, ком­позитордың дәл сол операны жаз­ған кездегі мақсаты мен ойы­на мән беремін. Операдағы ең ма­ңызды сюжеттер, сценаларға да кө­ңіл аударуға тырысамын. Сон­дық­тан қайда жүрсем де, сол образ ойым­да жүреді.

Италияда жүргенімде көпте­ген коучпен жұмыс істедім. Со­лардан кеңес алуға, шеберлік сабағына қатысуға тырыстым. Сон­дықтан маған образға ену жа­ғы жеңілірек. Тек образды бой­ға сіңіруге біраз уақыт керек. Опе­раны жаттап, бір айдың ішін­де айта алмаймыз. Оны жарты жыл, не бір жыл бұрын дайындап, сонымен бірге оянып, сонымен бірге ұйықтаймыз.

– Парақшаңызда Абайдың «Ғашықтың құмарлықпен ол екі жол» әнін айтқаныңызды көзіміз шалып қалды. Кез келген әнді операға бейімдеп айтуға бола ма? Көбіне сахнаға қандай туындыны алып шығасыз? 

– Абайдың шығармаларына қазақ композиторлары көптеген му­зыка жазған. Өзінің де  класси­ка­лық өңдеуден өткен қаншама әні бар? Одан бөлек, қазақ халық әндерінің ішінде біз білмейтіндер қаншама? Ары кетсе, он шақтысы ғана белгілі. Музыкалық тұрғыда өңдеуге зәру ауызекі әндер жеткі­лікті. Олар шетелдік романс­тар­­дан, халық әндерінен асып түс­пе­се, кем емес. Сондықтан қазір мұ­нымен, яғни халық әндеріне опера сах­насына бейімдеумен ерекше жүмыс істеп жатырмын. Қолым­нан кел­генше халық әнде­рін тың­дар­манға ұсыну мақ­са­тында жұмыс істеумен айналысып жүрмін. Ал­дағы уақытта тек біз бі­­­­летін ро­манс­тар мен халық ән­де­рі  емес, жаңаша да халық әндері халыққа жол тар­тады деген сенім­демін. Нақты жоспарлар да бар. 

– Кеше ғана опера әлемінде әйгілі тенор Андреа Бочеллимен бір сахнада өнер көрсеттіңіз. Білуі­мізше, бұл алғашқы дуэт емес. Сахнаға қандай шығарманы алып шықтыңыздар?

– Бұл – Андреа Бочеллимен үшінші концертім. Биыл маусым айында Италияның Неаполи қаласында, Помпей сахнасында екі концертіміз өтті. Бочеллимен керемет дуэттер орындадық. Ал Алматыда бірге өнер көрсету ту­ралы ұсыныс маестроның жа­ғы­нан болды. Ұсынысты бірден қабыл алдым. Концерт жоғары дең­гейде өтті деп ойлаймын. Өйт­кені әлемге танымал өнерпаздар опера болсын, нео-классика бол­сын, эстарада жанрында болсын өнер көрсетіп жатса, біздің эко­но­микамыз үшін, қазақтың өне­рінің жарнамасы үшін керемет деңгей.

Бочеллимен бір сахнада өнер көрсеткеніме өте қуаныштымын. Алдағы уақытта да керемет кон­церт­тер болады деген ойдамын. Алматыдағы кеште бірқатар туындыны орындадық. Мәселен, Джакомо Пуччинидің «Джанни Скикки» операсынан O mio babbino caro ариясын жеке орында­дым. Ал маестромен «Богема» операсын Родольфо мен Мимидің ариясын, екінші Джузеппе Вер­дидің «Травиата» операсындағы әйгілі «Бриндизи»  тостты орын­да­дық. Бұлар бірінші акттің қо­рытынды дуэті болды. Олар ең жарқын шығарма болғандықтан, тыңдарман өте жылы қабылдады. Әлі күнге дейін маған толассыз құттықтаулар, хаттар келіп жатыр. Өте қуаныштымын. Қазақ­стан­ның аты опера жанрынан осылай кеңге таралып, әлемдік деңгейге шығып жатса,  ғажап қой! Соған менің кішкентай болса да септігім тисе, өте қуаныштымын. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ