Дінмұхамед Қараман, жартылай қорғаушы: Ұлттық құрамада ойнау – мәртебе

Жақында ұлттық құрама «Астана-Аренада» Бельгия құрамасымен кездеседі. Сол аралықта жас талант Дінмұхамед Қараманды әңгімеге тартып, оның мансап жолына үңілдік.

«Оле Бразил» жобасының түлегі қазір «Жеңіс» сапында жасындай жарқырап жүр. Ұлттық құрамада дебют жасап, гол соққаны тағы бар. Оның айтуынша, клубтың жекеменшікке өткені инфрақұрылымды жақсартып, академия соғып, жас буын тәрбиелеуге ықпал етеді. 

– Дінмұхамед, «дядя Ваня» сені қалай тауып алды, сол туралы айтып бересің бе? 

– Жалпы, отбасым спортқа жақын. Ата-анам футбол, хоккей, бокс бәсекесін жібермей тама­шалайды. Мені футболға әкелген – ағам. Өзі футбол секциясына барғанда, мені жанына ертіп жүре­тін. Әкем де ұлдарының қалауын қуаттап, жаттығудан қалдырған емес. Алғашқы бапкерім Мәлік Мүбәракұлы ағама да, маған да тәлім берді. Артынша өзім де қызығып, қалай аңсарым ауғанын байқамай қалдым. Бірақ өз жасы­ма сай емес, 1995 жылы туған балалар тобында болдым. Бір жыл Мәлік Кургулиннің қарамағында доп тепкен соң, атақты «дядя Ваня» мені көріп, өзіне тартып, құрдас­тарыма қосты. Сонда 6 жастамын. Таразда балалар футболының фундаментін қалап жүрген Иван Ильницкий маған да бар білгенін үйретті. Қалай пас беру керегін, қалай коман­даласыңа қолғабыс ету қажетін үйретті. Әлеуметтік желіде ағай туралы жазылғанның бәрі рас. Ол кісі – жанкешті адам. Аудан­дарды аралап жүріп, балаларды жинап, талантын танитын. Артын­ша ата-анасына хабарласып, «ұлыңыз­ды футболға беріңіз, өкінбейсіз» деп көндіретін. Керек десеңіз, микроавтобус жалдап, балаларды үйінен алып кетіп, жаттығу біткен соң тарқататын. Осынша жағдай жасап, жанын берген жұмыстан қалай нәтиже шық­пасын?! Ол кісі қазақ футболы­на Бауыржан Исламхан, Бақтиер Зайнутдинов, Дәурен Жұмат, Әрсен Әшірбек, Мұхамеджан Сейсен, Ғалымжан Кенжебек дейтін жігіт­терді тарту етті. Таразды қазақ футболының Бразилиясы дейтіні де содан. Біз бір-бірімізді демеуге, қолдауға дайынбыз. «Дядя Ваня­мен» де жиі бас қосып, алғысымызды айтамыз. Оған қоса, осы бапкерден тәлім ала жүріп, «Оле Бразил» жобасына қатысқаным бар. 

– Расымен, «Оле Бразил» бағ­дар­ламасы туралы кеңінен көсілсең. Өйткені кезінде осы жобаға мін таққандар жетерлік. 

– «Дядя Ваняның» тобында ой­нап жүргенде, ойда-жоқта жарақат алып, екі жыл алаңға шықпадым. Дәрігерлер шектеу қойған соң, оқуыма көңіл бөліп, ары қарай жылжыдым. Сөйтіп, 2014 жылы «Оле Бразил» жобасына қатыстым. Қалай болды десеңіз, 2000 жылғы балалар арасында «Арман» атты футбол турнирі өтті. Сол турнирде үздік ойыншы атанған соң, Алма­тыға шақырды. Мен ғана емес, 50-60 адам іріктеуге жиналды. Үш этаптан тұратын іріктеуден өтіп, 26 бала Бразилияға аттандық. Жаны­мыз­ға бір бапкер мен аудармашыны қосып берді. Осылайша, 2014-2017 жылдары Бразилиядағы «Крузейро» академиясында тәлім алдық. Біл­сеңіздер, қазір сол академияны атақты Роналдо басқарады. Жүйе­сіне келсек, 9 ай сонда оқып, елге 2 айға демалысқа келеміз. Сабақ оқимыз, футбол теориясы мен практикасын өтеміз, жаттығу жасаймыз. Аптасына үш рет тіл үйретті. Айтпақшы, сол жерде үйренген португал тілі қазір де кәдеме жарап жүр. Қателеспесем, Бразилияда жүрген алғашқы жылы денсаулығына байланысты кей жігіттер елге қайтып кетті. Балалар футболы болған соң, басты мақсатымыз тәжірибе жинап толысу еді. Бұл жоба туралы хейт болғанын жақсы білемін. Жоба үш рет іске асты. Әр жас аралығы бойынша мықты 2-3 футболшы шыққаны рас. Өйткені барған 50 баланың бәрі бірдей жарқырауы мүмкін емес. Бізбен бірге академия­да тәлім алған Бикальо қазір «Қарабақ» сапында ойнап жүр. «Реал Мадридтегі» Винисиус та 2014-2016 жылы сол чемпионатта доп тепті. Қатарластарымнан Қара­ғандыда доп теуіп жүрген Дмитрий Бачек, Жетісудан – Нұрбол Нұрберген, Алматы облысынан – Рустам Эмиров, Ақтөбеден Дамир Жанбаев бар. Әсіресе, Дмитрий Бачектің талантына таңдай қағатын­быз. Әттеген-айы, 3 жылдан соң елге оралып, әр бала өз клубына кетті. Ал 1997 жылғы Бразилияға барған балалар тобынан «Бәйтерек» командасын құрып, мүмкіндік бер­гені есімізде. Олар өздерін таныта алды. Бізге екінші не бірінші лига­дан орын беріп, клуб құрғанда, біз де біразға барар ек...

Иә, балалар футболынан кәсіби футболға өту кезеңі қиын. Бірінші­ден, өзіңе сенсең, шыңдалсаң, барынша еңбек етсең, жемісін жейсің. Жасөспірімдерге айтарым, ата-ананың айтқанын тыңдап, бапкердің дегенін орындаған абзал. Зиянды әрекеттен бойыңды аулақ ұстап, дисциплинамен достасқан дұрыс. 

– «Тараз», «Ақсу», «Жетісудағы» жыл­дарыңа оралайықшы. Неге ке­йінгі екі клубта жұлдызың аса жар­қырамады? 

– Бразилиядан келген соң, 2017 жылы қыста «Тараздың» дубль-құрамымен келісімшартқа қол қойдым. Сонда төрт матч өткізіп, Ваит Талгаев мені бірінші лигаға тартып, сол жылы екінші орын алып, Премьер-лигаға шықтық. 2019 жылы Премьер-лигада дебют жасап, «Астана» клубын 2:0 есебімен ұттық. Аталған жылы он матч өткіздім. Сөйтіп, 2022 жылға дейін «Таразда» доп тептім. Бірнеше бапкердің мектебінен өттім. Әр бапкер маған өзінше тәлім берді. «Тараздан» кейін өзімді сынап көру үшін «Ақсуға» ауыстым. Білесіз, сол жылы клубқа қиын болды. Бірінші лигаға түсіп қалдық. Артынша клуб жабылып қалды. Бұдан кейін «Жетісудан» ұсыныс түсті. Сонда Қайрат Жұма­бек­ұлы бас бапкер еді. Ол кісімен жастар құрамасында жұмыс істеген­мін. Аталған бапкер шақырып, бірге алға қадам баса­тынымызды айтты. Расымен, бұл маман мені жақсы танитын, қай позицияда ойнай­тынымды, қалай қабілетімді шыңдау керегін білді. Сондықтан жақсы тәжірибе жинадым. Бастысы, маған сенім артып, ақыл-кеңесін беріп, арқам­нан қақты. Футболшы үшін бұл керемет сезім. Арқаңа қанат біт­кендей болады. Сол жыл мансабым­дағы ерекше жылдың бірі болып қалды. 

– Ал «Жеңіс» сенің екінші тыны­сыңды ашқандай? Бұл бапкердің ық­палы ма, әлде командадағы бір­ліктің белгісі ме? 

– Дұрыс айтасыз, «Жеңіс» менің екін­ші тынысымды ашты. Бастап­қыда «Оқжетпес» пен «Жеңістен» қатар ұсыныс түсті. Клубтан ха­барласып, «сені құрамның бір бөлігі ретінде көреміз, алдымызға қойған мынадай мақсатымыз бар» деді. Содан кейін әке-шешеммен, ағаммен ақылдасып, «Жеңіске» ауысуға шешім қабылдадым. Қа­телеспеппін, клуб та, бапкер мен командаластарым да маған сенім арт­ты. «Жеңістегі» алғашқы бап­керім Акис Вавалис болды. Дисциплинаға қатты көңіл бөлетін бапкер еді, көп нәрсе үйрендік. Одан кейін келген Андрей Деме­ченко – өзіндік тактикасы, ойы бар, батыл бапкер. Жаттығудағы амал-айласы да бөлек. Бізге ешқашан «допты алға қарай тебе беріңдер» демейді. Өзіңіз көргендей, пас беру арқылы ойынды өрбітеміз. Ақыл-кеңес бергенде де «қорықпай ойнаңдар, көшбасшы клуб па, бізден төмен тұрған команда ма бәрі бірдей, өз футболыңды ойда» дейді. Оған қоса, Демеченко жаттығудың бірінші күні жаныма келіп, «неге көңіл күйің жоқ, көп сөйлемейсің?» деп, футболда алға қойған мақса­тымды сұраған. Сол сәтте ішім жы­лып, бұл бапкермен біразға бара­тынымызды сезгендеймін. 

– Жалпы, сенің «Жеңістегі» жеңісті кезеңіңе қол соққандар же­тер­лік. Әрі соған қарап спорт жур­налистері «Қараманды неге ұлттық құрамаға қоспайды?» деп жатты. Шақырту алғанда қандай көңіл күйде болдың? 

– Иә, ұлттық құрамаға қатар­дағы футболшыны шақырмайды. Бұдан бұрын құрамаға шақырмаса, демек әлі толыспағаным. Жалпы, ұлттық құрамада өнер көрсету – кез келген ойыншының арманы. Мен де бала кезден осы күнді күттім, армандадым, елестеттім. Биыл қаңтарда «Жеңіс» клубының электронды поштасына құраманың кеңейтілген тізіміне іліккенім туралы хат келген. Мұны клуб басшылығы хабарлады. Сөй­тіп, Түркиядағы оқу-жаттығу жиы­нына бардым. Әуелде кеңейтілген тізімге енгеніммен, қысқа тізімде аты-жөнім жоқ-ты. Бірақ соның өзінде марқайып қалдым. Ал Бель­гиямен кездесуге шақырту алға­нымда сенер-сенбесімді білмедім. Алдымен ата-анам қоңырау шалып, құттықтады. «Жеңістегі» жігіттер­мен мәре-сәре болдық. Көк ту ас­тын­да доп тебу – мен үшін мәртебе. Бельгиямен ойында үлкен тәжірибе жинадық. Олардың ойын мәнері, өзін-өзі ұстауы, алаңдағы жылдам пас алмасуы ерекше әсер қалдырды. 

– Сөйтіп, екінші кездесуде гол соқтың да, матч жұлдызына айналып шыға келдің. Сонымен, бұдан былай да Қараман ұлттық құрама қаһар­манына айналу үшін не істеуі керек? 

– Бельгиямен кездесуге – Әли Әлиұлы, Солтүстік Македониямен матчқа Талғат Маруанұлы баптады. Бірі мені қосалқы құрамға қосты, бірі негізгі құрамда алаңға шығарды. Біріншіден, маған сенім артқаны үшін алғыс айтамын. Солтүстік Македония алаңына 35 мың жан­күйер жиналды. Сонша адамның арасында Әлімжан Асқар бастаған журналистер аты-жөнімізді қазақша хабарлап, төбемізді көкке жеткізді. Расымен, сол сәттегі рухты, ішкі толқынысты сөзбен жеткізу мүмкін емес. Кәдімгідей күш берді. Ішкі динамикамызды ұстап тұруға ты­рыс­тық. Сөйтіп, теледидар алдында қарап отырған әрбір қазақ үшін жанымызды салып ойнауға бел будық. Әли Әлиұлының тұсында да жігіттер бір-бірін қуаттайтын. Ал Талғат Маруанұлы келген соң, киіну бөлмесіндегі аура бұрынғыдан түр­леніп сала берді. Ол кісінің ерекше­лігі, әрбірімен жеке сөйлесіп, мо­ти­вация береді, ақыл-кеңесін ай­тады. 

Негізі, Солтүстік Македонияға гол соғатын кезде қақпаны көрген жоқпын. Тек тұрған позициямда қайшылап тебу мүмкіндігі туды. Тәуекелге барып, соққы бағыт­тадым. Алғашында доптың бағытын анық көрмеген соң, гол соққаныма сенбедім. Қасымдағы командалас­тарым «гоол!» деп қуанған сәтте барып, есімді жидым. Көрген түстей болды. Сырт алаңда соққан голдың жөні бөлек. Ал бұл дебюттік гол екенін ескерсек, төбең көкке жет­кен­дей болады. Бәрі ысқырып, қолдап жатты. Жанкүйерлерге алғысым шексіз. Айтқаныңыздай, қаһарман болу үшін қыруар жұмыс істеп, үлес қосу керек. Бұл – менің емес, барша команданың арқасында жеткен жетістігім. Сол үшін мені қаһарманға теңеуге әлі ерте. Өзім Бауыржан Исламханға еліктеп өстім. Сол сияқты қазақ футболында өз сүрлеуімді салып, реті келсе, Еуропада өнер көрсетсем деймін. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ